Қазақстан Ұлттық телеарнасы
Қазақстан Ұлттық телеарнасы - бiрiншi ұлттық қазақстандық телеарна. 1958 жылы негізі қаланған. Сол жылы "Қазақстан" ұлттық телеарнасы «Қазақстан қонақ үйі» 8 наурызда Алматы студиясынан алғашқы хабар берілді, желтоқсан айынан күнделікті 5 сағаттық хабар беріле бастады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақ теледидарының тарихында жаңа кезең басталды. 1994 жылы 4 сәуірде Қазақстан Президентінің жарлығымен "Қазақстан теледидары мен радиосы" республикалық корпорациясы болып құрылды. 2002 жылдан "Қазақстан" ұлттық телеарнасы деп аталды. Телеарнада күніне қазақ тілінде 4 рет, орыс тілінде 4 рет жаңалықтар топтамасын беретін ақпараттық талдау бағдарламасы дирекциялары, "Ел" (қоғамдық-саяси және әлеуметтік - экономикалық хабарлар) шығармаластық бірлестіктері жұмыс істейді. "Мезгіл", "Бар мен жоқ", "Қатардағы жауынгер", "Ақжүніс" топтама хабарлары беріледі. Екі тілде "Достық" тележурналы шығып тұрады. «Мир» телеаранасының тапсырмасы бойынша "Достастық жаңалықтары" беріледі. Телеарнаның 13 облыстық және 1 қалалық (Семей) бөлімшесі бар. Оның хабарларын 2003 жылы Қырғыстан, Өзбекстан, Ресейдің Қазақстанмен шекаралас 12 облысы мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономдық аудандарының тұрғындары көре бастады.
Тарихы
Мемлекеттік ақпарат саясатының ең ықпалды ресурстарының бірі саналатын Республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясы АҚ құрамында «Қазақстан» Ұлттық арнасы,"Қазақ радиосы", "Шалқар" және "Астана" радиолары бар. Бұған қоса Қазақстанның түкпір-түкпірінде он төрт облыстық филиалы жұмыс жасап жатыр, балаларға арналған «Балапан» арнасын іске қосты. Отандық телевизияның алғашқы қарлығашы ретінде ірге көтеріп, бүгінгі таңда Республика көрермендерінің 100% пайызын дерлік қамтитын Бірінші «Қазақстан» Ұлттық арнасы көршілес Ресей Федерациясы аумағына, Қырғыстан, Өзбекстан, Түркіменстен, Моңғолия, және Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы өңірлеріне хабар таратады.
«Қазақстан» - телевизиялық танымдық-тағылымдық, көңілашар-ойын-сауық, спорттық бағдарламалары өндірісінде көшбасшы орын алып, ұдайы даму үстінде келе жатқан үздік телеарналардың бірі.
Мемлекет атын иеленген Бірінші арнаның жаңа заманғы ең үздік құрылғылары техникалық аса күрделі тікелей трансляцияларды жүргізуге де зор мүмкіндігі бар. Соның мысалы ретінде, Мемлекет басшысының елдің барлық облыстарымен жүргізген телекөпірлері немесе әскери парадтар, кейінгі НАТО Саммиті, ЕҚЫҰ елдері-қатысушылары Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі, дүбірлі Азиада сияқты көптеген шаралар Ұлттық телеарнаның толықтай техникалық қолдауы арқылы өткізілді.
Бүгінгі таңда Ұлттық телеарна эфирінде әртүрлі жастағы көрермендерге арналған жаңалықтар мен ерекше ток-шоу жанрлары, ойын-сауық және танымдық бағдарламалар, қоғамдық-саяси, экономикалық хабарлар, сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамытуға негізделген жобалар көптеп саналады. Бұл бағытта Ұлттық арнаның таңертеңгілік ақпараттық-сазды "Таңшолпан" бағдарламасы жұмыс жасайды.
Сол секілді миллиондаған спорт жанкүйерлері де «УЕФА чемпиондар лигасы», «УЕФА Еуропа кубогі» сынды тартыстарды тамашалап өзге де көптеген ірі спорттық жарыстарды осы Бірінші Ұлттық арна арқылы көрсетіледі. Әсіресе, «Қазақстан» Ұлттық арнасы кейінгі Қысқы Азиада ойындарып жан-жақты көрсеткен.
Спорттық бағдарламалармен қатар көңіл серпілтетін ойын-сауық хабарларының бірі "Екі жұлдыз", «Кеш жарық» сияқты музыкалық шоулар. Әлемдік кеңістікке көз тігумен қатар ежелгі ұттық құндылықтарға да дендеп бет бұрған бұқара көпшіліктің көңілінен шыққан бағдарламалардың қатарынан «Сен сұлу» хабары. Айрықша бағдарламалардың бірі рухани өмірі аса бай, эстетикалық құндылықтары айрықша насихаттайтын, қазақ халқының қолданыстан шығып қалған көне сөздерін дәріптеуге бағытталған «Сөз мерген» бағдарламасы.
Қазақтың жезтаңдай әншілері дәстүрін үндейтін "Сегіз қырлы" бағдарламасы. Сондай-ақ, ұрпақты ұлттық мәдени құндылықтардың бағасын білуге баулып, бүлдіршіндер арасынан сол лайықты дәстүрді жалғастыратын болашақ өнер жұлдыздарын іріктеуге негізделген «Айгөлек» бағдарламасы. Отбасылық-ойын-сауықтық бағдарламасы «Толағай».
«Қазақстан» Ұлттық арнасы көрсетілімдерінің елеулі үлесі көркем фильмдер мен сериалдардың трансляциясына беріледі. Телеарна эфирі барлық фильм жанрларын ұсынып отырады - әлемдік классика, детектив, комедия, арт-хаус, триллерлер және экшн-фильмдер. Қазір қазақ елі көрермендеріне үздік түрік және корей сериалдары көрсетіледі
«Қазақфильм» киностудиясының "Тақиялы періште","Менің атым Қожа" , сондай-ақ, соңғы жылдардағы «Қызжылаған», «Көшпенділер», «Біржан сал» сияқты туындаларына беріліп жүр. Ұлттық арна түрлі жанрлардағы бағдарламалар шығарумен қоса көркемсуретті фильмдер жасаумен де айналасып келеді. Оған мысал ретінде жаңа заманғы көпшілік-ситком жанрында түсірілген «Айналайын», «Астанаға көктем кеш келеді» сияқты дүниелерді атауға болады.
Қазір жобалар өндірісінде телехабарлар таратудың виртуалды студиясы сияқты ең соңғы жетістіктері кеңінен қолданыла бастады. Графикалық технологияның дамуына байланысты жарық қою құпияларын жіті пайдалану арқылы жүзеге асатын виртуалды декорациялар жасау мүмкіндігі пайда болды. Телеарна жуырда өндірістің, сондай-ақ бейнеконтентті өңдеу мен сақтаудың сандық технологиясына көшті. Бүгінде белгілі бір оқиғаны жан-жақты қамтып көрсете алатын «Қазақстан» арнасындағыдай он екі камералық жылжымалы телевизия құрылғысы ТМД елдері телевизиясының көпшілігінде жоқ. Бұл техниканың ең соңғы буыны саналады.