Батыр туралы зерттеулер
Ауызша, жазбаша жеткен тарихи деректерге сүйене отырып академик Р.Б.Сүлейменов пен ғалым В.А.Моисеев былай дейді: “Алғашқыда жоңғарлармен, кейін манжүр-кытай жаулаушыларымен күрес барысында Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары, Жәнібек, Баян, Есет, Байғозы, Жанатай, Оразымбет, Тұрсынбай сияқты ержүрек батырлардың, білікті әскербасылардың қалың легі ел ішінен суырылып шықты”. «(Из истории Казахстана XVIII века» Алма-Ата, 1998 г., 136 стр.)
Марқұм Ақселеу Сейдімбек зерттеулерінде батыр туралы мынаны атап көрсетті:
– Байғозы батыр өз кезінде Болат, Әбілмәмбет, Әбілқайыр, Абылай сияқты хандардың алдын көрді; Төле, Қазыбек, Едіге, Бұхар сияқты би-жыраулардың ұлағатты сөзін естіді; Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Жанатай сияқты батырлардан тәлім алды, Керней Жарылғап, Әлтеке Жидебай, Шанышқылы Бердіқожа сияқты батырлармен төс тигізген дос болды. Байғозы батырдың Баяу деп аталатын жақын әпкесінен Қанжығалы Бөгенбай батыр туады. Сондай-ақ, Байғозы батырдың Шәкі деген немере қызынан әйгілі Ықылас Дүкенұлы туса, батырдың өз кіндігінен Қойсана деген қызы Шұбыртпалы Ағыбай батырдың туған анасы. Белгілі тұлғалардың өміріне қатысты мұндай деректер де елдік тарихтың қызықты беттері болып табылады.
Байғозымен бірге жортуына үзбей қатысқан, жоңғарларға талай рет күйрете соққы берген Әлеуке Орыбай батырды, Абылай ханның қырғызға жасаған жорығында ерекше көзге түскен Көгедей Қабақ батырды да еске алып, рухына бас иеміз.
Қариялардың айтуы бойынша, Байғозы батыр ел қыстаудан Кенелі жайлауына көшіп бара жатқанда, Жаман Сарысу өзенінің бойында 1803 жылы 97 жасында қайтыс болыпты. Батырға топырақ бұйырған жер қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа мен Шет аудандарының жапсарындағы Жаман Сарысу өзенінің бойы. Байғозы батырдың бейіті тұрған жер «Батыр басы» деп аталады.
Осыған байланысты атақты Жанақ ақынның ел жадында мынадай жыр шумақтары сақталып қалған:
– Бес қаруын сайлаған,
Кегін алмай қоймаған,
Он жылдығын ойлаған,
Құрыққа бойы бойлаған,
Бір құлынға тоймаған,
Байғозы да өтті дүниеден.
Байғозы өлгеннен кейін де тарақтыдан батырлық үзілмеген. “Ақсерке мен Құлжан өліп те Тарақты ел болған” дейтін мәтел бар. Оның мәнісі былай. Тарақтылар орыс отаршыларына қарсы ұлт-азаттық күресіне белсене атсалысқанын тарихи фактілер растайды. Алғашқыда олар Саржан Қасымовтың, кейін Кенесары ханның козғалысын қолдайды. Шамамен, 1830 жылы Тарақты Ақсерке мен Құлжан (Байғозының немересі) және Тоқа Бәйтелі батырлар мың қолмен Шоңның Қарағашы деген жерде (Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданының бұрынғы “Рассвет” совхозының маңы) полковник Шубиннің солдаттарымен соғысады. От қарулы отаршыларға төтеп бере алмаған көтерілісшілер көп қырғынға ұшырайды. Сол соғыста Ақсерке мен Құлжан батырлар шейіт болады.
Тарақтылар Кенесары Қасымовтың көтерілісіне қатысқанын жоғарыда айттық. Соның бір дәлелі Сары атамыздан тарайтын Алыбай батырдың немерелері Аққозы, Байқозы, Тойқозы Ақмола бекінісіне шабуыл кезінде зеңбірек оғына ұшқан. Белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романында бұл ерлік жақсы суреттелген.
– Абылай он жетісінде қалмақ шапқан,
Сөз емес жай айтылған текке мақтан.
Байқозы, Тойқозы мен Аққозы да,
Хан Кене жорығында қаза тапқан, – деген өлең бар.
Байғозы батырлығымен қатар артына аталы сөз қалдырған білікті, кемеңгер адам ретінде де ел есінде сақталған. Ол өзінің замандасы Тышқанбай бидің сөзін ұнатқанда: «Сайрашы, қара бұлбұлым» десе, ұнатпағанда «Қақсамашы, қара құзғыным» дейді екен.
Батыр мен Бекболат би (Қаз дауысты Қазыбек бидің баласы) нағашылы-жиен болып, әзілдесе береді екен. Өйткені Тарақты Байқошқардың қызы Тоқмейілден атақты Қаз дауысты Қазыбек би туған.
Тарақтыға қатысты бір дауды дұрыс шешпегені үшін Байғозы Байдалы биге:
– Жел жағымнан панамсың, күн жағымнан саямсың деп жүрсем, әншейін тіліңді көрсетіп, тісіңді жасырып жүр екенсің ғой, – деген екен.
Байғозы батырдың үрім-бұтағы қаулай өскен. Кең байтақ Қазақ елінің қайсы түкпірінен де кездеседі. Бұлар Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Түркістан қаласында тұрады. Олар кімдер? Бұл сұраққа батырдың алтыншы ұрпағы саналатын филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы марқұм Ақселеу Сейдімбек былай жауап берген еді:
– Байғозы батырды жастайынан пір тұтып, аруағына үнемі тағзым ететін, ата жолынан айнымайтын, еліне қалтықсыз қызмет көрсетуді өздерінің басты мұраты санаған тұлғалы азаматтарымыз аз болмаған. Солардың қатарында ХIХ ғасырда өмір сүрген Тұяқ шешен мен Шілменбет биді атап көрсетуге болар еді. Ал, күні кеше өткен ХХ ғасырға көз жіберсек, жақсы мен жайсаңдармыз көбейе түскен. Атап айтсақ, Ұлы Отан соғысының батыры, атақты сұрмерген Ыбрайым Сүлейменов, ақ күріштің атасы, екі рет Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаев, күміс көмей әншілер Әміре Қашаубаев пен Рақия Қойшыбаева, белгілі сазгер Бекен Жамақаев, танымал жазушылар Балтабай Адамбаев, Бүркіт Ысқақов, Медеу Сәрсекеев, Өмір Кәріпұлы, Қуандық Түменбаев, Хасен Қожа-Ахмет және басқалары.
Сағат АРЫНҰЛЫ