Баспасөз очеркі
Баспасөздегі очерк. Очерктің көркемдік сипаты. Очерк - көркем әдебиет пен публицистиканың күрделі, әрі көп қырлы жанры. Очерктің көркемдігі - оның публицистикалық әсерлілігінің қажетті шарты деген пікір бүгінгі таңда қисындық тұрғыдан негізінен мойындалған. Алайда, мерзімді басылымдардағы очерк жанрының қалпы бұл қағиданың орнығуына әлі де болса жеткіліксіз тұстардың бар екендігін байқалады. Очерктің анық публицистикалық белгілері және публицистикалық бағытымен қоса, ол көркем әдебиеттің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Түптеп келгенде, очерк -шындықты саяси-әлеуметтік зерделеу тұрғысынан қорытатын жанр. "Очерк - көркем әдебиеттің бір саласы. Онда шығарма негізі -күнделікті деректі материал, нақты адамдардың әрекеті",-дейді профессор Т.Нұртазин. Оқырман очеркті оқып отырып, одан адамдардың аты-жөнін, лауазымын емес, деректің "психологиясын", ішкі жан-дүниесін ашатын қызықты әңгімені іздейтіні тағы талассыз. Осы очерктердің негізгі түрлеріне талдау жасау міндетті де маңызды мәселе.
Очеркшілердің шығармашылық әдісі туралы орыс очерктанушы ғалымы Евгения Журбина былай дейді: «Өз жанрының заңдылығына сергектеу қарайтын очеркшілер, шығармашылық әдістерінің әр алуандығына қарамастан, мынадай ақиқатты бірауыздан мойын-дайды: ол - очерк жанрының публицистикашыл қасиетінің, жанрлық төл сипатының, сондай-ақ, «көркемдіктің шыңына» бастайтын өзіндік жолы мен құралының болатыны». Баршаға белгілі, қандай да бір құбылыс суреткердің көркемдік қиялы арқылы бейнеленбесе, ол өзінің өнерге қатысты талғам-талабын солғындатып алады. Өмір шындығы мен өнер шындығы арасындағы айырмашылық туралы ғалым Ж.Дәдебаев: «Әдеби шығарма негізінде дерек, факт жатуы, тарихи дәуір шындығын көрсету үшін жазушының шығарма желісін бастан-аяқ тек қана тарихи болған оқиғаға кұруы шарт емес. Алайда, шығарманың материалдық болмысын, өзегін тарихи белгілі, ақиқат оқиғалар құрмайынша, белгілі тарихи дәуірдің шындығын шынайы суреттеу тағы да қиын»,- дейді. Яғни, очерк жанрының көркемдік жүйесінде, тақырыптық болмысында тарихи өмір шындығының атқаратын рөлі зор. Очерк әдебиет жанрларының ішінде ерекше орынға ие болғанымен, оның көркемдік сапасы, жанрлық табиғаты, тарихи қалыптасқан ерекшелігі ғылыми тұрғыда толық сараланды деп тұжырым жасауға болмайды.
Очерк - жанр ретінде көркемдік-идеялық сипаттарын айғақтау барысында қалыптасқан және белгілі бір әлеуметтік құбылысты әрі ғылыми зерттеу, әрі публицистика, әрі көркем өнер тұрғысынан өзгеше бедерлей алатын аралық жанр. Керкем өнер мен ғылым арасында айырмашылық бар. Ғалым мен ақынды салыстыра отырып, Б.Г.Белинский: «Бірі дәлелдейді, бірі көрсетеді, екеуі де иландырады, бірі логикалық қорытындыларымен, бірі суретпен»,- дейді. Сонымен, белгілі бір әдеби деректің көркем өнерге қатыстылығын дәлелдеу үшін, оның бейнелі құрылысын анықтау керек. Көркем очерктің мақсаты - дүниені тұтас танып, оның келбетін әсерлі суреттер арқылы бейнелеп көрсету. Очеркте суреттелетін шындық -өмірде болған, не бар ақиқат, сондықтан да очерк өз кезеңінің шындығынан ғана тұрады. Бүл, әрине, очеркті көркем өнерден тыс қалдыруға себеп бола алмайды. Мысалы, шебердің қолымен жасалған әдемі құмыраны күнделікті мақсатта қолдансақ та, оны өнер шығармасы дейміз.
Дереккөз: Меңдігүл Шындалиева
«Публицистика жанрлары мен пішіндері» Астана,2012.