"Қазақ үні" газеті
“Қазақ үні” газеті алғаш «Жас қазақ үні» деген атпен 2000 жылы 11 тамызда 15 мың данамен жарық көрді.
Басында газет «Жас қазақ» деген атпен тіркелмек болып, ЖШС аты «Жас қазақ» тәуелсіз газеті редакциясы» деген атпен тіркелген еді. Бірақ газетті бұл атпен сол кездегі Ақпарат министрі тіркеуден бас тартқан соң, үш айлық айтыс-тартыстан соң, газет «Жас қазақ үні» болып тіркелді. «Жас қазақ үні» бірақ ел ішінде «Жас қазақ» деген атпен де белгілі болып келді.
«Жас қазақ үні» газеті республикаға белгілі қоғамдық-саяси ұлттық басылым. Өткірлігі мен әділдігі және көбінесе біржақты басылымдар арасында билікті де, оппозицияны да ашық та, батыл сынайтынымен ерекшеленеді. Ең басты мақсаты – Ұлт мүддесінің ұпайын түгендеу.
Негізгі тақырыбы – мемлекет пен ұлт мүддесін қорғау. Парламент депутаттары Мемлекеттік тілге қарсы шыққанда, оның стенограммасын жариялап жіберген газеттің сең қозғаған сенсациялық мақаласы елімізді дүр сілкіндіріп, зиялы қауымның Сенат пен Мәжіліске Ашық хат жолдауына себепші болды. Оны көптеген баспасөз құралдары қатты қолдап кеткені белгілі. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақтанда» біртуар қайраткер Шерхан Мұртаза: «Кімнің кім екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетін ғана оқып, біле аласыздар» десе, «Қазақ әдебиеті» газеті: «Жас қазақ үні» бір мақаласымен-ақ ұйқыдағы жұртты оятты» деп жазды.
Қазір «Жас қазақ үні» – бар қазақ үніне айналды. Сондықтан да электрондық порталымыз www.qazaquni.kz деп аталып отыр. ”Көптеген ұлт қайраткерлерінің ұсыныстары бойынша газетіміздің аты да болашақта «Қазақ үні» деп аталуы мүмкін…” деген едік. Енді міне, оқырмандарға айтар қуанышты жаңалығымыз – газетіміз “Қазақ үні” аталды.
«Қазақ үні» газеті Бас директоры-редакторлар кеңесі төрағасы, оның негізін қалаушы Қазыбек ИСА.
Қазыбек ИСА елімізге белгілі ақын, көсемсөз шебері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, “Құрмет” ордені иегері.
Қазыбек Жарылқасынұлы Иса 1962 жылы туған, Мақтарал ауданы, Бірінші май ауылында дүниеге келген.1984 жылы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген. 1984 – 2000 жылдары «Қызылқұм» орта мектебінде мұғалім, «Жас қазақ» газетінің бөлім меңгерушісі, «Өркен» газетінің бөлім редакторы, «Қазақпарат» баспа-корпорациясының вице-президенті қызметтерін атқарды. Иса 1998 жылғы республика Президенті стипендиясының иегері, Қ.Сәтбаевтың 100 жылдығына байланысты өткен мүшәйраның бас жүлдегері, Түркістанның 1500 жылдығына орай өткен халықар. мүшәйраның жүлдегері. Қазыбек ИСА елімізге белгілі ақын, көсемсөз шебері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, “Құрмет” ордені иегері.