Түркиядағы қазақ радиосы 15 жылдығын тойлайды
Түркияда 15 жылдан қазақ тілінде хабар тарататын радио жұмыс істеп келеді. Радио түрлі танымдық бағдарламалар мен әлемде және шетелде болып жатқан соңғы хабарларды ұсынады. Қазақ редакциясында небары 4 адам жұмыс істейді. Бірақ, санның аздығы жаңалықтың сапасына еш әсер етпейді. 15 жылдығын тойлағалы отырған редакция жайлы «Қазақстан» ҰТА-ның тілшісі Бақытжан Омаров хабарлайды.
1998 жылдың қыркүйек айы. Түркияның телерадио корпорациясының жанынан қазақ тілінде хабар тарататын радио құрылды. 15 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан радионың Түркияда тыңдармандары көп.
Торғын Сезгін, Қазақ редакциясының бас редакторы:
Радио эфирге қысқа толқыннан шығады. Әлемнің барлық жерінен тыңдауға болады. Күн сайын жарты сағат тікелей эфирге шығамыз. Түркия туралы әр түрлі мағлұматтар бағдарламалар аясында беріліп отырады.
Қазақ редакциясында 4 адам жұмыс істейді. Штат санының аздығына қарамастан, қандастарымыз ғаламтор желісінде қазақ тілінде сайт та ашып, онда соңғы жаңалықтармен бөліседі.
Зейнеш Смайыл, редактор:
Мазмұны – қазақ-түрік әлемі. Сонымен қатар, экономика деген бөлім бар. Экономикада әлем,Түркия экономикасы, Түркиямен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстар туралы беріледі.
Бірнеше күннен кейін Қазақ радиосы 15 жылдығын тойлайды. Айтулы датаға орай эфирге жаңа бағдарламалар дайындалды. Сәтін салса, ғаламтор желісіндегі сайт та жаңарады.
BAQ.kz