Айғақ
Айғақ – республикалық газет, 1996 жылдан шығады. Республиканың барлық облыстарына тарайды. Ол кезде Алматыдан емес, жай ғана облыс орталығынан шығып, республикаға таралатын басылымдар жоқтың қасы еді. «Айғақ» сол сеңді бұзды. Әу бастан-ақ қалың бұқараның сұранысын қанағаттандыруды мақсат тұтып, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресуге бет алған басылым қысқа мерзім ішінде жұртшылық іздеп жүріп оқитын дәрежеге жетті. Әдетте «Газетті демеушілердің көмегінсіз ұстап тұру қиын. Шығыны көп…» дегенді жиі айтамыз. «Айғақ» қасаң қағидаға айналып кеткен бұл пікірді де күл-парша етті. Алғашқы үш айда-ақ қарқын алған газет әдепкіде 3 мың, кейін 5 мың тиражбен басылып, өзін-өзі ақтай бастады. Өмір сүре бастады. Нарықтық экономиканың талаптары қанша ауыр соққанына қарамастан, тақыр жерден «Айғақ» аяққа тұрды.
Бұрындары республика көлемінде тарайтын басылымдар тек орталық қалалардан тарап, оның үстіне жұрт газетті пошта арқылы жаздырып немесе дүнгіршектерден алып оқитын. Нарықтық экономика баспасөзді тарату жүйесіне үлкен өзгеріс енгізді. Халық іздеген басылымын сатып алып оқи бастады. Бұл әрине, өз алдына отау тігіп, тәуелсіз газет ретінде шыға бастаған «Айғақ» үшін тиімді жол болғаны рас. Себебі, нарық заңы бизнеске бейімделу болғандықтан, шығарушылар газетті тауар ретінде жұрт назарына ұсынғанды жөн көрді. Өйткені, газет таралымының өсіп, ел сұранысын тудырғаны осының дәлелі. «Айғақ» газеті көп ұзамай ықпалды газеттердің біріне айнала бастады. Оны газеттің Оңтүстік Қазақстандағы жергілікті басылымдардың проблемасын шешуге белсене атсалысқанынан көруге болады. «Айқын» газеті республика көлемінде таралатындықтан, елдегі кейбір дүбірлі оқиғалар туралы үн көтеріп отырады. Әйтпесе жеткізетін хабар-ошары да, жариялайтын жарнамалары да негізінен жергілікті сипатқа ие.
Газет жанынан «Айғақ – Оңтүстік», «Айғақ-ТВ», «Айғақ – Махаббат», «Айғақ – 18 мың ғалам» сияқты басылымдар жарық көріп келеді. Басылымның басшысы Дулат Назарбекұлы. Басылымды дамыту стратегиясын дұрыс таңдау, редакция ұжымының кәсіби шеберліктері, материалдардың тәуелсіз және объективті сипатта жариялануы, Қазақстанда демократияның даму принциптерін ұстануы – «Айғақ» газетінің ақпарат тарату кеңістігіндегі орнын белгілеп, демократиялық бағыттағы басылымдардың біріне айналуына мүмкіндік туғызды.
2007 жылдың күзінде «Айғақ» атты брэндпен жаңа жобаның тұсауы кесілді. Бұл жолы – телеарна. «Айғақ» қоғамдық телеарнасы Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының назарына жол тартты. Бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде «Айғақ» Оңтүстіктегі өз бағыт-бағдары, өз сүрлеу-соқпағы бар, рейтингі жоғары телеарна ретінде қалыптасып үлгерді. Телеарнаның ашылуы әлемдік қаржы дағдарысымен тұспа-тұс келгеніне қарамастан, оның материалдық-техникалық базасы үздіксіз нығайтылу үстінде. «Айғақты» ОҚО тұрғындары ғана көреді дегенімізбен, эфирден берілетін дүниелердің тақырып мен мазмұн ауқымы Оңтүстіктің шеңберінен шығып кеткелі қашан.
«Айғақ» телеарнасы медианарықта жаңа белестердi бағындыруда, халықтың ақпаратқа деген сұранысын кеңiнен өтеуде.
Дәл қазiр халықтың басым бөлiгi ақпаратты телеарнадан алады. өңiрлiк телеарнаның ұтатын тұсы — жергiлiктi халықтың айналасында орын алған қандай да бiр оқиғаны жылдам түсiрiп, өздерiне көрсете бiлуiнде. Сонымен қатар, елiмiзде өткiзiлген елеулi iс-шараларды да аймақтық тележурналистер тiкелей өздерi түсiре алады. «Айғақ» телеарнасы Астанада өткен журналистердiң медиафорумдарынан арнайы репортаждар жасаған.
Аталған телеарна бүгінге дейін бірқатар тележобаларды жүзеге асырып үлгерген. Мәселен, «Тарих-и-Рашиди» атты үлкен еңбек қалдырған ғұлама бабамыз Мұхаммед Хайдар Дулати туралы Үндiстан елiнен деректi фильм, Алаш азаматтары Әлихан Бөкейханов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов жөнiнде тағылымы мол деректi фильмдер әзiрлеген. Сонымен қоса Мемлекет басшысының студенттiк шағы туралы Украинаның Днепродзержинск қаласынан «Елбасының курстастары – Украинада» атты телефильм жасаған. Сонымен қатар телеарна халықты өңірде болып жатқан жаңалықтармен де таныстырып отырады. Коммерциялық телеарна болғандықтан табыстын басым көпшілігін құттықтау, жарнамалар арқылы табады. «Шашу» құттықтау сазды бағдарламасында әр ән үшін 3000 теңге төленеді. Халық көп шоғырланған өңірде бұл бағдарламаға деген сұраныс жоғары.