Жалған мен жалғыздық жыршысы
Оралхан Бөкей – қазақ сөз өнеріне емеурінге толы ырғақты, сентиментализммен астарласып жатқан романтикалық сарынды әкелген, психологиялық ой ағымына құрылған лирикалық желіні көркем жүйе ретінде ұстанып, шығармалары арқылы мүлдем тосын көркем әлемді қалыптастырған жаңа тұрпатты (новатор) жазушы. Көркем шығармадағы кеңістік пен уақыт категориясын табиғи тұрғыда емін-еркін алмастыра пайдаланып, соны көркем ырғақ пен емеурінге ұйытқан, сол арқылы шығармаларына заманауилық әрі замандық сыпат берген, сонымен қатар өзі өмір сүрген уақыттың көңіл-күйін кешегі заманның ауанымен әлдилеген, екі дүниені тең екшеп, екіұшты сезім арқылы қиялыңды тербеп, ойыңды баураған, қалайда, көңіліңе мазасыздық әкелетін көркем жүйе – оның басты шығармашылық ұстанымы болды. Заман ығына жығылмай, тасада ықтамай, ықтасыннан атып шығып, оқыстан кеудесін желге төсеп тұра қалатын, оқыстан ағысқа қарсы жүзетін, оқыстан сең мен көшкінге қарай ұмтылатын мінезді кейіпкерлер әлемі оның өзінің де жазушылық мінезін танытатын.
Оралхан Бөкейдің бас асауы басылмаған өр мінезі, үнемі бұлқынысты қимыл жағдайында бейнеленген көркем әлемі, тылсымы мен тынысын ішінде ұстап, булығып, қиялданып жүретін көркем кейіпкерлері ақыры оны жан «Айқайына» алып келді. Жазушының заман сарынын, көркем түйсігі мен уақыт шындығын «көкірек көзімен» (Абай) көре білгені сондай, «Айқай» мен «Атау-кере» хикаяттарындағы бостандық рухы еркін елдің тізгінін ұстауға ұласты. Үнемі булығып, жан бостандығы мен бас бостандығына аңсайтын Ақпан («Мұзтау»), Нұржан («Қар қызы»), Тасжан («Мынау аппақ дүние»), Ақан («Бәрі де майдан»), Тасжан («Жетім бота»), Таған («Атау-кере»), Оспан («Өз отыңды өшірме...») бейнелерінің басты аңсары да рухани тәуелсіздік болатын.
Жазушының шығармаларындағы осынау бір үзілмейтін аңсардың астарын өз ортасы да, шетелдік әдеби қауым да, оқырман да үнсіз түсінді. Сондықтан да болар, Оралхан Бөкей, өз тұсындағы қазақ қаламгерлерінің ішіндегі шығармалары шет тіліне ең көп аударылған әрі сол тұстағы әдеби аңсарға өзінше бағдар берген нысаналы жазушы болды. Оның шығармашылық өмірбаянының басталғанына жарты ғасыр, дүниеден озғанына жиырма жыл өтсе де, қазақ әдебиетінде сол аңсардың орынын толтырған құбылысты көркем әлем әлі нышан танытқан жоқ. Мүмкін, ол әлем, жазушының мынау «аппақ дүниедегі» өз орыны сияқты ойсырап тұруы да мүмкін. Сонысымен де Оралхан аяулы, сонысымен де Оралхан сөз өнеріндегі жасынның суымен суарылған құдіретті талант иесі болып қала береді.
Таланттың қыры мен сыны, сыры мен сымбаты, яғни, дүниені көркем қабылдау әсерінің қалыптасуы, көркем пайымдауы (көзқарасы), көркем бейнелеуі – суреткерлік мінез арқылы танылады. Оралханның өзі де, шығармалары да мінезді еді. Өзінің кіді мінезі әкеге тартса да, оның көркем шығармаларының мінезі – табиғатынан егіліп туған есіл сөздің иесі Күлия анасының жандүниесімен жалғасып жататын. Егіліп, есіліп, шалықтап, шарықтап, қиял мен қиялидың арасында өзі айтқандай «ләухи» боп өмір сүрген, сағымдай мұнарланған кейіпкерлердің толғанысы – күліп отырып жылап жіберетін, жылап отырып күліп жіберетін, озан дауысты, мұңлы сарынды Күлия шешесінің ағынан жарылған ағысты әлдиінің әуенін еске салатын. Тіпті оның үлкен әдебиеттегі мінезі де өзінің талант тұсауын кескен, Семейдегі шығыс өңірі жас жазушыларының семинарына көркемдік жетекші болып келіп, ешкімге белгісіз Оралхан Бөкеев атты бұла жігіттің талантын әуелете асқақтатып, «Ғайни» деген шағын әңгімесін «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған Сәкен серіге (Жүнісовке) ұқсап кететін бас асау тұстары аз емес еді. Сол шағын шығарма «Шұғыла» мен «Сарыарқаның жаңбырының» жолын ашты. Ол сол үш әңгімесімен әдебиетке екпіндеп кірді де, қашан көзі жұмылғанша арыны басылған жоқ.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ