Торыш даласындағы домалақ тастар
Бүгінгі күнге дейін бағасын ала алмай жүрген аймақтың бірі – Торыш. Бұл жер киелі Маңғыстау жерінде орын тепкен.
Қалың қазақ жұрты бұл өлкені «әулиелер мекен еткен қасиетті аймақ» деп санайды. Пір Бекет атамыздың пәни дүниедегі ізгі ісінің ізі қалған өңірде қолмен қалап қойғандай немесе шебер қашап жасалғандай қаншама табиғат тамашалары бар. Бүгінгі күнге дейін адамзат баласы жұмбағын шешпеген талай құпия бар емес пе? Торыш даласындағы домалақ тастар сырын ғалымдар да тап басып айта алмай келеді. Адам бойындай алып тастар саны бір-екеумен шектелмейді. Тұтас бір алқапты алып жатыр. Барлығы да қолмен қашалып жасалған секілді. Бірақ ол мүмкін емес дүние ғой. Он сегіз мың ғаламның сырына баламасқа еш амалың жоқ. Жаратушы иеміз осындай бір табиғат байлығын біздің даламызға тарту еткен екен. Біз қолымызда барды бағалай алмай отырмыз. Әйтпесе мына тастар талай жиһанкезді таңдай қақтырары сөзсіз ғой. Өкініштісі, әзірге оны ешкім біле бермейді. Осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар көбірек мәлімет іздеп жүрген шығар. Жергілікті жұрт та азды-көпті дерек айтады. Алайда осы бір ғажап өлке жайлы ғалымдар мен зерттеушілер мол мағлұмат айта қоймайды. Сондықтан елдің аузында жүрген аңыз бен әпсанаға сүйеніп, бағзы заманнан келе жатқан құпияның кілтін тапқандай күй кешетініміз жасырын емес.
Бұл жайында ел не дейді? Енді әңгіме ауанын осыған бұрайық. Есте жоқ ескі дәуірде Маңғыстау жеріне дұшпандық ниеттегі жау әскері келеді. Санынан адам жаңылысады. Ана шеті мен мына шетіне адамның көзі жете қоймайды. Жер қайысқан қол екен. Жергілікті жұртта оған қарсы тұрарлық ешқандай қауқар жоқ. Адам саны олардың ширегіне де жете қоймас. Өршілдікпен алға ұмтылғанмен болмайды. Демнің арасында-ақ демің таусылары анық. Шайқасқа түскенмен бір қылыштың астында қаласың.
Қарапайым халықтың Жаратушы иемізден жалбарынып жәрдем сұрауынан басқа амалы қалмайды. «Мына қаптаған жауды біздің жерімізге келтірмей-ақ қой. Олар сол тұрған жерінде тас болып қатып қалсын» дейді. Қолдарын көкке жайған жергілікті тұрғындар осылайша бар тілегін білдіреді. Көптің көз жасын көрген Алла тағала арам ниетті жаудың алдын бөгейді. Аспан әлемінде күрделі өзгерістер болады. Күн күркірейді. Найзағай ойнайды. Нөсерлеп жауын жауды. Бүгінгі күні Торыш жерінде жатқан домалақ пішіндес тастар сол кезде пайда болыпты. Жаудың әрбір адамы демнің арасында тасқа айналған. Шар тәрізді конкрекциялар осылайша пайда болған көрінеді. Оларға тұтқиылдан зауал жіберіп, дереу тасқа айналдырады. Осының арқасында Маңғыстау жерін мекен еткен халық төніп тұрған соғыстан құтылды. Аңыз осылай деп тіл қатады.
Конкреция – радиал-сәулелі құрылым. Ол шар тәрізді болады. Көбіне конкрециялер болпылдақ шөгіндіден жиналады, шағыл құмдар және балшықтардан қыртысталады. Бұл оқиға қашан болған? Ғалымдар не дейді? Олардың айтуынша, осыдан 120-180 млн жылдай бұрын дәл осы далада тосын құбылыс орын алған болуы әбден мүмкін. Ол шамамен мезозой дәуіріне сәйкес келеді.
Ақтаулық Геннадий Тарасенко да осы тектес жорамалға арқа сүйейді. Рас, геологтарда бұл жайында айтылған нақты деректер жоқтың қасы. Айтпақшы, қайсыбір кезеңдерде Каспий мен Арал теңіздері арасында алып мұхит болған деген де әңгімелер айтылып жүр. Домалақ тастар сол бір шақтан қалған «естеліктер» емес пе деген де ой келеді көкейге.
Көзден таса жатқаннан кейін бе, Торышты дүниежүзіндегі өзге жұрт түгіл, өзіміздің халқымыз да ол жайында мүлдем аз біледі. Болмаса, бұл дегеніңіз, әлемде көп кездесе бермейтін дүние ғой. Әрине, Торыш даласындағы тастардың құпиясын ашу да біздің ғалымдарға жүктелген міндет. Дегенмен жайбасар қалпымызбен оны әлі күнге дейін қолға алмай келеміз.
Киелі Маңғыстау өлкесінде мұндай тарихи және табиғи орындар жетерлік. Мұқым қазақ баласы сол себепті бұл өлкені қасиетті санайды. Оның әрбірінің сырына үңілсеңіз, қаншама құнды дүниелерге кезігетінің анық. Өркениетке бет бұрған бүгінгі қоғамда біздің бұрынғы шежіремізге үңіліп, қайтадан бір тиянақтап, зерттеу жасау міндеміз ғой. Бізге жетпей жатқаны осындай ыждағаттылық. Болмаса, біздің кең-байтақ өлкемізде тарихтан мол мағлұмат беретін киелі орындар және табиғаттың керемет құбылыстары баршылық.
Қолда бар алтынның қадірін қашан білеміз? Біз әлі күнге дейін өзгенің осындай жерлеріне таңғалып, аузымыздың суы құрып, әңгімелеп, шаршап жүргеніміз тағы да бар.
Автор: Әділжан ҮМБЕТ
"Алаш айнасы"