Шнобель сыйлығының лауреаттары Гарвардта марапатталады
Биыл Шнобель сыйлығының (Ig Nobel Prize) лауреаттары Гарвард университетінде марапатталатын болды. Айта кетейік, аталған жүлде ғылымда күлкілі және күдікті жаңалық ашқан ғалымдарға беріліп келеді.
Салтанатты шара Гарвард университетінің Сандерс-театрында АҚШ уақытымен бүгін кешкі 18.00-де басталуы тиіс. Кейбір әлемдік телеарналар оны тікелей эфирден көрсетуді жоспарлап отыр.
Лауреаттарға сыйлықты "Нобель" сыйлығын иеленген әріптестері табыстайтын болады. Олар - Дадли Хершбах (химия), Эрик Маскин (экономика), Рой Глаубер (физика) және Фрэнк Вильчек (физика).
Нобель сыйлығындағыдай Шнобельде де ғылымның физика, химия, медицина, әдебиет, экономика және бейбітшілік үшін күрес сынды салалары бойынша жүлделер үлестіріледі. Сонымен қатар, математика, биология, инженерлік іс және менеджмент ғылымын зерттеп жүргендерге де арнайы жүлде бар.
Шнобель сыйлығының ерекшелігі - оны адамзатқа еш пайдасы жоқ, күлкілі ғылыми жаңалық ашқан ғалымдарға табыстайды. Мәселен, 2012 жылы психологтар "сол жаққа қарай жантая тұрып, мұнараға қарасаң, ол кішкентайлау болып көрінеді" деген мәлімдеме жасаған болатын. Кейін оны өздері дәлелдеп шықты және осындай түкке тұрғысыз жаңалық үшін оларға Шнобель сыйлығы табысталды. Сонымен қатар, шимпанзелер бірін-бірі жамбасынан таниды деген америкалық анатом-ғалымдар да аталған сыйлықтың лауреаты атанған.
Baq.kz