«Алшы» Бейжің төрін еншіледі
Қытайдағы бір жарым миллионнан астам қара көздің қазақ кино өнеріне үнсіз үлес қосып келе жатқаны белгілі. Шекараның арғы бетінде дүниеге келген «Жетім қыздың махаббаты», күні кешегі «Ақсарбас», «Көрікті мекен», «Гүлбике» фильмдері, міне, осы ойларға дәлел.
Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романы бойынша 1999 жылы Украинада түсірілген фильмге қатысқан Жанар Сағатқызы, Қытай Орталық киностудиясы түсірген тарихи «Шыңғысхан» телесериалында маңызды рөл ойнаған Ержан Жандарке, «Гүлбикедегі» Әлімжан сынды кәсіби актерлер Қытайдағы ғана емес, бүкіл әлемдегі қандастарымыздың даңқын шығарып жүр.
Жуырда болашағынан зор үміт күттіретін тағы бір жас режиссер Бейжің төрінде қазақ киностудиясын ашты. Ол – Қайсар Қабдолдаұлы. Студиясының аты – «Алшы». Осы барыста ол өзінің таза қазақ тілінде түсірілген «Мұңлы күн», «Қайран әке» сияқты тәрбиелік мән-мағынасы терең, жастардың сана-сезімін ояту мақсатында түсірілген кино туындыларымен көрермен ықыласын иеленіп үлгерді.
Қазақтың кино өнерін өркендетуге атсалысып, өнерімен өзгелерді мойындатқан ол Қытайдың астанасында тұңғыш қазақ киностудиясының шымылдығын ашты. Биылғы жылғы наурызда бой көтерген бұл шағын киностудияның мақсаты – қазақ киносының шетелдерге танылуына үлес қосу. «Ер туады еңіреп, елі менен жері үшін» дегенді жастайынан жүрегіне ұялатқан азаматтың кино саласында тер төгіп жүргеніне төрт жылдан асты. Осы аралықта оның «Сауға» атты фильмі Бейжіңде өткен студенттер кинофестивалінің алтын жүлдесін жеңіп алды. Қайсар Қабдолдаұлы сондай-ақ Қытайда түсіріліп жатқан көптеген телесериал мен киноларда атқарушы режиссер болып қызмет етуде.
«Жақсы жігіт – жаныңа жолдас, жаман жігіт – малыңа жолдас». Басты міндет – пайда табу емес, қазақ киносының мәртебесін көтеру және қазақтың жоғын жоқтау. «Алшы» киностудиясында бүгінде бірқатар маман бас қосуда. Тәжірибелі топ жиналып, қазақтың құндылығын дәріптейтін ұлттық үрдістегі жаңа туындыларды ойластырып жатырмыз. Әзірге қазақ киностудиясының қоржынында бірнеше жарнамалық жоба және шағын фильмдер бар. Болашақта көлемді көркем жобалар түсіріп, Қытайда қазақ киносының апталығын өткізбекпіз, – дейді Қайсар Қабдоллаұлы.
Қытайлық мықты режиссерлермен бірлесе отырып қазақ фильмдерін әлемдік деңгейге сай түсіруді көздеп отырған жас режиссер төл әдебиетіміздегі батырлар жыры мен аңыз-ертегілерді, қазақтың ірі тұлғаларын да кино тілімен насихаттап, қазақ мәдениетін әлемге танытуды армандайды. Ол сондай-ақ болашақта ұлттық бояуы қанық мультфильмдерді жарыққа шығару арқылы балалардың қажетін өтеуге тырысатындығын да жасырмайды.
Baq.kz