"Қазақстан әйелдері", "Жұлдыз", "Үркер" журналы
"Қазақстан әйелдері" журналы – қоғамдық-саяси, әдеби-көркем журнал. Әйелдер қауымына арналған "Азат Әйел" (1925) және "Теңдік" газеттерінен бастау алады. 1926 жылдың қаңтар айынан бастап "Әйел Теңдігі" деген атпен журнал болып шыға бастады. Журнал 1935 – 1941 жылдары және 1950 – 1954 жылдары "Сталин жолы". 1955 жылдың қаңтарынан “Қазақстан әйелдері” болып шығады. Негізгі тақырыптары: отбасы берекесі мен тұрмыс мәдениетінің өзекті мәселелері, ұрпақ тәрбиесі. Таралымы – 40 мың дана (2003). “Құрмет белгісі” орденімен марапатталған (1976)
Жұлдыз журналы – республикалық әдеби журнал. Шолпан (1922), Таң (1924) журналдарының ізбасары саналады. Алғашқы саны 1928 жылы жарық көрген. Әр жылдары “Жаңа әдебиет” (1928 – 32), “Жыл құсы”, “Әдебиет майданы” (1932 – 39), “Майдан” (1941 – 45), “Әдебиет және искусство” (1939 – 41 және 1945 – 57) деген атаумен шығып тұрды. 1957 жылдан “Ж” деген атпен шығады.
Журналдың қалыптасуына қазақ әдебиетінің классиктері Б.Майлин, Қ.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов көп еңбек сіңірді. Алғашқы редакторы – С.Сейфуллин. Журналға Ғ.Мүсірепов, З.Қабдолов, Ә.Нұрпейісов, С.Мәуленов, Ш.Мұртаза, Б.Тілегенов, М.Мағауин әр жылдары бас редактор болды. Журналдың “проза”, “поэзия”, “Ислам тағылымы”, “әдеби мұра”, “зерде”, “әдебиеттану”, т.б. бөлімдерінде қазақ ақын-жазушыларының жаңа шығармалары, өнер туындылары, қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне, өнері мен әдебиетіне қатысты мақалалар жарияланады. Қазақстан суретшілерінің шеберханасынан алынған суреттер жеке беттерде беріліп отырады. Құрылтайшысы: “Қазақ газеттері” жабық акционерлік қоғамы. Айына бір рет шығады. Көлемі 10 баспа табақ, таралымы 4120 дана (2002).
«Үркер» журналы. Алғаш жарық көруі: «Үркер» атты қоғамдық-саяси, әдеби журналдың тұсауы 2008 жылы роман-газет болып кесілген. 2009 жылдан бастап жастардың әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси басылымы болып жаңа мазмұнда оқырманға жол тартты. Тақырып аясы барынша кеңейді.
Бағыты: жастар шығармашылығын оқырманға кеңінен насихаттау. Әзірше бұл басылым осы мақсатта ауқымды жұмыс істеп келе жатқан бірден-бір басылым.
Таралымы: 5000 дана. Түрлі-түсті мұқабамен 52 бет боп жарыққа шығады.
Алған марапаттары: 2008 жылы Сенат төрағасы Қ.Тоқаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды. «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының журналдар арасындағы бәйгесінің жеңімпазы.
Бас редакторы туралы: Жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері – Қуандық Түменбай.
Журналдың ақылдастар алқасы: Ә.Кекілбаев, Н.Оразалин, Ө.Қопабаев, Ә.Асқаров, М.Құлкенов, К.Матыжанов, Ш.Беркімбаева.