Сақтаған Бәйішұлы
Бәйішев Сақтаған Бәйішұлы - қоғам қайраткері, ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор (1962), Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (1956), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961). Марксизм – ленинизм институтын бітірген (Алматы, 1937). Ол 1909жылы , Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ақжа ауылында дүниеге келеді. Қазақ марксизм - ленинизм ғылыми зерттеу институтының директоры (1937 -1938), “Социалистік Қазақстан” (“Егемен Қазақстан”) газетінің жауапты редакторы (1938 - 1941) қызметтерін атқарды, осылармен бір мезгілде Алматы жоғары оқу орындарында дәріс оқыды. Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысқан (100-атқыштар бригадасының, 364-атқыштар дивизиясының саяси бөлім бастығы, Кеңес Армиясы Саяси бас басқармасы аппаратында жауапты қызметкер болды). 1946 - 1956 жылдары Қазақстан КП ОК жанындағы Партия тарихы институтының директоры, 1956 - 68 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының вице - президенті қызметімен қатар Экономика институтының директоры (1963 - 1967), 1968 - 1982 жылдары осы институттың бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Осы жылдары ол елімізде ғылыми кадрлар даярлау, жаңа ғылым салаларын қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосты. Қазақстандағы социал - демократиялық қозғалыстың тарихын жазу, марксизм - ленинизм классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, басып шығару жөнінде үлкен ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізді. Оның ұсынысы бойынша Партия тарихы институтында арнаулы аударма секторы құрылды. Мұнда көптеген әлеуметтік - экономикалық ұғымдардың қазақ тіліндегі баламалары тұңғыш рет тілдік айналымға енгізіліп, әлеуметтік - экономикалық әдебиетті ғылыми тұрғыда аударудың негізі қаланды. Бәйішевтің ғылыми еңбектері Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың тарихын, республика экономикасының даму кезеңдері мен саяси экономика мәселелерін зерттеуге арналған. Ғалым 300-ден аса ғылыми мақала, 7 монография жариялады. Бұл еңбектер сол кезеңмен үндес, республиканың әлеуметтік - экономикалық жағынан дамуындағы шұғыл қажеттіліктер талабына сай келді. Бәйішев Қазақстанның өндіргіш күштерін орналастыру, республика еңбек ресурстарын саралау және оларды қоғамдық өндіріс мақсатына тиімді пайдалану, республикада экономика ғылымын дамытудың ірі де келешегі мол бағыттарын тұжырымдаудың көш басында болды. Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты (1968). КСРО орден, медальдерімен марапатталған.