ХІ бөлім
Кейбiр шығармалар талдау мен бағалауға едәуiр қиындық әкеледi. Мұның себебi олардың құрылысы, жалпы бiтiмi, оқиғалар жүйесi, кейiпкерлер қатары мүлде тосындықтан, айрықша өзгелiктен секiлдi. Осындай шығармалар тобына жазушы Iлияс Есенберлиннiң “Жанталас” романын қосуға болады.
Құрылыстық, оқиғалық кезегi жағынан алғанда роман “Алмас қылыш” пен “Қаһардың” аралығынан орын алады. Кейбiр қаһармандары да алғашқы романмен жалғастық байқатады. Сюжеттiк, композициялық бiтiмiне қарағанда “Жанталас” “Қаһардан” гөрi “Алмас қылышқа” жақын. Мұнда да аңыз, шежiре, жазба тарих әңгiмесi әлеуметтiк, психологиялық талдаумен ұштасып жатады. Аталған екi кiтапта да ауыз әдебиетiнiң, эпостың бейнелеу тәсiлдерi күрделi орын иелейдi, айтушының, баяндаушының қызметi ерекше күштi. Бiрақ бұндай сырт ұқсастықтармен қатар бұларда мықты айырмашылықтар да кездеседi. Романның өзiндiк идеялық, көркемдiк ажарын анықтауға кiрiспестен бұрын мұндағы оқиғалық жүйелер құрамын қысқаша мазмұндап өтудiң қажеттiгi бар.
Романның бiрiншi бөлiмiнде Жоңғар елiнiң жаулаушылық тарихынан, қазақ жерiне шабуылды қалай әзiрлегенiнен, ұрымтал тұсты пайдаланып, жойқын соғыс бастағандығынан шежiре шертiлiп, қазақ халқының ауыр қасiретке душар болғаны, содан кейiн бiрте-бiрте ес жиып, күш қосып, Бұланты өзенi мен Алакөл бойында алғашқы екi жеңiске жеткенi айтылады. Сонымен қатар Бұхар жыраудың әңгiмесi арқылы өткен тарихтың – Хақназар хан тұсындағы ахуал мен қазақ жұртының Бұхар ханы Абдолла әскерiнен Сауран қаласын қалай сақтап қалған хикаясы қозғалады.
Ал шығарманың екiншi бөлiмi Әбiлхайыр, Бөгенбай бастаған қазақ қолының Ордабасы деген жерде жоңғарларға күйрете соққы бергенiне, Бұхардың Тәуекел хан заманынан айтқан әңгiмесiне, Әбiлхайырдың орыс патшалығының қол астына кiрiп, әрi елдiң тыныштығын сақтау, әрi өзi бүкiл қазаққа хан болмақ әрекетiнен, ақырында ол арманына толық жете алмай, патша әкiмдерiнiң ойыншығына айналғанына, саяси аренаға оның ұлы Нұралының шыққанына, Барақ сынды бақталас сұлтанның Әбiлхайырды өлтiргенiне, қысқасы, жоңғар шабуылының салдары қазақ қауымын қандай тың бетбұрысқа итермелегенiн көрсетуге арналған. Романның соңғы, үшiншi бөлiгiнде Абылайдың және оның батырларының жоңғар мен Қоқан билеушiлерiнен қазақ жерiн азат ету жолындағы ауыр, даңқты күрестерi, Абылайдың дербес қазақ хандығын бүтiн, тәуелсiз етiп ұстап тұруға бағытталған iстерi тiзiлген. Шығарма ақыры Абылайдың дүниеден қайтар алдындағы Бұхар жыраумен диалогы берiлумен бiтедi.