Ермұхамед (Елікей) Қасымов
Бабажан қырғыны кезінде Хиуаға, одан Ресей жағына өтіп, елді алатайдай бүлдіріп жүрген белсенді сұлтандардың бірі – Ермұхамед (Елікей) Қасымов.
Хиуа қызметінде жүрген сұлтан Елікей Жанқожаға бірде орыстарға шабалық, бірде орыстарға салық төлеме, бері өт деп хат жазады. Бұл жайттан хабардар болып отырған орыстар едәуір дүрлігеді, Елікейді көзден таса етпей мықтап бақылауға алады.
Қазақтардың ішкі ауанын барлап қайтуға жіберілген губерния хатшысы Житков 1847 жылы Хиуаның ықпалындағы сұлтан Елікей Қасымов бергі беттегі 1000 үй төртқаралар мен шөмекейлерді арғы бетке алып кетуге азғырып жүр деп мәлім етеді. Сұлтанның сөзіне еліккен шөмекейлердің бірсыпырасы сол жылы әрі өткенмен келесі жылы бергі бетке қайта ошарыла көшіп келген.
1849 жылдың жазында Хиуа ханы Елікейді өзіне шақырып алып, Бұқармен арақатынаста алаяқтық жасағаны үшін бүкіл отбасымен тұтқындайды.
ХІХ ғасырдағы орыс әкімшілігінің бұлтартпас түпкі саясаты Орта Азияны жаулап алуды аяқтау болатын. Оған жетудің жалғыз жолы қазақ жері. Қаншама саяси айла-шаралар жүргізгенмен әскер бекінбей мақсат жүзеге аспайтындығы тағы белгілі. Орыстар қазақ шоғырланған жерлерге бекіністер салып, бірте-бірте ішкерілей берді.
Ол мүдде көп шығынсыз тиянақты орындалуы үшін алдын ала қазақ жеріне дүркін-дүркін әр түрлі барлау экспедициялары аттандырылды. Экспедициялардың сырты бейбіт, момақан, дос іздеп жүр, бауырға тартады, ал олардың әрқайсысына нақты міндет – саяси ахуалды, күш-қуатты, елдің бірлігін білу, өздері жағына кісілер тарту, болашақ әскер жүретін жолдарды анықтау («...снять на бумагу земли»).
Сол барлаудың бірі 1845 жылдың жазында штабс-капитан Рыльцов бастаған 40 казак, 3 урядник, 2 аудармашы, 2 қазақ жолбасшыдан құралған Мұғаджар тауы аймағын картаға түсіруге шыққан әскери топографтар отряды. Отрядқа жүктелген нақты міндеттердің негізгілері – құпия жағдайда Кенесарының туыстары, жанында жүрген рулар, олардың қанша екендігін анықтау, адамдарды өздеріне тарту (осы мақсатқа 45 рубль бөлініп, қазақтарға сый-сияпат ретінде жұмсалған – М.Қ.), Хиуаның өзі де ұнатпайтын Жанқожа мен Кенесарының араларындағы дүрдараздық немен бітті, ханның Бұқара, Хиуамен қатынасы қалай, Кенесары қарсыластарының бастарын біріктіруге тырысу, тағысын тағы.
Орскіден (Жаманқала) 1845 жылдың 3 наурызында шыққан отряд қазақ жерінде 3 маусымға дейін мағлұмат жинады. Отряд мүшелері кездескен қазақтарды қонаққа шақырып, сый-сияпат беріп, ауыздарын аңқитып өздеріне керекті мағлұматтарын алған.
Осы экспедицияның жұмысы туралы қазақша білетін шенеунік коллежский регистратор Намчинов әкімшілікке тапсырған есебінде былай деп атап көрсеткен: «Кроме отделения киргизов чиклинского р. как то: джакаимовцы, куттуковцы, джулшаринцы и другие, есть приверженцы Джанходжи Нур-Мухаметова, все они по возможности уклоняются от влияния на них Кенесары и если некоторые из них кочуют совместно с ним находят над категорию его приверженцев, то это лишь из страха и беззащитности, но ничуть не из преданности и уважения». (КРОММ. №4 қор, №1 тізбе. 2346 іс, 375 бума, 20-бет).
Шенеуніктің бөліп көрсетуі бойынша, төртқаралар мен шөмекейлер де Кенесарыны қолдамайды.
Ол тағы да былай деп ерекше атап көрсетеді: «Киргизы чиклинского и джакаимского отделения с особенными уважением и преданностью отзываются об однородце своем би куттукова отделения Джан-Ходже Нур-Мухаметове, который в настоящее время прикочевал к Кзыл-Кабаку. Известная вражда его с Кенисарием оканчивается. Кенисары писал к Джан-Ходже примирительное письмо и он ответил ему на него согласием. Не боязнь и не собственное желание побудило Джанходжу примириться с Кенисарием, на которых Кенисары в особенности простирал свои нападения...» (Сонда. 21-бет).
Бейтарап шенеуніктің қызмет бабымен жазған бұл есебінен мына жайттарға көз жеткіземіз:
Шектілер батырды қорғаныш тұтып, оны жоғары бағалайды;
Кенесары өзіне бағынбағандарды шабады. Олар іштерін бермей, амалсыз бірге қонысты болып отыр;
Жанқожаға қараған ел Мұғаджар жаққа – Қызылқабаққа Бабажан бекінісі талқандалғаннан кейін көшіп келген;
Кенесары мен Жанқожаның араларындағы Фатимаға байланысты ағайынаралық дүрдараздықты орыстарға дейін біліп отыр. Олар батырды Кенесарыға қарсы қойып, осы араздықты өз мүдделеріне пайдаланғылары келеді;
Кенесары кейін «айып бізден болды» деген мағынада Жанқожаға кешірім хат жазған. Батыр оны кешірген. Кілемжайғанбопайда отырған Кенесарыға сәлемдесуге содан кейін ғана барған.
Халық жадында таңбаланып, ауызекі айтылып жүретін кейбір оқиғалардың қағаз жүзінде де тайға таңба басқандай ап-анық дәлелденетіні бар. Сондай жайттардың бірі – осы Бабажан қырғыны.
Бұрын Мәскеу, Ташкент мұрағаттарында жұмыс істеген кездерімде бұл оқиға жайлы әлдеқандай дерек кезікпес пе екен деп алаңдап жүретін ем. Кезікпеді. Дерек жақында ғана өз мұрағатымыздан ұшырасты. Бар болғаны алты-ақ бет. Аз болғанымен біраз шындықтың бетін ашатын құжат.
Орта орданың правителі қызметін атқарушы (Бұл кезде бекітілмеген – «атқарушы» –М.Қ.) Арыстан Жантөрин 1843 жылдың 25 көкегінде Орынбор шекара комиссиясына өзіне сұлтандар Али Юлбарысов, Умергазы Шергазбиев, Қашарғали Сұлтан-Мухаммедовтер келіп, өткен жылдың қарашасында жеті мыңдай қазақтың бұлардың адамдарын және өзге де қазақтарды шауып, кісі өлтіріп, мал-мүліктерін талағандарын, енді осы жаққа көшіп кеткен сол айыптыларды жазалауды өтінгендерін хабарлайды (ҚРООМ. №4 қор, №4227-іс,4-бет).
Бұлардың көрсетулері бойынша, шапқыншылықты бастап жүргендер («предводительство») кішкене шектілердің билері (Кейбір жеке кісілерге байланысты болмаса, орыс жазбаларында Асан, Үсен, Жиеней, Жолшара, Құрманай, Құттық деп кішкенелерді жіктеп жатпайды, жалпы кішкене шекті деп атай салады. – М.Қ.). Көтерілген қазақтар Құсалы Батыров, Тәтүкен деген сұлтандар мен жеті төлеңгітті өлтірген. 242 түйе, 336 жылқы, 3580 сиыр, 5256 қой, киім-кешек, азық-түлік, мол дүние талан-таражға түскен. Шағымданушылардың көрсетулерінде таланған бар мал-мүліктің құны 34746 червонец.
Осы мазмұндағы шағым орданың батыс бөлігінің правителіне де жеткен. Бұнда Сұлтан Баймұхамедов Жанқожаның бекініс бастығы Бабажанды да (Бабаджан) өлтіріп, оның жас баласын тұтқындап, өзімен бірге қырға алып кеткендігін, бүгіндері бала батырдың қолында екендігін анықтағандығын мәлім етеді. Баланы босатуға тілеу, қабақтың басқарушысы Утаралы Чунгаевқа әрекет етуін тапсырдым деп баяндайды ол тағы да шекара комиссиясына.
Демек Мұсабай жыраудың:
Баласын Майқарадай ұстап алды,
Артына Төлек батыр мінгестіріп,
Сәлем де Кенесары ханыма деп,
Алашты алты күн жүре аралатты, – деуі ақындық қиял емес, нақты шындық.
Шағымданушылар орыс әкімдігінен бекіністі талқандауды ұйымдастырып, оларға басшылық еткен мына билерді жазалауды сұрайды. Олар кішкененің билері (кісі аттары қағазға түскен күйінде – М.Қ.): кішкене шектілер – Джанхуджа Нурмухаммедов, Раманкул Кусбармаков, Шайты Топаев, Бердыбай Чапаков, Айбусун Сутанов, Джармуган Тогусов, Диянки Кульбаев, Кудайберган Чулакин, Кульджан Кусаев, шекті жақайымның билері – Байсалбай Байчукин, Турки Сурбасов, Турганбай Чубанов, Тулюбий Минбаев, Буранбай Карабатыров, қаракесектің би-батырлары – Актан Кабанов, Таймас Кыйтаров, Каир Иорапов, шекті – алтынбай Иткул, Нурман Ботенов, төртқараның басшылары – Утявли Бегайдаров, Сатыбалды Баялов, Қара Тляпов, Муса Алин, Баймухаммед Нарчабеков, қарасақал – Давыл Бекшин, Есет (?) Чагараев, Кубек Чункарин.
Сұлтан Жантөрин 1845 жылдың тамызына дейін істің ақырын бағып үндемей отырған. Бұған орданың батыс бөлігінің правителі Сұлтан Баймұхаммедов екінші рет хат жазады. Осы хат арқылы сұлтан Баймұхаммедов бар істі шекара комиссиясына хабарлап отыр. Баланы босатып алуды Утаралы Чунгаевке тапсырған. Арызданушылар сұлтан Баймұхаммед Айшуақовқа, сұлтан Арыстан Жантөринге де өздері барады.
Орта орданың сұлтан-правителі Баймұхаммед Айшуақов шекара комиссиясына бұл көрсетілген жазықты қазақтар біздің аймақта тұрмайтындықтан мәселені шеше алмаймын деп жазады.
Ресми жағынан алып қарағанда оқиға Хиуа жерінде өткендіктен ол туралы әлдеқандай мәліметтің орыс тарапынан кезігуі неғайбыл еді. Оңтайы келіп, бұл шағын құжаттың бізде сақталуына себеп – көтерілісшілердің осы оқиғадан кейін Ресей дәргейіндегі ата қонысқа ошарылып көшіп кетулері. Енді Хиуа жағынан шапқыншылық болатындығын білгендіктен. Арызданушылардың мақсаттары – бауырлас сұлтан-правительдерінен көмек болар ма деген үміт. Ал сұлтандар болса, орыс өкіметінің қолындағы қуыршақтар. Орыстар болса іс жүзінде мәселеге пәруана-пайым, мүддесі бөлек бөтен мемлекет. Шағым Орынбор шекара комиссиясында қаралғанда айыптыларды жазалау туралы әңгіме не әрекет жоқ, бұлардың араларында бұндай оқиғалар бола береді деген жайбарақат шешімге келген.
Молдахмет Қаназ