Тағылым
ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ҰЛАНЫ
Ұлы Отан соғысы талайлардың шаңырағын ортасына түсіріп, талай боздақтың жанын құрбан еткені тарихтан белгілі. Расы керек біз көбіне сол кезде қолына қару алып, ел қорғауға аттанған асыл боздақтарымызды жиі еске түсіреміз. Әрине, бұған ешкім де дауласа алмас. Десек те Ұлы жеңістің қалай келгенін барлық жан жақты саралауға келгенде «байсалдылық» танытып алатындаймыз. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп ұрандатқан сол зұлмат жылдарда қолына қару орнына күрек ұстаған жандарды кейде естен шығарып алып жататынымыз да жасырын емес. Бұл ретте елде қалған еңкейген шал мен бұғанасы қатпаған балғын балалар басына түскен тауқымет те атан түйеге жүк боларлықтай еді. Осындай бақытты балалық шақтың балдәуренінде ауылдағы ауыр еңбекке араласқан жандардың қатарында бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Әбдірахман Аңсабаев ақсақал да бар.
Қостанай облысының Рудный қаласында тұратын кейіпкеріміздің өмір жолы әуелгіде қиындықпен басталды. Балалық шағы соғысқа тура келген сол кездегі барлық балалардың басындағы тағдыр Әбдірахман Құсайынұлының да маңдайынан сипамады. Күні түнгі еңбектің қаншалықты ауыр екені байқалса да, көппен көрген ұлы той оны жігерлендіре берді.
Хош, сонымен Әбдірахман ақсақал несімен ерекшеленеді? Әрине, бұл сұрақтың жауабы оның сонау 1944 жылы мамыр-желтоқсан айларында Орталықтың арнайы қаулысымен фашистердің тонауына түскен Украина жеріне Қостанай облысы атынан алты аудан малшыларымен бірге он мыңнан астам сиыр малын алты ай жаяу айдап, жол азабын тартып аман есен жеткізгендер қатарында болғандығы дер едік. Иә, былайша қысқа қайыра салуға оңай бұл сөйлем сол кездердегі азапты сәттердің орнын толтыра алмасы анық. Соғыстан көп зардап шеккен елдер қатарында Украинаның орны ерекше десек, сол жерге өзі де шылқып өмір сүріп отырмаған Қазақстанның қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмегі кім кімді де тебірентпей қоймай-тын ол кезде. Сол кездегі он екі жасар ұлдың Таран ауданынан аттанған табын айдаушы топпен бірге сапарға шығуы да ерлік еді...
Әкеден бес жасында қалған жалынды ұлан анасы Сарамен сапар шеккен сол жылдарды бүгінде сағынышпен еске алады. – Біздің Таран ауданынан аттанған қос табындағы малшылар тек біздің ұлттың өкілдері болды. Біздің табында анам Сара Ыбырайқызы, Ілияс Нұрманов, қарт малшы Жүсіпбек Оспанов және оның қызы Гүлзада, сондай-ақ Қожахмет (фамилиясын ұмытыппын) болды. Ал көршілес табында Сұлтан, Әбіш, Тойшыбай, Айша және тағы екі әйел болды. Өкініштісі сол олардың барлығы да бүгінде дүниеден озып кетті. Жол азабы көр азабы демей ме біздің қазақ. Соғыс әлі аяқталмаған кез. Жолшыбай көрген қиындықтарды айтып тілмен жеткізу тіптен мүмкін емес. Немістерден қалған миналардың әлі толық залалсыздандырылып бітпеген шағы-тын. Соның салдарынан арагідік жарылыстар болып, үрей құшағында жүріп отырдық. - деп бір тоқтады еңбек ардагері. Сонымен қатар ол осындай қиыншылықты өзге табындағы малшылардың да басынан өткізгеніне еш күмән келтірмейді.
Қостанай облысының алты ауданынан шыққан он мыңдай сиыр малын жаяу айдап, межеленген жерге жеткізуде күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, тіпті кейде ішер ас та мұң болып жүріп алты айшылық жол жүрген екі жүзден астам малшының еңбегі ұшан-теңіз. Олар өз кезегінде мемлекеттік маңызы жоғары, еліміз мерейін көтеретін тапсырманы ойдағыдай орындап шыққан жанкешті еңбектің үлгісін көрсеткен азаматтар. Сондықтан да оларға қандай құрмет көрсетілсе де артық емес,- дейді Ә. Аңсабаев.
Еңбектің өтеуі ерте ме , кеш пе әйтеуір бір жемісін бермей қоймайтыны анық. Әбдірахман ақсақалдың бастапқыда күрделілеу басталған балалық шағы кейін оның азамат болып қалыптасуында үлкен өмір мектебі болды. Бүгіндері елу жылдан астам уақыттан бері бірге ғұмыр кешіп жатқан қосағы Ғалия апай екеуі қос ұл тәрбиелеп өсіріп, одан немерелер сүйіп отырған бақытты отбасы.
Осы тұста бір әттеген-айды айтпай кетуге болмас, сірә. Саналы ғұмырын осы Рудный қаласында еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан ақсақалға қаланың құрметті азаматы атағының әлі күнге дейін берілмеуі еді. Түрлі сылтаулармен бірнеше рет қалалық мәслихатта ұсыныстардың өтпей қалуын ақсақал еш түсінбей әуре. Техника ғылымдарының кандидаты, доцент Әбдірахман Аңсабаевтың жарты ғасырдан астам қалада еңбек етіп тұруы мен кешегі сұрапыл соғыстың кезінде тәуекелге бел байлап, бүкіл еліміздің абыройын көтерген азаматтар арасынан табылғанының өзі неге тұрады. Бұл мәселені Рудный қалалық әкімдігі мен мәслихаты әлі де назардан тыс қалдырмайды деген үміттеміз. Иә, ақсақал үшін бұл аса маңызды шаруа бола қоймас, дегенмен еңбектің еленіп жатқаны сол жергілікті жердің де абыройы емес пе?!...
Қыдырбек