Беғазы-Дәндібай мәдениетінің зерттелуі
Құнды қазынаға зерделі зерттеу жүргізген археологтер қоныстар мен тұрақтардан қолға іліккен көзе ыдыстардан төмендегіше көріністерді аңғарғанын айтады. Ыдыстардағы таяқшамен батыңқы сызылып салынған сыртқы өрнектері қарапайым, қиғаш және көлбеу тәрізді болып бейнеленген. Оларда шырша, тырнақ, шекілдеуік, жарты ай бейнелі, мойны мен ернеуінде белдемшелер көрініс береді. Қабірлердің ішінен қолға іліккен ыдыстардың пішіндері мен өрнектері олардан мүлдем өзгеше екенін аңғару ешбір қиын емес. Олардың арасында қыл мойынды құмыра пішінді, шығыңқы бүйірлі кеселер мен тостаған тәрізді сырты сүйек қалыпшалармен әсем етіп өрнектелген. Ғалымдардың зерттеуі бойынша сол бір кезеңдерде осы өңірде Кент, Бұғылы, Шортанды бұлақ, Қарқаралы, Ақкезең, Ұлытау секілді ірі мекендердің іргесі қаланған болуы мүмкін.
Сол бір дәуірлерде ғұмыр кешкен адамдар баспанасында да әртүрлілік байқалады. Олардың арасында қабырғасы іргетас арқылы өрілген төрт-алты бөлмелі үйлер бірден көзге шалынады. Сондай-ақ бір-екі бөлмелі жер кепе мен киіз үй пішіндес құрастырмалы жеңіл үйлер де молынан кездескен. Мұндай үйлердің нақ ортасына таман немесе шеттеу бөлігінде төрт бұрышты ғибадат ету орындары орналасқан. Олар биіктеу етіп тастардан тұрғызылған. Айта кетерлігі, әрбір іргелі қоныстың айналасына шағын елді мекендер қоныс тепкен. Олардың саны төрт-беске жеткен.
Беғазы-Дәндібай даласын мекен еткен тайпалар түрлі кәсіп түрлерін шебер меңгерген. Олардың арасында темірден түйін түйген алтын қолды ұсталар да аз болмағанға ұқсайды. Мыс балқыту, көзе жасау секілді жұмыстардың қыр-сырына қанық болған. Сондай-ақ егін егу, мал бағу секілді кәсіптер де жергілікті тұрғындардың тіршілік көзіне айналған.
Ғалымдар Беғазы-Дәндібай мәдениетінде өмір сүрген тайпалар наным-сенімі бойынша күн, от, су секілді табиғат күштеріне табынғанын айтады. Сонымен қатар күнделікті нәпақа табу көзі болған жылқы, қой, түйе сияқты жануарлар мен қасқыр, аю секілді жыртқыш аңдарды да қастерлеп, оларға табыну ғұрыптары кездесіп қалған. Мәселен, Қойшоқы, Ақсу-Аюлы, Қызыларай секілді жерлерде олардың тастан қашалған бейнелерін зират немесе қоныс маңайына тұрғызып қойған көрінеді.
Жергілікті тайпалар өздерінің әлеуметтік дамуы барысында беделі биік ру басылардың әміріне тәк тұрған. Олар діни наным-сенімі қалыптасқан тайпалар санатына жатқызылған. Сондай-ақ олар саяси-әкімшілік орталығы бар, өзіндік өндірісі өрге басқан, өндіргіш күштері өрлеуде болған, алғашқы мемлекеттік бірлестік құру деңгейіне дейін көтерілген тайпалар санатына жатады. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, жергілікті тайпалар Оралдың оңтүстік өңіріндегі Замарев мәдениеті және Алтай мен Енисей даласындағы Қарасауық мәдениетінде өмір сүрген туыс тайпалармен саяси және экономикалық негізде тығыз қарым-қатынас жасаған.
Археологтер қорымдардағы зәулім тастардың асқан шеберлікпен қаланғанын айтады. Олардың салмағы да жеңіл емес. Әрбірі орташа есеппен алғанда 4-5 тоннаны құрайды. Зерттеушілер оларды жергілікті тайпалар Қызыларай тауынан жеткізгенін айтады. Бір сөзбен айтқанда, со маңдағы тайпалар қола дәуірінде жоғары мәдениетке қол жеткізе білген. Соның бір көрінісі – олар ауыр салмақтағы тастарды бір жерден екіншісіне тиімді жолмен жеткізе білген екен.
Қалың қазақ Сарыарқа жерін қастерлейді. Солай болуы заңды да секілді. Топырағын түрте қалсаңыз, көне заманның деректері бірден сөйлеп кетеді. Бұл бүгінгідей жеке-дара түтін түтетіп отырған Тәуелсіз еліміздің атағы мен абыройын дүйім елге таратып, қазақ халқының тамырын тереңге тарта түсері анық.
Автор: Әділжан ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ
"Алаш айнасы"