Шәкірттерінің сөзі
Сәкең ақсүйектік құрыптағы лицейлер мен колледждерде оқыған жоқ, кәдімгі кеңестік мектептің жұпыны қабырғасынан-ақ шыққан.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ
Спортты жазуға ауыз әдебиетімен, фразеологиялық тіркестермен, шешендік сөздермен қоян-қолтық астасып жататын тақырып кухнясына терең бойлайтын Сейдахмет Бердіқұловтың стилі керек екен.
Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ
Ол халқы үшін, Қазақстан жастары үшін, не мәселеде болсын Егеулі найза еді.
Ержұман СМАЙЫЛ
Сәкеңнің «Редактор идеялардың қайнар көзі болуы керек» деп қайталап айта беретін сөзін шындап сездім.
Жанболат АУПБАЕВ
Қара жердің қойнына тым ерте кеттіңіздер, неге асықтыңыздар?
Қыдырбек РЫСБЕКҰЛЫ
Сәкеңді де Жаратқан қазақ спорт қаламгерлерінің Көшбасшысы болсын деп сайлап жібергендей.
Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ
Cпорт журналистикасының атасы
Сейдахмет Бердіқұл – өзінің журналистік мектебін қалыптастырған бірегей қаламгер. Ол кісі – қазақтың спорт журналистикасының атасы. Осы саланың іргетасын қалаған қарымды жазушы. Біз бала кезден Сейдахмет ағаның шығармаларын сүйсініп оқыдық. Ағаның ешкімге ұқсамайтын жазу стилі, құнарлы тілі оқырманды бірден үйіріп алады. Ал спорттың қалтарысы мен ішкі иірімдерін жетік білуі тіпті ғажап. Сейдағаң спортты сондай бір махаббатпен жырлады, қара сөзден жыр маржанын түзді. Біз шалғайдағы ауылда жүріп сол ғажап жырларды қайта-қайта оқыдық, тоймадық, оқыған сайын спорттың ғана емес, ағаның шын жанкүйеріне, тілектес інісіне айналғанымызды білмей қалдық. Сейдағаң Алматыда отырып қиыр-қиырдағы жүз мыңдаған баланың жүрегіне от жақты, өзінің егеулі найзадай өткір де сұлу туындыларымен қазақ жанкүйерінің намысын қайрады. Біз спортқа Алланың бұйрығымен келдік, ал осы жолды таңдауымызға ағаның себепші болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Тағдырдың жазуымен 1985 жылы жазда ағаның қоластына тілші болып келдім. Бір кезде қабырғадағы бес сомдық радионың құлағына жабысып, спорт хабарларын ынтыға тыңдайтын қара бала осылайша күтпеген жерден атақты Бердіқұловтың шәкірті болып шыға келді. Содан тура бір жарым жыл бірге қызмет істеудің сәті түсті. Аға біз секілді жастарға мейіріммен қарады. Ал керек кезінде жоныңнан таспа тіледі. Артынша үлкен басымен кабинетіңе келіп, жазғандарыңның оңы мен солын бір-ақ ауыз сөзбен тарқатып береді. Әлгінде ғана жауар бұлттай түнеріп, қабағынан қар жауған Бердіқұлов емес, жүзінен мейірім төгілген Бердіқұлов тұрады алдыңда. Біраз жыл ағаның жазу мәнеріне көзсіз еліктеп, Бердіқұловша жазуға талпындық. Уақыт өте келе Бердіқұлов бола алмайтынымызды ұғып, өз қолтаңбамызды тапқандай болдық. Бірақ Сейдағаңның қолтаңбасы ешкімге ұқсамайды. Спортқа қалам тербеген ондаған қазақ журналисінің бірде-біреуі Бердіқұлов тәрізді соңынан шәкірт ерте алған жоқ. Олардың бірде-біреуі Бердіқұловтың көркемдік шыңына иек арта алмады. Нағыз ұстаз осындай болса керек.
Қыдырбек РЫСБЕК,
Бердіқұловтың шәкірті
Талапшылдығы таңғалдыратын
1974 жылы КазГУ-дің филология факультетін бітірген соң, ауылда бір жыл мұғалім болып, Алматыға қайта келіп, жұмыс іздеп жүрген едім. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті редакциясына келдім. Сол кездегі жастың да, үлкеннің де сүйіп оқитын газеті «Лениншіл жаста» жұмыс істеу әркімнің де арманы еді. Әлі есімде, сәуірдің 6-да Сейдахмет Бердіқұлов ағайдың бұйрығымен корректор болып жұмысқа қабылдандым. Бұл – 1976 жыл еді. Дәл сол кезде партияның 24 съезі өтіп жатқан-тын. Ағайдың: «Қарағым, бұл жұмыс оңай емес. Әрбір үтір мен нүктеге абай болу керек, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Оның үстіне съезд материалдарына өте мұқият қарау керек. Газет жұмысының нағыз қызған кезіне тап келдің» деген сөздері әлі күнге дейін жадымда. Ол кісі өте талапшыл еді. Газет бетіне кетіп бара жатқан материалдың сөйлем құрылысына, үтір, нүктесіне дейін мұқият қарайтын. Нөмірге жақсы мақала кетіп бара жатса, балаша қуанатын. Бірде ертеңгі нөмірге Қали Сәрсенбайдың «Қара кемпір» деген мақаласы шығып бара жатты. Сонда Сейдахмет ағайдың: «Мынау керемет, сенсация ғой» деп риза болғаны бар еді. Мақтайтын жерде мақтап, ұрысатын жерде ұрысып та алатын әділетті басшы болатын. Адам бойындағы қасиетті дөп басып, дәл танитын психолог та еді. Осындай үлкен жүректі, білікті басшының көзін көріп, ұлағатын естіп, қоластында жұмыс істегенімді өзіме бақыт санаймын. «Жас Алаштың» 90 жылдық тойында баласы Заңғарды көргенде, Сейдахмет ағаны көргендей болып, көңіл босағаны бар. Бәрімізге әкеміздей қамқор болған, ерекше болмысымен есте қалған жайсаң жанды ұмытпаймыз.
Бағдат БӘКІРОВА