Еліміздегі ең үздік телехикая анықталды
Бір апта бұрын басталған «Тракторшының махаббаты» сериалы өткен аптаның қорытындылары бойынша осы уақытқа дейін көрсетілген отандық сериалдардың бәрін басып озды.
Оған себеп, ең алдымен, «Тракторшының махаббатында» көтерілетін бәрімізге жете таныс ауыл мен қала тақырыбы болса, екіншіден, көркемдік ерекшеліктер, актерлік құрамның шынайы ойыны мен тартымды әзілі деуге болады.
Сюжетке сәйкес, Белла есімді сұлу бойжеткен өзінің тойына асығып бара жатып, Астана-Алматы трассасында көлік апатына тап болады. Оны жолай өтіп бара жатқан тракторшы - Жасұлан құтқарып алады. Ауылда есін жиған Белла аяқ астынан жадынан айырылып, өткен өмірін еске түсіре алмайды. Осы сәттен бастап қалалық қыздың ауылдағы өмірі, тракторшының анасы мен басқа да ауыл тұрғындарымен қызғылықты қарым-қатынасы басталады.
Басты рөлде - КешYOU тобының әншісі Кәмшат Жолдыбаева. «Ғашық» тракторист - «Ликвидатор», «А»-ға оралу», «Махамбет», т.б. фильмдерінен көрерменге жақсы таныс Берік Айтжанов. Әкім рөлін әйгілі актер Димаш Ахимов сомдаса, оның әйелі - «Тамашаның» жұлдызы Гүлжан Қалыбаева.
16 сериялы телехикаяның оқиға желісін ойлап тауып, сценариін жазғандар - Данияр Күмісбаев пен Асқар Ұзабаев.
Баян Есентаева бастаған топтың қолтаңбасы ерекше аңғарылып тұрған телехикаяның трейлеріне ғаламторда да қызығушылық өте жоғар. Бүгінгі күні оны көру көрсеткіші 50 мыңнан асқан.
Жобаның продюсері Баян Есентаева: «Сериал көрермендердің көңілінен шыққанына қуаныштымыз. Ең қызығы, түсірілім кезінде бәріміз шын мәнінде ауылда тұрдық – су тасып, самауырдан шай іштік, ауылдың тұрмыс-тіршілігіне араласып, нағыз ауыл адамдарына айналдық. Кәмшат сиыр сауып үйренді. «Құтты қонақ келсе, қой егіз туады» демекші, жақсы нышан - тура түсірілім кезінде сиыр бұзаулады. Ауылдағы тұрмыс оңай емес шығар, бірақ махаббат қай кезде де болатыны анық. Сериалды жіберіп алмаңыздар, бұдан әрі одан да қызық болады!» , - дейді.
Baq.kz