Байғозы батырдың ерлігі ұрпаққа үлгі
Бүгінде төл тарихымыздың ажырамас бір бөлігіне айналған Байғозы батырдың ерлігін құрмет тұтқан халқымыз оны әсте ұмытпақ емес. Әрқашанда қастерлеп, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге тұтады. Еліміздің тәуелсіздігі салтанат құрып отырғанда мұның мән-мағынасы еселеп арта түспек. Бабамыздың қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы қаһармандық күресін жұртшылыққа кеңінен әрі тиянақты насихаттаудың маңызы зор. Осыған орай Қарағанды облысындағы бұрынғы Ағадыр ауданының қалың жұртшылығы «Байғозы батыр қорын» құрып, игі бастама көтерген болатын. Ата-баба аруағын сыйлап, ұлтымыздың тарихи жадын жаңғыртып отыруға бағытталған мұндай шара ешкімді де бейтарап қалдырмаса керек. Бұл қорға батырдың Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Алматы облыстарында тұратын үрім-бұтақтары әлқадарынша үлес қосуға мүдделілік танытты.
Елінің бақыты мен бүтіндігі жолында жан аямай күрескен тендесі жоқ баһадүрдің бірі – Наймантайұлы Байғозыға 2001 жылдың 29 қыркүйегінде, жұмада Жамбыл жерінде, Тараз қаласында алғашқы рет ас беріліп, құран оқылды. Бұған батырдың Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және қырғыз елінде тұратын ұрпақтары, соғыс және еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері – барлығы мыңға жуық адам қатысты.
Жиында сөйлеген азаматтар Байғозы батыр аруағына шын жүректен тағзым жасап, осындай сауапты шараны еліміздің басқа да әйгілі тұлғалары туралы жүйелі ұйымдастырудың танымдық та тәрбиелік маңызы зор екенін, оның жас ұрпаққа оңды ықпал жасайтынын атап көрсетті. Батырға арналған астың қалай өткізілгені облыстық телерадио компаниясы арқылы бүкіл облыс жұртшылығына көрсетілді. Қалың көпшіліктің қолдауы арқасында Жаман өзенінің бойындағы «Батыр басы» аталатын қорымда Байғозы батыр кесенесі 2001 жылы қайта жаңғыртылып, сәулетті болып салынды. Құрылысты жүргізуге Амантай Жұматаев көп еңбек сіңірген. Сол сияқты Берік Бекенұлы, Тұрсын Төлеубайұлы, ағайынды Тәжіғұловтар, Жаңаарқа депосының бастығы Берік Жұмағұлов және шырақшы Өмір Кәріпұлы игі іске үлкен қолғабыс жасаған.
Батыр кесенесінің ашылуына Астанадан, Алматыдан, Тараздан, Шымкенттен және Кентау мен Түркістаннан ағайын-туыстар қатысып, құдайы тамақ берілді, құран оқылды. Бәріміз кесене ішіндегі қабырға маңдай тигізіп, тәу еттік. Бесік-қабыр соншалықты ыстық көрінді, бір сәт бабамыздың рухымен тілдескендей жақсы әсер алдық. Кентаулық ағамыз Ақжол ақсақалдың батыр бабасына арнап мақамдап оқыған дұғасы, ерлікті, елдікті мадақтаған мағыналы өлеңдері жұртшылықтың аруаққа деген ынта-ықыласын арттырып, мақтаныш сезімін туғызды.
Байғозының жауға шапқанда ұстайтын Ақсарыбас деп аталатын жорық туын Жаңаарқа ауданындағы Сәкен Сейфуллин атындағы шаруашылықта тұратын ұрпағы Саламат Әбдіғұлов (Бұл батырдың 85 жаста алған бесінші әйелі – жалайыр қызынан тарағандардың бірі) көп жылдар бойы көздің қарашығындай сақтап келген еді. Бабамыздан қалған осы жалғыз жәдігер қазір Президенттің мәдени орталығында сақтаулы тұр.
Байғозы батыр қалмақ шапқыншылығына қарсы бүкіл халық болып екі ғасыр жүргізілген соғысының жұртқа танымал басшыларының бірі.
Сағат АРЫНҰЛЫ