Ұйғыр жазуы емес найман-моңғол жазуы
«Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде оқырмандармен кездесу барысында филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, алаштанушы, жазушы Тұрсын Жұртбай ел тарихын зерттеуге қатысты пікірін білдірді.
Ғалым кездесу барысында халқымыз қолданған әліпбилер жайлы айта келе: «Бізде тарихты оқыту кезінде «ұйғыр жазуы» деп оқытады. Тарихта ұйғыр жазуы деген мүлде жоқ. Дұрысы «найман-моңғол жазуы». Өйткені, дәл осы жазу шыққан тұста наймандардың тарих сахнасында салтанат құрғаны белгілі. Ал, жазулардың барлығы наймандар мекендеген аумақтардан табылды. Енді неге біз оны «ұйғыр жазуы» деп атауымыз керек?! Бұл мен ұсынған бір ғана дерек. Оның найман-моңғол жазуы екенін дәлелдейтін деректер жетіп артылады. Ұйғыр жазуы деп атап жүрген орыс зерттеушілері. Кеңестік идеология мұны санамызға әбден сіңірді. Қазақта бұрын жазу, өркениет болмаған деп, ұлттық құндылықтарымызды өзгелердің қоржынына салып берді» деп өз пікірімен бөлісті.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС
Baq.kz