Инновациялық бес жоба
«Open Wi-Fi»
Алғаш болып іске қосылған «Open Wi-Fi» жобасы – Wi-Fi нүктелерін орнату арқылы халықты тегін интернет желісімен қамтуға бағытталған. Жобаның бірінші кезеңі 2011 жылы сол жағалауда бастау алды. Екінші кезеңінде елорданың тарихи ескі бөлігіндегі қоғамдық орындар қамтылды.
Ең алғаш Wi-Fi нүктесі Есілдің сол жағалауындағы «Нұржол» саябағында қолданысқа енгенін айту керек. Тегін интернеттің осындай 16 желісі іске қосылғаннан кейін оның жылдамдығы едәуір артып, халықтың көңілінен шықты. Бүгінде жоба шеңберінде Астананың көптеген орындарында ғаламтор арқылы ақпарат алмасуға мүмкіндік жоғары. Мәселен, Wi-Fi нүктелері қалалық циркте, астаналық саябақта, «Қазақстан» орталық концерт залында, Тәуелсіздік сарайында, Бейбітшілік және келісім сарайында, «Шабыт» сарайында, «Астана-Арена» стадионында, «Алау» мұз айдынында және барлық ойын-сауық орталықтарында орнатылған. Қала тұрғындары мен қонақтары осылайша кез келген уақытта интернетті пайдалана алады.
2012 жылы да ауқымды жұмыстар атқарылды. Қаланың қоғамдық орындары мен ғимараттарына Wi-Fi нүктесінің барлығы 296 құрылғысы орнатылды. Сонымен бұл жоба тәмамдалып, қаланы тегін интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары сәтті аяқталды. Нәтижесінде тәулігіне 20 мың адам Wi-Fi нүктесін тегін пайдаланады екен.
Болашақтың мектебі
«Болашақтың мектебі – бүгін» жобасы Астана мектептеріне кешенді қауіпсіздік жүйесін енгізуге арналған.
Оқушыларға берілетін көп функциялы электронды куәлік мектепке келген және мектептен қайтқан уақытта ата-аналарына sms арқылы хабар беріп отырады. Жоба болашақта мектептегі тамақтануды немесе қоғамдық көлікте жүру ақысын төлеу қызметтерін атқара алады. Бүгінде аталмыш жобаның қанатқақты нұсқасы №54 мектеп-лицейіне тәжірибе ретінде іске қосылды. Жобаның екінші кезеңі қаладағы 10 мектепте енгізіледі. Сонымен қатар, «Е-асхана», «Е-кітапхана» және «Бейнебақылау» жобалары да жүзеге асып, жоба аясы кеңейе бермек.
«Е-жедел жәрдем»
«Ақылды қаланың» ақылды қадамы – «Е-жедел жәрдем». Ол жедел медициналық жәрдем қызметінің сапасын арттыруды діттейді.
Бүгінде тұжырымдама аясында 59 жылжымалы медициналық жедел жәрдем бригадасы электронды планшеттік құрылғылармен жарақтандырылды. GPS-навигатор, IP-телефония және электронды медициналық анықтамалық – негізгі үш функцияны атқарады. GPS-навигатор жедел жәрдем бригадасына қала көшелеріндегі кептелістен айналып өтіп, жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. IP-телефония арқылы пациентпен тікелей байланысқа шығу мүмкіндігі бар. Электронды медициналық анықтамалықта аурудың диагностикасы, емдеу тәсілдері мен дәрілік препараттар туралы қажетті ақпараттар топтастырылған.
Нәтижесінде, медицина қызметкерлерінің жұмысы бірнеше пайызға жеңілдеген. Қоңырау қабылдау және науқасқа жету уақыты азайып, планшет көмегімен көрсетілген мекенжайға кедергісіз жету едәуір жақсарған.
Алдағы уақытта қызмет тетігін жетілдіру үшін қызметкерлердің білім сапасын тексеретін онлайн тест жүйесі мен қосымша басқа бригадаларды жабдықтау жұмыстары жүргізілетін болады.
«3D технологиялар орталығы»
Төртінші жоба – «3D технологиялар орталығы» жобасы. Заманауи 3D технологияларды оқыту, зерттеулер мен сараптама жасау орталығының алға қойған мақсаты көп.
Жобаның мазмұны – сәулет өнері, құрылыс, машина жасау, медицина және т.б. салалардағы жобаларды интерактивті симуляциялау мен визуализациялау. Мамандар жобаның тиімділігін жоғары бағалап отыр. Біріншіден, өндірістік және бюджеттік шығындар төмендейді. Екіншіден, экономиканың басым салаларында еңбек өнімділігін көтереді. Кез келген жобаны 3D-модельдеу, 3D-жобалау және 3D-құрастыру арқылы нақты нәтижесін береді. Өндірістік кезеңнің уақытша шығындары мен құнын қысқарту өз алдына ұзақ әңгіме.
Бизнес-инкубатор
Ақылды қаланың келесі қадамы – технологиялық бизнес-инкубатор, инвесторларға қолдау көрсету орталықтары. Бұл инновациялық дамуға серпін беретін тың бастама екені сөзсіз.
Бизнес-инкубатор жобасында инновациялық менеджмент пен отандық және халықаралық сарапшыларды шақыру арқылы жобаларды басқару негіздері жөнінде дөңгелек үстелдер, тренингтер және дәрістер өткізіліп тұрады. Мұнда келіссөздер жүргізу, идеяларды талқылау, оны жүзеге асыру үшін барлық жағдайлар жасалған.
Әлемнің көптеген елдерінде кәсіпкерлерге қызмет көрсету ақылы жүргізіледі. Мәселен, Санкт-Петербургтағы «Ингрия» техносаябағында бағдарламалардың бағасы айына – 500 рубль, ал инкубаторлау бағдарламалары 1500 рубльді құрайды.
Бас қаланың ерекшелігі де сол, бизнес-инкубатор жобасына қатысу тегін. Семинар, тренинг кезінде кәсіпкерлерге тегін пицца мен сусындар ұсынылады. Астанада кәсіпкерлік орталық құру басты мақсат болғандықтан, атқарылған жұмыстың нәтижесі көңіл қуантады.
Осы уақытқа дейін «Кәсіпкерлік экожүйе мен Greenfield және Brownfield дегеніміз не?», «Кәсіпкерлік стратегия және құндылықтарды құру. Жобаның бизнес жоспары мен тұжырымдамасын қалай жасауға болады?», «Потенциалды нарықты қалай бағалауға болады?», «Бизнесті немесе дизайнерлік модельді қалай дұрыс қалыптастырып, таңдауға болады?», «Idea Pitch 90 секундта өзіңіздің идеяңызды қалай айтуға болады?», «Бизнесті ойлау мен құру стратегиясын қалыптастырудағы когнетивті ерекшеліктердің әсері» және тағы басқа ауқымды тақырыптарды қамтыған семинарлар азаматтардың бизнес туралы түсінігін кеңейтуге ықпал еткен.
Күдіктіні кім анықтайды?
«Ақылды қала» жобасының негізгі бағыттарының бірі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Астана қаласының мамандары күдікті азаматтарды анықтау жүйесін енгізу жөнінен израильдік компаниялардың тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр. Бұл жүйе құқық қорғау органдарына іздеуде жүрген немесе жүріс-тұрысы күмәнді көрініп тұрған азаматтарды қоғамдық көлікте белгі беру арқылы оңай анықтайды. Қазіргі таңда аталмыш компания-мен «Астана Innovations» АҚ арасында тығыз қарым-қатынас орнауда. Интеллектуалды қауіпсіздік жүйесін енгізу миллиондаған долларға бағалануда, алайда, мамандар оның өзін-өзі ақтайтынына сенімді.
«Sime Technology» компаниясының бұл жетістігі Израильдің өзінде көптен қолданылып келеді. Осыдан он шақты жыл бұрын Израильде жиі орын алған террористік қимыл-әрекеттер осы жобаның арқасында тыйылған көрінеді.
Сондай-ақ, Астана әкімдігі әрбір тұрғынның, көліктегі жол ақысын, емханадағы немесе ауруханадағы қызмет түрін төлеуіне, дәріханалардан дәрі алуына мүмкіндік беретін бірегей әлеуметтік картаға өту жөнінде тағы бір «ақылды» шешімді қарастыруда.
Г.Аймағанбет