Болат Аюхановтың қойылымдары
Тарау-тарауға бөліп талдауға лайық жүз елуден астам қойылым, мыңдаған жеке концерттік бағдарламасын ерекше жаратылған, рух аристократтары ретінде қабылдап тәрбиелеген шәкірттерімен жүзеге асыруда. Бірі бәрінің, бәрі бірінің мәртебесіне қызмет еткен неткен үйлесімділік десеңізші! Классикалық үлгіден ауытқымай бекзаттыққа дағдыланғаны, жақсыны көп көргені сонша, шала-жансар дилетанттықты, жаппай орташалықты мүлдем қабылдай алмайды. Ғасырлар бойы қалыптасқан өнегені өзіндік қана қолтаңбасымен байытуына осы қасиеті ықпал етсе керек. Қала мен даланы, Ұлыбритания мен Өзбекстанды, Қырғызстанды ма... қатар таңдай қақтырған соңғы ізденістері әлемдік балетте бұрын-соңды ұшыраспаған жайт. «Аққу көлі”, “Маргаританың түсі”, “Кармен”, “Анна Павлова” , “Революция қырандары”, «Орақ пен балға»... бір-біріне еш ұқсамайтын қойылымдардың әрқайсысы алыс-жақын шетел көрермендерінің бірдей қызығушылығын туғызуда. Әлемнің қай бұрышында да ансамблін асқан қызығушылықпен қарсы алады.
Қайда сапар шексе де қазағының, мемлекетінің мәртебесін биіктетіп келеді. Өзі де сезеді ұлттық ән-күйіміздің қайталанбас құдіретін, «Ер Тарғын», «Біржан – Сара», «Абай» ма, кез келген қазақ операсының сыртқы жұртқа италия тілінде шырқалғандай әсер ететінін мақтан тұтады. Әуелден-ақ балетке сұранып тұрған дәстүр, әдет-ғұрпымыз, алтыбақан, ортеке, беташар, қыз қуу, бәйге... тәрізді ойындар, жалпы қазақтың өмір сүру салты сахналық небір мықты туындыларына арқау болғанын біледі .
«Балет – жан дүниенің музыкасы, дейді, балет – музыканың тәні, оның сүйемелдеуінде емес, музыканың өзін билейді! Бір ғана қимыл арқылы күллі сюжетті, тіпті «Гамлеттің» бе, «Джульеттаның», «Қыз Жібектің» бе, монологын көрерменге оп-оңай жеткізуге болады... Дене ән шырқайды, қолдар сөйлейді, бас билейді, аяқтар ойланады...». Тыңдай бастасаң, Болат Ғазизұлының ой-пікірі телегей-теңіз жалғаса береді. Жаратқан иесінің үйіп-төгіп берген қабілеті-ау десек те, ұзақ жылғы тұрақты табысы, жеңісінің төркінінде табан ақы, маңдай тер, тынымсыз еңбек жатқаны анық. Шығармашылық авантюра тәуекелге жақындығын да жасырмайды. Бостандығын, еркіндігін, ішкі азаттығын бәрінен жоғары қояды, әлдекімнің өзіне қалай тірлік кешуді үйреткенін қаламайды. Жан дүниесінің тылсымына кез келгенді араластырмайды, талай сырласып, әңгімелескенде байқағаным – көпке қаншалықты көмектесіп, тығырықтан шығарып, жолдарын ашып, қиындықтан құтқарып, топ, тобырдың арасында көңілді жүрсе де болмысының жападан-жалғыздығы. Бала-шағасының (шүкір, ұлы, қызы, немере, шөберелері бар) барлық жағдайын жасап, туған-туысқандарының кез келген өтінішін орындап, әріптестерін алға сүйреп, бәрін-бәрін қас-қабақтан ұғып жүгіретініне қарамастан қасындағылардан ештеңе дәметпейтіні, міндетсімейтіні, өзінің хал-ахуалына, талап-тілегіне ешкімді ортақ қылмайтыны қайран қалдырады. Тіпті ас бөлмесінде де өзі ғана қожайын, жеке мүддесінің пайдасына әлдекім, әлдебіреуді елестете алмайтындай. Дағдыланған әдетінен жаңылмайтыны сонша, ұялы телефон ұстамайды, телевизор, интернет, компьютер тетіктерінен мүлдем хабарсыз, кітап, мақалаларын ескі жазу машинкасында басады. Десек те, айналасындағылармен тез тіл табысады, ешкімнен де өзінің көшірмесін іздемейді. Таланттыға жанын сала көмектеседі. «Сәл нәрсеге қуанамын, өзім-өзіме цирк, тірлік кешу сондай қызық, көңілді. Өмір қысқа емес, оқиғалар өте көп... Мыйым бар болғанымен, төңірегімдегінің бәрінің бабын табуға ақылым аздау. Кейде әлдеқалай кездейсоқ ұшырасқанда бейтаныстар: «о, қандай жақсы көрінесіз, кереметсіз...» дей бастаса, « өзіңізді мен әлі де танимын» дегенді айтқыңыз келе ме сіздің» деймін дереу», – дейді өзіне де, өзгеге де әжуа-юмормен қарайтынын аңғартып.
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА