Жастарға кеңес беру белсенді түрде қолға алынды
Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы бойынша Қызылорда қаласында «Жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға және ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталған ресурстық орталықтың жұмысын ұйымдастыру» әлеуметтік маңызы бар жобасы аясында тиісті сала мамандары жастарға кеңес беруді жүргізіп жатыр.
Жастарға кеңес Қызылорда қаласының Сыбаға базарында әр аптаның сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін жүргізіледі. Жастарды толғандырып жүрген сұрақтарға жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы А. Қиясова, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының психолог маманы Ж.Махмұтова, «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» маманы А.Аралбай, сонымен қатар, «Қызылорда облысы бойынша «Жас Отан» копоративтік қорының директоры Е.Меңлібаев жауап береді.
Кеңестің мақсаты қазіргі таңда еліміздегі жастарға жасалып жатқан түрлі әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды, атап айтқанда, «Дипломмен – ауылға!», «Бизнестің жол картасы-2020», «Жастар тәжірибесі», «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламаларының мүмкіндіктерін түсіндіру.
Baq.kz