Қазақстан клубы Голландия чемпионатына қатыспақ
Регбиден Қазақстанның ең үздік клубы алдағы уақытта Голландия чемпионатына қатысуы мүмкін. Келесі жылы Францияда өтетін әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы үздік алтылықтан көрінуді көздейді. Сондай-ақ регбишілеріміз 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына да дайындықтарын бастап кетті. Бұл туралы кеше Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан регби федерациясының өкілдері мәлімдеді.
Әлқисcа. Таяуда оңтүстік астанамыз Алматыда регби-15 әйелдер арасындағы Азия біріншілігі өтіп, Қазақстан ұлттық құрамасы «Сары құрлық» чемпионы атанған болатын. Сондай-ақ келесі жылы Франция астанасы Парижде өтетін дүниежүзілік додаға берілер жалғыз жолдаманы жеңіп алған. Міне, кеше Қазақстанның регби федерациясының Алматыда өткізген баспасөз мәслихаты негізінен осы додаға арналды.
Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық регби федерациясының (IRB) ережесі бойынша, әлем чемпионатына жолдама беретін Азия біріншілігіне «Сары құрлықтың» рейтингі жоғары төрт елі ғана қатыса алады. Осыған сәйкес, Алматыда әлем чемпионатының жолдамасын Қазақстан, Жапония, Гонг-Конг және Сингапур құрамалары өзара сарапқа салған. Нәтижесінде, жартылай финалда Сингапурді 97:7 есебімен ойсырата жеңген. Ал Жапония Гонг-Конгті 82:0 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп, финалда жерлестеріміз Күншығыс елінің өкілдерімен кездесіп, аса тартысты өткен матчта 25:23 есебімен жеңіске жетті.
– Негізі, бұған дейін жапондықтарды 40 ұпай айырмашылығымен де жеңіп жүргенбіз. Бірақ бұл жолы барынша дайындықпен келіпті. Оның үстінде ойынның алғашқы минуттарында біздің қыздар жапондарды әдеттегідей қалпақпен қайырып аламыз деп ойлап, босаңсып қалды. Тек үзілістен кейін ғана естерін жинап, тізгінді қолдарына алды, – деді финалдық матч туралы Қазақстан регби федерациясының бас директоры әрі ұлттық құрамамыздың бас жаттықтырушысы Станислав Кнорр.
Енді Қазақстан құрамасы келесі жылдың 1-17 тамызы аралығында Франция астанасы Парижде өтетін әлем біріншілігіне қатысады. Бес құрлықтың 12 командасы қатысатын дүниежүзілік додада өнер көрсетуге Азияның бір-ақ командасы құқылы. Міне, сол жолдаманы біздің қыздар жеңіп алды. Ал Қытай қайда? Тайландтың да регбиі жақсы дамыған, Үндістанда да спорттың бұл түріне жақсы көңіл бөлінеді? Олардың рейтингі қалайша басқалардан төмен? Бұл сұраққа Станислав Владимирович былай деп жауап береді.
– Өздеріңіз білесіздер, регби Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайта енді. 82 жылдық үзілістен кейін 2016 жылы регби додасын Олимпиада ойындарынан қайта тамашалайтын боламыз. Бірақ Халықаралық Олимпиада комитеті Рио додасының бағдарламасына спорттың осы түрінің регби-15-ін емес, регби-7 деп аталатын ойынын қосқандықтан, қазір көптеген елдер регби-7-ге барынша көңіл бөлуде. Қытай да, Тайланд пен Үндістан да сол секілді. Сондықтан бұл елдерде регби-15 кенжелеп қалды. Дегенмен жақында (IRB) жаңа ережелер енгізді. Енді регби-15 ойыны дамымаған елдер Олимпиада ойындарының іріктеу додасына қатыса алмайды. Сондықтан бүгінде әлгі елдердің бастары қатып жүр. Ал негізінде ең бірінші осы регби-15 пайда болған. Бұл екеуінің айырмашылығы – ойыншыларының санында және ойынның ұзақтығында, – деді Станислав Кнорр.
Жалпы, регби 1900, 1908, 1920 және 1924 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген. Алғашқы үшеуіне екі-ақ командадан қатысқан болса, соңғысында жүлдеге үш құрама қатысып, үшеуі де жеңіс тұғырына шыққан. Сондықтан спорттың бұл түрінің тартымдылығы болмай, Олимпиада бағдарламасынан алынып тасталған. Ал 2014 жылғы әлем чемпионатын өз жерінде ұйымдастырудан әу баста Қазақстан да үмітті болыпты. Бізден бөлек, Жаңа Зеландия, Самоа аралдары және АҚШ-та 2014 жылғы әлем чемпионатын өз жерінде өткізгісі келген. Алайда Халықаралық регби федерациясы Францияның кандидатурасын құптаған екен.
– Дегенмен, шыны керек, біздің елімізде спорттың бұл түрі көпшілікке таңсық. Регбиді өмірлік серік ететіндер көп емес. Қазақстан регби федерациясының президенті Бексұлтан Сәрсековтің айтуынша, Қазақстанда регби тек үш-төрт қалада ғана аздап дамыған. Ел біріншілігінде де бәсекелестікке қабілетті командалар аз. Дегенмен кейбір аймақтар регбиді дамытуды қолға ала бастапты.
Федерация басшылығына келгенімен көп болған жоқ. Бұған дейін 10 жылдай еліміздің қоян-қолтық төбелес федерациясын басқардым. Енді, міне, спорттың осы түріне ауысып отырмын. Жалпы, регби өзінің бойына спорттың бірнеше түрінің элементтерін жинақтаған. Мұнда күрес те бар, доп та бар, тартыс та, талас та – бәрі бар. Өте қызық. Қазір еліміздегі регбидің жағдайымен 80 пайызға танысып шықтым. Алматы, Астана, Талдықорған, Қостанай, Шымкент қалаларында жақсы дамыған екен. Жақында Өскеменде де спорттың осы түрінен кәсіпқой клуб ашылмақ. Ал басқа қалалар әзірге үнсіз, – деді Бексұлтан Сәрсеков.
– Әлем чемпионатында қай орыннан көрінуді жоспарлап отырсыздар? Жалпы, Рио Олимпиадасына дайындықтарыңыз қалай?
– Негізі, дүниежүзілік додаға 12 команда қатысады. Біз топтан шығып, үздік алтылықтан көрінгіміз келеді. Одан кейін Олимпиада ойындары күтіп тұр. Әлбетте, ол жақта командалар мүлдем басқаша ойнайды. Қытайың да, Жапонияң да барын салады. Сондықтан барынша дайындалуымыз керек. Алдымен өзімізден бастап, ішкі біріншіліктің дәрежесін көтеру қажет. Демеушілерден көмек сұраймыз. Бізде «Форбстың» ең бай адамдар тізіміне енген азаматтар бар. Солар регбиге де көз қырын салып, көмектессе екен дейміз. Ішкі чемпионатта бәсекелестік тым нашар. Сондықтан еліміздің ең үздік клубын Голландия чемпионатына қатыстыру ойымызда бар. Олардың федерациясымен келісіп те қойдық. Енді қаржы табу жағы ғана қалды. «Эйр Астана» компаниясы жол шығындарымызды өтеуге келіскендей болды. Құдай бұйыртса, Голландия чемпионатында өнер көрсетіп, ойыншыларымыздың шеберліктерін шыңдайтын боламыз.
Балжан ҚОЙШЫБАЕВА, регбиден Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы:
– Қазір регби елімізде жақсы қарқынмен дамып жатыр. Азияның алдын бермей келе жатқанымызға да бірнеше жылдың жүзі болды. Өзіме регби қатты ұнайды. Есеңді жібермеуге тәрбиелейтін ойын ғой. Кейбірі қыздарға жараспайды, жарақат алу қаупі жоғары деп жатады. Мұның барлығы бос сөз. Өз басым жарақат алған кезім көп болған да жоқ. Қайта спорттың басқа түрлеріне қарағанда аса қауіпті емес. Тек шапшаң болып, дер кезінде пас беріп үлгерсең болды.
Әзиз ЖҰМАДІЛ
Baq.kz