Радиосұхбат
Радиосұхбат, яғни, радиоинтервью ағылшын тілінен аударғанда “кездесеу, әңгімелесу” деген мағынаны білдіреді. Сұхбат баспасөзде кең қолданыс тапқан жанрлардың бірі. Сұхбаттың құрамында екі жанрлық элемент бар:
1) Журналистің қоятын сұрағы;
2) Сұхбат берушінің қайтаратын жауабы; Біріншісі – құралды иеленуші, екіншісі – ақпараттың қайнар көзі. Сұхбат берушіні кейде журналист өзі таңдайды, бұл ретте сұхбатшы сөзге шешен, салмақты ой айтатын халыққа танымал, әйгілі адам болуы мүмкін. Кейде журналист болған оқиғаға, күн тәртібіндегі жағдайға байланысты соған қатысы бар кез-келген адамнан сұхбат алуға мәжбүр болады. Радиода сұхбаттың сәтті шығуы көбіне-көп сұхбат берушіге байланысты. Өйткені, радиода сөйлеп тұрған адамның жанды сөзі, дауыс ырғағы, сөйлеу мәнері, үн әуезділігі айрықша роль атқарады. Радиодағы сұхбат журналистің сұрағына жауап беріп тұрған адамның көңіл-күйін, ішкі сезімін, көзқарасын, мәдениеттілік деңгейін дауыс аясында толық қамтиды. Сондықтан да, әсіресе, тікелей эфирдегі радиосұхбат өмірдегі шынайы сәт болып табылады. “Сонымен радиосұхбат дегеніміз – журналистің өзекті мәселеге орай кездесу кезінде сұрақ қою арқылы әйгілі адамның, маманның, я қызметкердің немесе оқиға куәгерінің пікірін анықтауы.
Сұрақ қоятын журналистің алдына қойған мақсаты мен оған қол жеткізу тәсілдеріне қарай радиосұхбат 5 топқа бөлінеді.
Ақпараттық сұхбат. Сұрақ нақты пікір білу үшін немесе қандай да бір мәлімет алу үшін қойылады. Сұхбаттың бұл түрі фактінi және пікірді қамтиды. Сұхбат берушінің ресми тұлға болуы шарт емес. Оның сөйлеген сөзінің астарында көңіл-күй мен ішкі толғаныс, яғни, эмоциональдық фон болуы тиіс. Сондықтан да, көбінесе жаңалықтар желісінде мұндай сұхбаттар журналистің қойған сұрағынсыз беріледі. Өйткені, бұл жерде қойылған сұрақ емес, оған қайтарылған жауап маңызды роль атқарады.
Портреттік сұхбат. Сұхбаттың бұл түрі жеке тұлғаның образын ашуға арналады. Сол себепті портреттік сұхбат әлеуметтік-психологиялық сипатымен ерекшеленеді. Өйткені, портреттік сұхбат адам бойындағы құнды қасиеттерді анықтауға негізделеді.
Сауалнамалық сұхбат. Белгілі бір нақты сұраққа әртүрлі адамдардан жауап алу арқылы жасалады. Қысқа-нұсқа 1-2 сұрақтың аумағында жауап алынатын болғандықтан, оны жедел сұхбат, яғни, экспресс - интервью деп атайды. Негізінде, сұхбаттың бұл түрі қоғамдық пікірді анықтаудың өзіндік бір тәсілі болып табылады.
Хаттамалық сұхбат. Мемлекеттік саясат деңгейінде туындаған сауалдар төңірегінде ресми тұлғадан, я болмаса, құзырлы қызмет иесінен нақтылай жауап алу. Әлбетте, ресми тұлға ресми жауап береді. Сұхбат кезінде қойылатын сауалдар алдын-ала әзірленіп, мемлекеттік жауапты қызметкердің (президенттің, министрдің, т.с.с.) көмекшісіне немесе баспасөз хатшысына ұсынылады. Бұл ретте журналистің жеке пікіріне орын жоқ. Эфирде ресми тұлға сол алдын-ала ұсынылған сұрақтарға жауап қайтарады, журналист келісілген сұрақтарын қоюмен шектеледі.
Проблемалық сұхбат. Проблемалық сұхбаттың басты түйіні – журналистік позиция, көпшілік талқысына ұсынылатын қоғамдық маңызы бар ашық мәселе. Мақсат – халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап алу, күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселелер төңірегінде сөз қозғау. Сұхбаттың бұл түрі тікелей эфирде ұйымдастырылуы – шарт. Және студияға шақырылған қонақ журналистің ғана емес, сонымен қатар, телефон желісіндегі тыңдармандардың да сұрағына жауап қайтаруға тиіс. Сұхбат беруші мен тыңдармандар арасында белгілі бір жағдайда дау тууы мүмкін. Дәл осындай сәтте журналист өзінің тақырыпты толық меңгергенін, сол тақырып аясындағы фактілерді жан-жақты білетінін, сұхбат берушімен кез-келген сауал төңірегінде тепе-тең дәрежеде обьективті жауап алу үшін сөз таластырып, қажет болған жағдайда қорытынды тұжырым жасай алатындығын көрсетуі керек. Проблемалық сұхбатты жүргізген журналистің қателесуге, қандай да бір фактіден бейхабар болуға хақысы жоқ.
Н.Омашев "Радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі"