Астанада халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың 100 жылдығына орай көрме ашылды
Астанада Тәуелсіздік сарайында халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың 100 жылдығына орай халықаралық конференция өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Суретшінің мерейтойлық көрмесіне Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік мұражай, Астана қаласының Қазіргі заманғы өнер мұражайы, Қарағанды және Павлодар қалаларындағы өнер мұражайларының қорларындағы, сондай-ақ, Ысмайыловтардың отбасылық коллекциясындағы суретшінің жүздеген туындысы қойылады.
«Суретшінің картиналарынан туған еліне, халқына, оның мәдениетінің байлығына, тарихына, табиғатына деген шексіз махаббат сезіледі. Суретші Сарыарқа даласының сұлулығын, Алатау, Алтай, Хан Тәңірі, Шамалған тауларының әсемдігін, Бурабай, Қапшағай және Кеген көлдерінің мөлдір суларының пейзаждарын бейнеленген, сондай-ақ, Қазақстанның танымал тұлғаларына арнаған тарихи картиналар салған, олардан болашаққа деген белгілі бір көзқарасты байқауға болады»,- дейді ұйымдастырушылар.
Бейнелеу өнерінің хас шебері Әубәкір Ысмайыловтың көп қырлы дарындылығы режиссура мен хореография салаларында да көрініс тапты.
Халық суретшісінің мерейтойлық көрмесі Тәуелсіздік сарайында 4 қыркүйектен 4 қазанға дейін өтеді.