«Эфир», Пейджер
«Эфир» – сөзі грек тілінен аударғанда ауаның жоғарғы қабаты немесе «жоғарғы ауа» деген мағына береді. Бұдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын пайда болған көзге көрінбейтін, қолға ілінбейтін бұл құбылыстың қазақ тіліндегі баламасы «әуе толқыны». Айтылған сөз айтылған жерде қолма-қол жалпақ жұртқа жайылып кететін тікелей әуе толқыны туралы сөз етер болсақ, ол- күрделі де жауапты шығармашылық жұмыс процесі, бір мезгілде атқарылатын бірнеше істің басын құрайтын шығармашылық тұтастықты жүзеге асыратын ұжымдық үйлесім, құрылым мен ерекшеліктері тұрғысынан тележурналистиканың жаңаша әдісі ретінде зерттеп-зерделеуді қажет ететін нысан. Тележурналистикадағы өзгеше де өміршең бұл процесс бұрын алдын-ала жазылып, қажет тұстары қалдырылып, керек емес деп есептелетін кейбір сөйлемдері қиылып тасталып, яғни, монтаждалып ұсынылатын жазбаларды ендігі жерде айтылған сәтте тікелей көрерменге арналған шын мәніндегі шынайы әңгіме, тіпті, тікелей телефон желісіндегі кері байланыс арқылы нақты пікір алмасуға айналдырғаны ақиқат.
«Айтылған сөз атылған оқпен тең» деген халықтық нақыл уақытқа тәуелді құбылыс, тікелей эфирдегі жұмыс процесінің ең негізгі ережесі деуге әбден болады. Тікелей эфир кезіндегі мәтінді өңдеуге, қандай да бір қатені түзеуге ешқандай мүмкіндік жоқ. Тікелей эфирдегі әрбір әрекет жеке-жеке және тұтастай алғанда уақытқа тәуелді. Сондықтан да секундтар аясындағы сөйленген сөздің салмағы нысанаға алынуы шарт. Тікелей эфирдегі уақытты табысты өткізу – айрықша қабілеттіктің, тамаша тапқырлықтың, кәсіби шеберліктің нәтижесі, уақыт аясындағы журналистиканың шарықтау шегі. Тікелей эфир қамтыған аудиторияның аумағы да, жүргізуші-журналист сөйлеген сөздің салмағы да уақыт таразысымен өлшенеді. Демек, тікелей эфир – уақытқа тәуелді құбылыс. Ал екіншіден тікелей эфир дегеніміз – теледидардағы интерактивтілік. Интерактив деген не? Бұл кәдімгі тікелей эфирдегі кері байланыс, көрерменнен келіп түсетін телефон қоңырауы, пейджер арқылы алынатын хабарлама, тұтастай алғанда эфирдің мазмұны мен құрылымы. Енді сол кері байланыс орнататын құралдарға жеке-жеке тоқталсақ.
Пейджер. Біржақты, соған қарамастан, кері байланыстың ең тиімді түрі. Эфирлік студиядағы пейджерге көрермендердің жүргізушіге айтқан тілектері, жолдаған құттықтаулары келіп түседі, ал жүргізуші жауапты тікелей эфир арқылы береді. Респубикалық деңгейдегі телеарналарда жүретін тікелей эфир хабарлары қазір пейджерді пайдаланбады. Өзіміз күнде көріп жүрген Оңтүстік Қазақстан облыстық телеарнасындағы «Таң жарық» интерактивті ойын-сауық бағдарламасында пейджердің алатын орны ерекше. Көптеген құттықтаулар мен тілектер, сауалдар, кейбір ұйымдастырылған ойын жауаптары пейджерге толассыз түсіп жатады. Телефон желісі бос болмағанда пейджер көрермен үшін көп көмегін береді.