VII бөлім
I.Есенберлин қаламынан кейiнгi жылдары туған “Айқас”, “Қатерлi өткел”, “Ғашықтар”, “Қаһар”, “Алтын құс” тәрiздi романдар көтерген тың мәселелерiмен де, көрсеткен адам тұлғаларымен де қызғылықты, елеулi шығармалар екенi әркiмге аян. “Айқас” романы үшiн кiтап авторына Қазақстан Мемлекеттiк сыйлығы берiлуi, “Алтын құс” романы бұл айтқанымызды сипаттайды. “Қатерлi өткелдiң” кезiнде КСРО Мемлекеттiк сыйлығына ұсынылып, бүкiл одақтық оқырман iлтипатына iлiнуi кездейсоқ болмаса керек. Ал “Қаһар” романының идеялық – көркемдiк iрi деңгейiн жұртшылық жақсы түсiнiп қабыл алды. Бұл шығармасы арқылы жазушы тарихи тақырыпты игеру жөнiнде батыл жаңашылдық көрсеттi. Аз жылда тақырыбы, проблемасы түрлi – түрлi оншақты роман жариялау фактiсiнiң өзi I.Есенберлиннiң шығармашылық қуаты мен құлашын айқын аңғарта алады.
I.Есенберлиннiң “Алмас қылыш” романы көне тарихтың көмескi тұстарын қайта жаңғырта көрсетуге арналған. Романның оқиғалық негiзiне сонау ХV ғасырдағы бiртұтас қазақ хандығын құру жолындағы әрекет, күрестер, кейiпкерлер ретiнде аты тарихқа белгiлi хандар, ақын, жыраулар, қарапайым халық өкiлдерi алынуы бұл шығармаға деген заңды қызығу тудырады. Өйткенi әдебиетiмiз қанша өстi – өркендедi дегенмен, бiзде соңғы кезге дейiн ХIХ ғасырдан iлгерiдегi оқиғалар мүлде дерлiк суреттелген емес. Мұндай жағдайда халық тарихындағы аса жауапты, ұрымтал тұстарды тұңғыш рет таныстырған шығармаларға әдiлдiк пен ықыласымыз да айрықша болуға тиiс…
Бiздiңше, I.Есенберлиннiң “Алмас қылыш” романының жұртшылық үшiн ең маңызды жерi – өзге мамандар түгiл тарихшылардың өзi де әлi күнге дейiн жете зерттеп болмаған кезең – ХV ғасыр оқиғаларын роман – хроника түрiнде тұңғыш рет жүйелi өрiп, аса көп керектi мағлұмат бере алатындығында. Қалың оқырман бұл кезге дейiн ХV ғасырда Жәнiбек пен Керей бастаған қазақ рулары Сарысу, Шу, Талас өзендерiнiң алқабында, Мойынқұм бойында алғаш рет қазақ хандығын құрды деген қысқа деректен өзгенi бiле бермейтiн. “Алмас қылыш” тарих кiтаптарында жазылған сараң тұжырымның тасасында қаншама хикмет жатқанын нақтылы оқиғалардың хронологиялық iзiне түсе отырып, кеңiнен баян етедi. Бұл шығарманың “сүйегi” түрлi кiтаптар, қолжазбалар, шежiрелер арасында шашырап жатқан анық фактiлерден құралғандықтан және оқиғалардың жылнамасы сақталғандықтан, мұны роман – хроника деп атаған абзал…