ЖОО-дағы ІТ-технологиясы
ІТ-технологиялар саласында ЖОО үшін жоғары дамыған ақпараттық-технологиялық платформаларды зерттеу қызығушылық туғызуда. Еуропада – 36, Ресейде 27 технологиялық платформа табысты қолданылуда. Озық ақпараттық технологиялар базасында ақпараттық инфрақұрылым қалыптастыру қазақстандық университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттырары сөзсіз.
Бұл бағытта ШҚМТУ белсенді жұмыс істеуде, ақпараттық технологиялар саласында халықаралық ынтымақтастығын кеңейтіп келеді: Санкт-Петербург ақпараттық технологиялар, механика және оптика университетімен келісімге қол қойды, ERDAS (Швейцария) компаниясымен бірлесе жұмыс атқарылуда, Swenson College of Science and Engineering of the University of Minesota (АҚШ) оқу орындарымен және Вроцлав (Польша) университетімен «Ақпараттық жүйелер» бағыты бойынша магистрлік және PhD диссертацияларын әзірлеу аясында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізілуде. ШҚМТУ ІТ-технологиялар бағыты бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымымен келісім бойынша базалық жоғары оқу орны болып белгіленген. Қазір Ресейдің, ТМД-ның басқа да елдерінің жетекші оқу орындарымен университеті аясында магистрлік бағдарламаларды өткізу жөнінде келісімдерге қол қойылды. Олардың арасында Астрахан, Новосібір, Қырғыз мемлекеттік университеттері бар.
ШҚМТУ «Предприятие КС», «Рейтинг», «1С-Рейтинг» сияқты қалалық, облыстық, республикалық ІТ-кәсіпорындармен, Өскеменде құрылып жатқан ІТ-паркімен бірлесіп белсенді жұмыс істеуде. Университетте жыл сайын әртүрлі деңгейдегі тақырыптық шаралар өткізіліп тұрады. Университетте республикалық, халықаралық олимпиадалар, ғылымға қатысты ашық конкурстар ұйымдастырылады.
Жоғары оқу орнында бірнеше ақпараттық жобалар табысты іске асырылды. Солардың бірі құжат айналымы жүйесін ақпараттандыруға бағытталған. Оның нәтижесінде басқару шешімдерін қабылдау тиімді деңгейге көшті. Ол – Directum электрондық құжат айналымы жүйесі. Сөйтіп, ішкі процестерді жетілдіруге, құжат айналымын жеделдетуге қол жетті, оның ашықтығы мен бақылауға жеңілдігі қамтамасыз етілді.
Екінші ірі жоба – «1С- Өндірістік кәсіпорынды басқару 8.2» – университет көлемінде жоспарлауды, есептеуді, барлық негізгі бизнес-процестерді автоматтандыруға арналған кәсіпорынды басқарудың кешенді корпоративті жүйесі. Ақпараттық инфрақұрылым құру аясында 1С пен Directumды қосуға қол жетті.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті озық ақпараттық технологиялар негізінде өзінің ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыруда. Ол ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін ғана арттырып қоймай, оның еліміздің инновациялық дамуына белсене қатысуына ықпал етеді. Таяуда университетте өтетін халықаралық конференция ЖОО ғалымдарын жаңа ғылыми ізденістерге шабыттандырары сөзсіз.
Оңдасын ЕЛУБАЙ