Олимпиада чемпиондары Астанаға келеді
Әр мемлекеттің туы астында өнер көрсететін спортшылардың тізіміне көз жүгіртсек, командалық есептегі бас жүлде үшін таластың өте тартысты өтетіні еш күмән туғызбайды. Бүгінгі таңда Қытай мен Қазақстан сары құрлықтың теңдессіз командалары саналғанымен, Астанадағы додада олар екінші құрамда өнер көрсетуді құп көріп отыр. Өйткені ауыр атлетика әлеміндегі көшбасшы қос мемлекет өздерінің негізгі күшін биылғы жылдың күзінде Польшада өтетін әлем чемпионатына жұмылдыруда. Есесіне, Солтүстік Корея Азия чемпионатына кіл мықтыларын әкелді. Солардың арасында Олимпиада ойындарының жеңімпаздары - Ом Юн Чол (56 келі), Ким Ун Гук (62 келі) және Рим Ен Сим (69 келі) сынды жұлдыздар бар. Осы үш спортшының орасан зор табысының арқасында аталмыш мемлекеттің зілтеміршілері Лондондағы жарыстың жалпы есебінде үшінші орынға табан тіреген болатын. Естеріңізге сала кетейік, бұл салмақтарда Қазақ елі намысын Арли Чонтей, Фархад Харки және Анна Нұрмұхамбетова қорғайды. Әрине, ғаламдық додада алдына жан салмаған спортшылармен иық тіресу оңай болмайды. Алайда жерлестеріміз де осалдар санатынан емес. Және де Қазақстан құрамасының осы жарысқа еш алаңсыз даярлануына Ауыр атлетика федерациясы, Спортты жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы, Спорт және денешынықтыру істері агенттігі, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры барынша қолдау көрсеткенін ескере кеткен жөн.
Жоғарыдағы деректерге қарап, командалық есептің бас жүлдесінен Қытай оңайлықпен бас тартады деген ой туындамауы керек. Азия чемпионаттарында олар бұл күнге дейін ешкімге есе жіберген емес. Тіптен басты қарсыластарының жерінде өткен жарыстардың өзінде Аспанасты елі өрендерінің үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Қытайлар қандай құрамда келсе де, олардың көздегені - алтын тұғыр.
Азиядағы алпауыттардың бірі - Иран құрамасының да әлеуеті өте зор. Бұл елде әйелдер ауыр атлетикамен айналыспайды. Сондықтан да олар жігіттерге сенім артады. Ал Парсы елінің ерлері өте мықты екенін майталман мамандардан бастап, қатардағы көрермендерге дейін біледі. Сол секілді Оңтүстік Корея мен Таиландтың да құрамында талай байрақты бәсекелерде оза шапқан шебер зілтеміршілер жетерлік, деп жазады «Аламан».