Болат Аюхановмен болған сұхбат
– Күні кешегі социалистік жүйенің еркесі болдыңыз. Өзіңіз құрған “Алматының жас балетімен” әлемді араладыңыз, атақ, абыройға бөлендіңіз. Мұның бәрі талантыңыздың арқасында десек те үстемдік құрған коммунистік партияның да ықпалы болған шығар. Түрлі министр, түрлі басшы, билік төңірегіндегілерден өнердегі тағдырыңыз қаншалықты тәуелді болды?
– Мен үшін жүйе, ағым, партиядан гөрі адамшылық қасиет әлдеқайда маңыздырақ. Ең бастысы – адам, тұлға, өзара таза қарым-қатынас. Қандай қоғамда да осылар басты ұғым. Өнерде бағым жанса, туған жеріме, еліме, биік тұлғаларына борыштымын. Кезінде партия қатарына өтудің мүмкіндігі тумады. Мінезім тік, бет-жүзіне қарамай тура сөйлеймін, бастықтарға иіліп-бүгілмеймін, ешкімге құрақ ұшпаймын. Партия қатарында адал, кемеңгер адамдар ғана жүруге тиіс деп ойлайтынмын.
– Неліктен айналаңыздағылардың өзіңізге ашу-ызамен қарауын туғызасыз?
– Жайдақтықпен, жеңіл-желпі желіп өтуге дағдыланғандардың тамағына тұрып қалған сүйектей боп жүретінімді өзім де білемін. Творчестволық адалдығымды, өнер шындығын, жан дүние тазалығын төңірегімде өтіп жатқан жайттармен үндестіру маған өте қиын. Өмір бойы қасымдағылардың жай-жапсарына, жағдайына құрақ ұшумен келемін. Бұл өте үлкен, ауыр жұмыс. Ұдайы мазасыз тірлік кешемін. Алда-жалда әлдекімді мезі еткенімді аңғарсам, дереу сытылып шығамын. Кейбіреулердің өзімді әбден шаршатып, жалықтыратынын сезсе де маза бермейтініне қайран қаламын. Анамыз “мына дүниеге бәріміз қонақпыз” дегенді жиі қайталайтын. Бүгін бар, ертең жоқпыз. Мен бәріне үлгеруім керек, өмірдің қонағы ғана емес, тағдырымның қожасы да болғым келеді. Көптеген адамның моральдық, материалдық жағдайы, тіршіліктегі позициясы өзіңнен тәуелді болғаннан кейін шарқ ұрасың, асығып-аптығасың. Лауазым иелеріне жалбақтағанды жақтырмаймын. Өз ісімнің шеберімін деп санағандықтан да солай шығар. Емін-еркін, батыл кетсем, творчестволық ойларымды орындауға құлшыныстан ғана.
– Сіз туралы газеттерде түрлі сыбыс жарияланып жатады, мысалы, шоқынып кетіпті, христиан дінін қабылдапты деген…
– Мен үшін ең басты дін – ар-ұят. Және белгілі бір дін қабылдайтындай жағдайдан әлдеқашан өтіп кетсем керек. Жөнсіз жала жабуға ешкімнің хақысы жоқ. Алматыда собордың ашылу салтанатында шіркеу басшыларының өзіме деген құрметіне, ілтипатына символикалық белгімен жауап қатқанымды дереу теледидарға түсіріп алыпты. Шоқынып кететіндей не көрініпті маған.
– Қазақ халқы ұлы тұлғаларға кенде болмаған, ұлтымыздың ар-ұяты саналар жандармен рухани үндестікті жеке басыңыздан байқайсыз ба? Сізбен бірге оқыған Рудольф Нуриевтің тағдырынан жақсы хабардармыз. Әлемге әйгілі, көл-көсір байлық иесі болды. Бишілік талантының жемісін тірі кезінде көрді. Туған жерге, елге деген сезіміңіз…
– Мен ең алдымен өз ұлтымның азаматымын, тамырым тереңде. Егер қазақ болмасам, әлдеқашан шетелге кетіп қалар едім. Кім біледі, Рудольф сияқты байып кетуім де мүмкін еді. Ана тілімде еркін сөйлеп, әдет-ғұрыптарымызды терең меңгермесем де, ұлттық өзегімнің таңғажайып сиқырын әрдайым сезінемін. Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Д.Қонаев, І.Омаров, М.Есенәлиев, міне, ұлтымыздың ар-ожданы. Мен қазақты құбылыс деп есептеймін. Мұның өзі ұлт деген ұғымнан әлдеқайда кең. Қазақты ұлт деп емес, құбылыс деп қарайтыным – оның дүниетанымы, болмысы географиялық, территориялық анықтамалардан әлдеқайда терең, тұңғиық, күрделі. Қазақстан тарихын танып-білу мүмкін бе екен бізге?! Өзіміздің кім екенімізді М.Әуезов, І.Есенберлин, Ә.Әлімжанов туындыларын оқығаннан кейін ғана түсінгенімді несіне жасырайын. Адамның туған жеріне деген махаббаты жасың ұлғайған сайын күшейе береді. Москва, Петербург, Ыстамбұл ма, дүние жүзінің қай бұрышына барғанда да өзімнің қазақ екенімді ұмытқан емеспін. Мені адам қылған туған елім. Екі жоғары оқу орнын бітірдім, жан-жақты білім алдым, профессормын, балетмейстер мамандарын дайындадым, бидің жас жұлдыздарын тәрбиелеп шығардым. Осының бәрі Қазақстанның арқасы! Туған еліңнің титімдей бөлшегі екеніңді ұғыну кез-келгеннің маңдайына жазылмайды.
...Жетпіс бес дегенің жарақат қой, жазылуы қиын жара, – дейді, – ауыртады, сыздатады, мұны несіне айғайлатамыз, еш қажеті жоқ. Қатарым сиреп қалды, жақындарым, достарым көз жұмды, тірі қалғандары шетінен мүгедек, ауру-сырқау, банкетке де келе алмайды. Дұшпаным да жоқ, бәрі қайтыс болған. Ешкім де, ештеңе де қалмады... сыпырынды, үйінді... қалған-құтқан тұқыл... аулашы емеспін ғой бұны жинап тазалайтын. Ал енді сексен дегенің, міне, нағыз жас... сексенге толсаң, әрі қарай өмір сүріп, жүзге толғың келеді.
– Сонда қалай, атап өтпейсіз бе мерейтойыңызды?
– Жоқ... мен балет әртістеріне ұрланған зейнетақысын қайтарып беремін деген уәдемді орындай алмадым. Балет бишілері зейнетке жалпы халық сияқты 58 (әйелдер) және 63 (ерлер) жаста шығады. Басқа мамандық иелері үшін бұл соншалықты ауыр емес шығар, білмеймін, ал биші үшін бұдан асқан масқара болуы мүмкін емес! Мен 45 жасымда соңғы рет Гамлетті алқынып әрең билеп шыққанмын. Ал 45 жастағы әйел, қандай кәсіби биші болсын, жас кезіндегідей билей ала ма, өнерсүйер қауымға эстетикалық ләззат сыйлай ала ма? Осыны ойламайтын үкіметте ұят бар дегенге сенбеймін. Мұншалық самарқаулық, қатыгездіктің себебін еш ұқпаймын, балет бишілері соншалықты көп те емес қой. Балет...жоқ категория сияқты,«әупірімдеп тірі қалса, жақсы, жарайды, ал құрдымға кетсе, со керек, өлмесе өрем қапсын...» дейтіндей. Қазір бізде сахнада не істеп жүргендерін өздері білмейтін кәрі бишілер жетерлік. Мен оларды қуып шыға алмаймын, өйткені, байғұстар зейнетке шыққанша шыдайық деп, соңғы демі жеткенше тырысып-ақ жүр. Қанша сіңірін созғанмен, мені де, көрерменді де риза ететін өнер көрсете алмайтыны тағы белгілі. 17 адам зейнет жасына жетпей жатып қайтыс болды. Бұл мәселені қайта қарау жөнінде 1991 жылдан бері жағым талмай айтып-ақ келемін...түк нәтиже жоқ.
Болат Аюхановтың балет көкжиегін кеңейтіп, төңкеріс жасағанын мойындамау мүмкін емес. Жарты ғасырдан бергі тынымсыз еңбегі, классикалық қағиданы байыта отырып ашқан жаңалығы, қосқан өлшеусіз үлесі қазақтың ғана емес, дүние жүзінің рухани ортақ қазынасы. Шетелдік беделді тұлғалар, танымал мамандар да бұл тарихи фактіні мойындап, атақ, абыройын асыруда. Осының бәрі Болат Ғазизұлының әлемнің Аюхановына айналғанын айғақтап тұрған жоқ па!
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА