Қалдыбайдан қалған сөз
Тобықтының атақты биі Өскенбайдың Орта жүздің баласын жинаған дүбірлі думан болғаны белгілі. Баласы Құнанбайдың атын шығарып, кейін аға сұлтандық орынға таласуына серпін берген тегіршектің бірі осы десек, шындыққа шет болмаспыз.
Өскенбай дүние салғанда қым-қуыт тіршіліктің әлдебір себептерімен Алшекең Құнанбайға барып көңіл айта алмапты. Содан жылдың жүзі айналып, жер аяғы кеңіген соң би жанына Қалдыбай ақынды ертіп, құдасының еліне барады, марқұмға бата жасап, орнына құран оқымақ болады.
Жайлауға көшіп, ел арасы шалғайланып кеткенде атқа қонған би жолда бірнеше күн ерулеп, Құнанбай ауылына кештетіп жетеді. Меймандар ата жөнімен көңіл айтып, амандық-саулық сұрасып, жайғасып отырады. Қонақасы дайын болғанша Құнекең Қалдыбайға: «Әй, сарт, өлең айт» деп, қажай беріпті. Оған мызғымаған ақынға:
– Ақ құрлар, қара құрлар, құрлар, құрлар,
Мылтықтың алты қырлы оғы зырлар.
Күн көрген мұсылманға өлім тілеп,
Дүняда қожа менен молда сұм бар, – деп ашық тиісіпті. Сонда Қалдекең:
– Ақ құрлар, қара құрлар, құрлар, құрлар,
Мылтықтың алты қырлы оғы зырлар.
Арыстандай әкеңді аш қалдырып,
Не бетіңмен сөйлейсің, соқыр мұндар? – деген екен. Өз төрінің алдында етбетінен түскен Құнекең: «Менің естиін дегенім осы еді ғой» деп, ауылдағы ақсақал-қарасақал жақындарының бетіне қарапты.
***
Бір жылы Алшынбай бидің санына «сом» деген жара шығып, қатты бейнет шегеді. Атқа міне алмай, қимыл-қозғалысы қиындап, үйде жатып қалады. Осы тұста алыс сапарға жолаушылап кеткен Қалдыбай ақын дер кезінде құрдасының көңілін сұрап келе алмапты. Бетіне шіркеу түскен Қалдекең арада біраз уақыт өткен соң ғана бидің ауылына ат басын тірейді. Жолшыбай кездескен адамдардан Алшекеңнің денсаулық жайын сұрап, жарасы жарылып, аурудан айығып келе жатқанын біледі. Сонда да болса бидің ордасына қарай баспалап келіп, елеусіздеу ғана аттан түсіп жатады. Әйткенмен, от ауызды, орақ тілді ақынның жүрген-тұрғаны көпшіліктің назарынан тыс қалсын ба, сырттағы бала-шаға, келін-кепшік: «Қалдекең келді, атын кермеге байлап жатыр», – деп үйге хабар береді. Би бәйбішесіне:
– Ана қызылкөз келді. Тез төсек сала ғой. Соңғы күндері тәуір сияқты еді, кешеден бері науқасы қайта дендеп кетті деп айтарсың, – дейді. Қалдекең атын байлап, дәретін шалып, «Ассалаумағалайкум» деп сәлем беріп кіріп келеді. Үй ішінде күйбеңдеген бәйбіше қонаққа қабақ бермей, бидің айтқанын қайталап, шаруасымен бола береді. Сәлем алмай, қырыстанып, ыңқылдап жатқан досының «мүшкіл» халін көріп, шынымен шошып қалған ақын баяулап жақындап, үнсіз қалады. Өзін іштей мүжіп, жабырқап отырған ақынның жағдайын көрген Алшекең көзін сығырайта ашып:
– Қаңғыбасым-ай, келдің бе? Аузының желі, қолының емі бар текті атаның ұлы едің, науқасымның беті қалай? Көрші, – деп қолын ұсынып, тамырын ұстатады.
Өзінің келгенін бағанадан бері біліп, әдейі қиястанып жатқан құрдасының қылығын жазбай таныған Қалдыбай ақын Алшынбайға қарап:
– Сом алтын түйіп өстің етегіңе,
Талай жанды жүргіздің жетегіңе.
Жеген параң басыңнан асып кетіп,
Қара сүйел шығыпты көтеніңе, –
депті табан астында.
Досының ұтқыр сөз, ұтымды қалжыңына дән риза болып, риясыз пейілмен құшақ жайған Алшекең төсегінен тұрып, қысырдың тайын сойғызып, Қалдыекеңді бір апта қонақ етіпті.
***
Қу болысына қарасты жұртты жатқызып-тұрғызған Баймұрынның ұлы, әйгілі Қоянды жәрмеңкесінің тізгінін ұстаған Хасеннің әкесі Ақай да заманында ел билігіне араласып, топқа кірген жан болыпты. Осы Ақай болыс боп тұрған шағында ел ішінің дау-шарын шешемін деп саны аз, момын ата Жәнібектің ішіне барып, табан аудармай екі ай жатады. Сойыс пен саба шығыны көп сияздың ауыртпалығы Жәнібекке оңай соқпаса керек. Оның үстіне нөкері нөпір, қонағы көп болыс қолында билік барын танытпақ болып, әділдіктің ала жібінен аттап, көп дау-дамайға теріс кесім жасайды. Кінәсі мен күнәсі дәлелдене тұрса да барымташы, ұры ұстайтын біраз байларды жазадан босатып жібереді. Мол ақша, мал бергендерге бүйрегі бұра береді.
Әңгіме болып отырған сиязға әлдебір себептермен Қалдыбай ақын да барып қалады. Кезекті бір мәжілістен кейін семіз түстік жеп, сары қымызбен шөл басып отырған бай-бағлан, атқамінерлердің арасында Ақай болыс өз-өзінен күпініп, дау-дамайды дұрыс шешкенін айтып, мақтанады. Осыны естіген, бұған дейін-ақ Ақайдың басбұзарлығын біліп жүрген Қалдыбай ақын:
– Тілейміз бір Алладан біз де несіп,
Қаламыз өлгеннен соң қоңыз жесіп.
Құлағын Қалдыбайдың жан кескен жоқ,
Ала ма Ақай болыс тілді кесіп?
Кім қатты? Бұл дүниеде Ақай қатты!
Сиязбен Жәнібекте екі ай жатты.
Қойны-қонышын параға толтырып ап,
Бір құдайдан басқаның бәрін сатты, –
деген екен. Бұл сөзге қатты шамданған болысекең Қалдыбай қожаның астындағы атын тартып алып, өзін сабап, жиыннан қуып жібереді. Әйткенмен, өлең сөздің уыты күшті емес пе, ақынның айтқаны бүкіл Бауыр – Бошан еліне жайылып, Ақайдың абыройын айрандай төккен көрінеді.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ