Ел пір тұтқан Ешен әулие
Қазаққа ұлы Абай, ғұлама Шәкәрім, дана Мұхтардай үш алыпты берген қасиетті Шыңғыстау жері қойны-қолаты тұнған қазына, аңызға бай мекен саналады. Бұл топырақ түлеткен басқа да қандай тұлғалар барын тәптіштеп түгендемей-ақ қоялық, бір ғана Ешен әулие туралы айтсақ та жеткілікті. Ел ішінде Тұңғышбай Ешен туралы небір аңыздар бар. Соның бір парасын осы өңірдегі көрген-түйгені көп, ұрпақ білсін деп әңгіме шертер болса, аптаның өзі аздық ететін Бекен Исабаев ақсақалдың «Ұлылар мекені» атты кітабынан кездестіреміз.
Абайдың әкесі Құнанбайдың замандасы Ешен әулиені тобықты жұрты тірісінде-ақ пір тұтқан екен. Оң-солын таныған шақтан ислам дінін ұстануға ден қойып, шариғатқа жүгінген ол мүшел жастан асқаннан бастап, Әзірет Сұлтан басына барып, әулие-әмбиелер басына түнеп, жылына бір рет Түркістан жаққа ат басын бұрып жүреді. Арнайы діни оқу оқып, дәріс алудың орайы келмегенімен, Құран Кәрім мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисін жетік білген.
Сол Ешен әулиенің қыстауы Базаралы Қауменұлының үйінен 1,5 шақырым ғана жердегі Көлденең өзенінің бойында болса керек. Жұрт аузында жиі айтылатын Ешеннің әулиелігінен құлағдар Базаралы бірде оның осы қасиетіне көз жеткізгісі келіп, жалғыз қоңыр шолақ сиырын білдірмей айдатып алғызады. Артынша бір кісіні әдейі жіберіп, Ешен әулиенің үйіне қонып, оның әр сөзін, іс-әрекетін бақылап, көрген-білгенін өзіне сол қалпында баяндап келуді тапсырады.
Жіберген адамы ертеңінде оралысымен-ақ, Базаралы мән-жайды сұрайды. Сөйтсе, Ешен әулие таңғы және кешкі намазында «Иә, Алла, Базаралыға тауфиқ бере көр» деп дұға қайырып отыр екен дейді. Әулиені сынаймын деп өзі қатты сескеніп әрі өз қылығынан жерге кірердей болған Базаралы дереу атына мініп, бір ат, бір шапан айыбын әкеп аяғына жығылыпты.
Ешен әулие есіріп ауырған, толғағы қиындаған әйелдердің жолын жеңілдетуге де септігін тигізетін болған. Тағы бірде Керейдің бір ауқатты байының келіні босана алмай көп қиналыпты. Сол сәтте әулиеге келуін өтінген хабар жетеді. Кешікпей-ақ барған Ешен әулие үйге кірісімен-ақ шыр-пыры шығып жатқан әйел «іңгәлатып» сәбиін дүниеге әкеліпті. Көңілі орнына түскен бай Ешен әулиеге қайтарында сый-құрметі ретінде екі қошқар бермек болады. Әулиенің атқосшысы қосақталған қошқарлардың жүруі кедергі болатынын айтып, қарсылық білдіреді. Бірақ Тұңғышбай Ешен «мейлі, дегеніңіз болсын» деп байдың бергенін алады. «Бір қазанға бастары сыймайтын» қошқарлар өзара егесіп, бір-бірінің жүрісін тежейді. Сол-ақ екен, әулие «Ой, хайуандар, жөнге түс» деп тобылғы таяғын нұсқағанда, қос қошқар жолға түсе жөнелген екен. Бірақ қызықтың бәрі әлі алда...
Бесін намазының мезгілі жеткенде жол үстінде келе жатқан әулие атқосшысымен бірге аттарын тұсап, намазға жығылғанда тосыннан бір көкжал қасқыр келіп, қошқарларды қуалай жөнеледі.
Қарап қалмай ұмтылмақ болған атқосшысын әулие қабағымен жасқап, отыра беруге меңзейді. Әулиемен бірге оқыған намазын бұзбай, атқосшысы дегенге көнеді. Артынша намаз аяқталып, атқа қонғанда қошқарлар талай дөңнен асып та кетеді.
Міне, қызық! Бір дөңнен асып түссе, қос қошқар бір-біріне қарсы қарап тартысып тұр, ал манағы көкжал қосақталған шылбырға буынып өліп қалған екен.
Осындай адам сенгісіз ғажап қасиеттерімен ерекшеленген Ешенді көзі тірісінде-ақ әулиеге балап, исі Тобықтының пір тұтқанын жоғарыда айттық. Ал оның ұлы Абайдың азан шақырып қойған аты- Ибраһим болып қойылуына әсер еткенін көп ешкім біле бермейді.
Жыл сайынғы әдетімен Әзірет Сұлтан басына барып, арғы шеті Бұхарға дейін сапар шеккен ол туған жеріне араға үш-төрт ай салып оралғанда бірден Жидебайдағы Құнанбай Өскенбайұлының шаңырағына ат басын тірепті. Әулиенің келісі бекер емес екенін сөз ләмінен аңғарған Құнекең мал сойып құрметтеп күтеді де, келу жөнін сұрайды.
– Әзірет Сұлтанға зиярат етіп, ат басын Бұқарадан қайырып, Ибраһим ата басына түнедім. Сол түні сізге қатысты бір ғажап түс көрдім, – дейді әулие. – Түсімде осы Жидебайда өзім көріп, білмеген бір ғажап аспанды тіреген заңғар шың орнапты. Ғажаптанып, бұрын бұл шың жоқ еді ғой деп жоғары қарасам, сіз, сізден төмен семіз жеңешем (Абайдың анасы Ұлжанды айтады – авт). Екеуіңізді көрдім. Сіз түрегеп тұрсыз. Ал отырған жеңешемнің етегі әлгі шыңнан асып, Шыңғыстауды орап алған сияқтанды. Бұған ғажаптанып, шыңның ұшар басына қарап едім, сіздің артыңыздан басы асқан бір жігітті аңғардым. Бірақ түсін көре алмадым. Осыдан соң тағатым қалмай, үйге соқпай, сізге, би шаңырағына келдім.
Ешен әулиенің көрген түсін Құнекеңмен бірге отырып естіген Зере әже бірден-ақ сарбас шалып, етін жұртқа үлестіріп, мұның тегін еместігіне күмән келтірмейді. Ибраһим ата басында түнеген Тұңғышбай Ешеннің көрген түсін ырымдап, дүниеге келер перзентінің есімін «Ибраһим» деп қойған жөн екенін айтады.
Міне, сөйтіп, Шыңғыстауда қазақтың ұлы Абайы жарық дүниеге осылай есік ашқан екен. Азан шақырып қойылған атының Ибраһим болуы осы оқиғадан бастау алған деседі.
Автор: Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
"Алаш айнасы"