Астанада 2017 жылы жеңіл рельсті трамвай пайдалануға беріледі.
Президент тапсырмасы бойынша қала әкімдігінде «Астана қаласының жаңа көлік жүйесі» жобасы әзірленуде. Жобада жылдам жүретін жеңіл рельсті көлік жүйесін салу ескерілген. Ол елорданың негізгі көлігіне айналады және тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызбақ.
Сарыарқа ауданы әкімдігі таратқан мәліметке сүйенсек, жобаны үш кезеңге бөліп салу жоспарланған. Трамвай желісінің ұзындығы 42,1 шақырымға созылады. Жер бетіндегі ұзындығы 12 шақырымнан астам, эстакада жолының ұзындығы 30 шақырым болады. Бұған қоса, Астананың климаттық жағдайын ескере отырып, желдету және жылыту қондырғылары бар жабық стансалар салу жоспарланған. Жолаушыларға ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы үшін стансаларда жерасты өткелдері салынып, жеделсаты және эскалаторлармен жабдықталады. Перрон бөлігі мен жол арасында автоматты рұқсат беру жүйесі (вагон есіктерімен бір уақытта ашылатын шыны есіктер) орнатылады.