Әлемнің үздік сарапшылары Астанада бас қосады
10-11 қыркүйек аралығында Астана қаласында Дамушы елдердің Еуразиялық форумы өтеді, оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Бұл туралы ОКҚ ресми өкілі Алтай Әбибұллаев бүгін апта сайынғы дәстүрлі брифингте мәлім етті.
«Еуразиялық форумға АҚШ, Еуропа, Азия, Латын Америкасы, Африка және басқа да ТМД елдерінен 200-ден астам сарапшы қатысады. Олардың арасында саясаткерлер, беделді халықаралық сарапшылар мен кәсіпкерлер Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, Азиялық Даму банкі, Еуропалық комиссия, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі сияқты халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады», - деді сөз алған ҚР вице-премьері Ербол Орынбаев.
Форумда Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жетістіктерінің негізгі мәселелерімен қатар, жалпы Орталық Азия мемлекеттеріндегі экономикалық ахуал мәселелері талқыға түседі.
«Жиында Қазақстанның ұзақ мерзімді даму болашағы мен әлеуеті туралы кең ауқымды пікірталастар өрбиді деп сенеміз. Онда жүзжылдықтың алғашқы жартысында ғаламдық өзгерістерге еліміздің қосар үлесі де сөз болады. Сарапшылардың пікірлері мен талқылаулары Қазақстанның 2050 жылға дейін әлемнің дамыған елдерінің қатарына кіруі жөнінде үкімет әзірлеген жобада ескеріледі», - деді Е.Орынбаев.
Baq.kz