Қостанай өңіріндегі құнды мұралар
Қазақ даласының топырағын түрте қалсаңыз, бағзы кезеңнен шежіре шертетін қаншама құнды қазынаны табуға барлық мүмкіндігіңіз бар. Бұл біздің туған өлкеміздің тарихы тереңнен тамыр тартатынын айғақтай түседі. Шындығын айтқанда, кейбір шетелдік ғалымдар оны көзге ілгісі келмей, қазақтың өткен өмір жолдарын бергі кезеңдегі төрт-бес ғасырдан бастағысы келеді. Бүгінгі күні жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан жерін кезінде ата-бабалар үнемі аттың үстінен түспей, кірпік қақпай, түн ұйқысын төрт бөліп, бүгінгі ұрпаққа аманат етті емес пе?
Бұл тек мақтаныш емес, біз сол жердің тарихын түгендеп, кешегісі мен бүгінгісін таразылап, жұртшылыққа кеңінен насихаттауға жол ашуға тиіспіз. Мәселен, қазақ даласында грек тілінде жаңа тас дәуірі деп аталатын неолит кезеңіне жатқызылған ескерткіштер де кездеседі. Аталмыш кезең шамамен біздің заманымыздан бұрынғы 5500-3000 жылдарды қамтиды. Жалпы алғанда, неолиттің қалыптасуы мен аяқталу мерзімі дүниежүзінде әртүрлі жағдайда өрбіді. Оның өту кезеңі де түрліше болды. Еуразия мен Африка құрлықтарының көптеген табиғи-климаттық аймақтарында, негізінен, неолиттің хронологиялық шеңбері біздің заманымыздан бұрынғы 6-4 мыңжылдықтарда басталса, сол дәуірдегі 3 мыңжылдықта аяқталды деуге болады. Қазақ даласындағы неолит заманындағы мәдени мұралар қатарында Қостанай өңіріндегі Мақанжар мәдениетіне жатқызылатын ескерткіштер саналады.
Аталмыш ескерткіштер Торғай иіні аймағында орын тепкен. Бұл бағалы дүниелер 1970-1990 жылдар аралығында Қостанай және Торғай археологиялық экспедициясын басқарған В.Н. Логвиннің зерттеуі барысында жалпақ жұртқа мәлім болды. Негізгі деректер Мақанжар, Тұздыкөл-2, Екідің-24 қоныстары бойынша анықталған. Археологтер Мақанжар мәдениетіне жататын ескерткіштер саны 16 екенін айтады. Олардың арасында 13-іне қазба жұмыстары жүргізілген. Мәселен, мұндай орындар қатарында Алқау, Амангелді, Бестамақ, Түрлі, Дүзбай, Екідің, Қарамырза, Сұлукөл секілді орындар бар. Айта кетерлігі, ескі заманның тынысын білдіретін ескерткіштердің барлығы өзен жағалауында орын тепкен. Өкініштісі, оларда құрылыс іздері сақталмаған. Тек Дүзбай маңындағы мәдени мұраларды зерттеу барысында тікбұрышты тұрғын үйдің орнының бір бөлігі көзге ұшырасқан.
Мақанжар мәдениетіне жататын ыдыстар өте жұқа болып келеді. Олардың көпшілігі ұзынша етіп жасалған. Ыдыстардың сыртына өрнектер салынған. Өрнектер, негізінен, тарақ сияқты өткір затпен тігінен немесе толқын секілді етіп көлденең түсірілген. Сондай-ақ тас құралдары сұр түсті екені аңғарылады. Олар кварцит, кварцитті құмтастардан дайындалған. Зерттеушілер сол маңнан сүмбі (конус), кеспел (призма) тәрізді өзектастардың өзгелеріне қарағанда басым екенін айтады.
Автор: Әділжан ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ
"Алаш айнасы"