Радиорепортаж, радиоесеп
Радиорепортаж – радионың табиғатына тән, оқиғаның дыбыстық суретін тыңдарманның көз алдына елестете алатын, жанды сөзбен әспеттелетін, оқиға аясындағы журналистің баяндауын табиғи шумен толықтырып, оқиғаға қатысушылардың әңгімесімен әсер етіп, тыңдарманды қайталанбас сәттің куәгері ететін ерекше жанр. Радиожурналистиканың тарихында алғашқы радиорепортаждар “Өмірдің ортасынан берілген хабарлар” деп аталған.
Өмірдің ортасынан берілген хабарлар деп біршама бұрыс аталған алғашқы радиорепортаждар студиядан кеңістікке шыққан микрофонның таңқаларлық мүмкіндіктеріне жол ашты. Радиорепортаждар радиолық шығармалардың ең таңдаулы түрі ретінде көрінді.
Демек, радиорепортаж радиожурналистиканың бейнелеуші құралдарын, яғни, сөзді, шуды, музыканы толық қамтыған, уақыт пен кеңістік аясындағы деректілігімен ерекшеленетін әуе толқынының төл жанры болып табылады. Сондықтан да радиорепортажды жүргізетін журналист, яғни, репортер шығармашылық, әрі техникалық тұрғыда кәсіби шебер болуы керек. Өйткені, өмірде болып жатқан қоғамдық маңызы бар оқиғаларды репортажға айналдыратын репортер.
Репортердің жанрлық элементтері:
1. Оқиға
2. Мекен-жай
3. Тілші баяндауы
4. Оқиғаға қатысушылардың әңгімесі
5. Уақыттық көрсеткіш.
Эфирден берілу сипатына қарай радиорепотаж тікелей және тікелей емес болып екіге бөлінеді.
Тікелей репортаж. Өтіп жатқан оқиғадан жүргізілетін репортаж сол сәтте қолма-қол әуе толқыны арқылы таралып, тыңдарманға жетеді. Өмірдегі оқиға мен эфирдегі репортаждың арасында уақыт айырмашылығы болмайды. Тікелей репортаж тарихи маңызы зор, елді елең еткізетін айтулы оқиғалардан жүргізіледі.
Тікелей емес репортаж. Оқиға ортасынан жазылып алынған репортаждың оқиғалық желісі тізбектеліп, мәнді тұстары іріктеліп беріледі. Яғни, оқиға барысынан таспаға басылып алынған дыбыстық жазба монтаждалып, қайта құрастырылған қалпында эфирге ұсынылады.
Ал тақырыптық тұрғыда қамтитын мәселесінің қисынына қарай радиорепортаж оқиғалық және проблемалық болып екіге бөлінеді.
Оқиғалық репортаж. Оқиға орнынан жүргізілетін репортаж. Бұл ретте тақырып оқиғаға орай туындайды.
Проблемалық репортаж. Бұл репортаждың мақсаты – күнделікті өмірде, заман ағымында туындаған проблемаларды нақты дерекке сүйеніп сөз ету, сол деректі немесе құбылысты әрекет аясында дыбыстық жазбамен дәйектеп, тыңдарманға ой салу.
Жалпы, радиорепортаж - синтетикалық жанр. Оның құрамына ақпараттың да, сұхбаттың да элементтері енеді. Радиорепортаждың өзіне тән айрықша құрылымдық сипаты бар. Ол өте шағын болғанына қарамастан, шиеленісі, шешуі, шарықтау шегі бар біртұтас, аяқталған дүние болып табылады.
Тікелей әуе толқынының төл жанры болып есептелетін радиорепортаж қазіргі таңдағы техникалық мүмкіндіктер аясында жаңаша сипатқа еніп, толыға түсті. Тонвагенмен де, ұялы телефонмен де оқиға ортасынан репортаж жүргізуге болады. Тікелей репортаж өз ретінде, аса маңызды айтулы оқиғалардан жүргізілетіні белгілі. Осындай ел өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі - 1991-жылдың қазан айының 2 – жұлдызында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің Байқоңырдан ғарышқа самғау сәтінен Қазақ радиосының “Тәулік тынысы” – “Панорама дня”. бағдарламасы тікелей репортаж жүргізген болатын. Содан шағын ғана үзінді келтірейік.
- Байқоңырдан сөйлеп тұрмыз. Байқоңырда қазір 10 сағат 58 минут. Қазақ радиосының микрофондары атақты Гагарин алаңында. Енді бір-екі минутта аспан кеңістігіне ұшқалы тұрған, бортында экипаж мүшелері: командирі - Кеңес Одағының батыры, КСРО космонавт – ұшқышы Александр Волков, космонавт-зерттеушілер – Кеңес Одағының батыры Тоқтар Әубәкіров пен Австрия республикасының азаматы Франц Фибек бар. Алып “Союз - 13” космос кораблінің оң жақ қапталындағы 500 шақырымдай жерде радиостанция орналасқан. Микрофон алдында Бақберген Табылдиев.
Міне, қадірлі ағайын, ел ғұмырындағы, Байқоңыр тарихындағы ең салтанатты шақты паш ететін оқиғаның секундтар есебі басталды. Қазір басқару орталығынан команда берілуі тиіс. Иә, иә! Міне корабль де оталды.
Ардақты ағайын, мынау асау гүріл, ғаламат дүріл қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров мінген әуе кемесінің даусы.
…10 секунд, 11-12-13-14-15…
(Гүжілдеп барып, гүрс ете түскен корабльдің даусы естілді).
- Міне, достар, отыз жыл күткен сәт те келіп жетті. Жаңа ғана гүрс еткен өздеріңіз естіген дыбыс алып әуе кемесінің даусы. Қып – қызыл оттан суырылып шыққан әуе кемесі аспан төрінде иненің жасуындай болып қана көрініп, жүйткіп барады. Бұл – нағыз тарихи сәт, қайталанбас шақ”.
Дәл осындай айтулы, айрықша маңызды оқиғалар кезінде репортаж жанрын өз деңгейінде қолдану радиожурналистиканың ұшқырлығын танытар еді.
Радиоесеп. Радиоесептің негізіне атқарылған істің қорытындысы, соның нәтижесінде қол жеткен табыстар, оң көрсеткіштер, немесе іс-шара аясындағы белгіленген шешімдер арқау болады. Сондай-ақ, радиоесепте оқиға барысындағы маңызды тұстардың мәнін ашып көрсететін сөйлеушілердің сөздері беріледі. Журналист болып өткен оқиғаны оның реттік желісін сақтай отырып, басты мәселелеріне тоқталып өтіп, қысқа да нұсқа мәлімет береді. Сондықтан да, радиоесеп хаттамалық сипатта ұсынылады. Негізінен, қоғамдық-саяси шаралардан, ресми оқиғалардан жасалады. Уақыт мөлшері жағынан радиоесепке арқау болған өмірдегі оқиға ұзақтығынан эфирдегі оқиға мөлшері бірнеше есе кем болады. Мысалы, алты сағатқа созылған мәжілістің есебі 2-2,5 минут қана болуы мүмкін.
Н.Омашев "Радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі"