Жаңалықтар

Момын Ана

Қазақтың қария сөзінде Орта жүз Арғынның Аргүл есімді бәйбішесі ақылына көркі сай, оған қоса адуынды адам болыпты. Келін болып түскен соң Арғыннан Тоты есімді бір қыз, Мейрамсопы есімді бір ұл көріп, баладан тоқтап қалса керек. Содан, Тәңірдің берейін десе рахымы мол ғой деп, біраз жыл күтеді, бірақ бала болмайды. Ақыры әрі ойланып, бері ойланып Аргүл бәйбіше «Қой болмас, өмір өтіп барады, отағасымның бауырын суытпайын, жорық кезінде Ұлы жүз Бәйдібек бидің Момын деген қызына көзі түсті дегенді естіп едім, сол қызға өзім барып құда түсейін!» деген ойға бекініп, жөн-жоралғысын сайлап жолға шығады. Бәйдібектің ауылы орынында, Момын қыз үйінде екен. Бәйдібек би «Бастасымның бәйбішесі келді!» деп, шат көңілмен қарсы алады. Сол күні түнде Момын қыз түс көреді. Түсінде бір ақиық қыран аспаннан сорғалап келіп Момынға жеті рет түседі. Қыран бүркіт әрбір түскен сайын Момынның бауырына бір-бірден жұмыртқа пайда болып, жетіге жетеді. Сол жеті жұмыртқаны қызықтап, бауырына басып жатқанда одан жеті балапан шығады. Жетеуі де жұтынып, көктегі қыран әкесіне қарап, қанаттарын сабалай бастағанда Момын қыз оянып кетеді. Осы түсін ерке де еркін өскен Момын қыз таңертеңгі дәм үстінде айтып береді. Сонда Бәйдібек би: «Шырағым-ай, түсіңнің түйіні бар екен, «Қырықтың бірі − Қыдыр» деуші еді, жоруын бастасымның бәйбішесі Аргүл айтсыншы!» дейді. Аргүл көктен тілегені жерден табылғандай қуанып кетеді. Сол жерде келген шаруасымен сабақтай отырып, Момынның түсін былай жориды: «Ақиық қыран − Арғын би болар, аңсары ауса айналып қонар. Өңдеріңде танысып, түстеріңде табысып жүрсеңдер, бір-біріңе ықыластарыңның ауғаны болар! − деп келіп, жүзін Бәйдібек биге бұрып сөзін жалғайды. − Уа, Бәйдібек би, қызыңның бауырына береке дариын деп тұр екен, бастасыңа қи, менің де ниетім қабыл болып, көңілім толып қайтсын!» дейді. Бәйдібек би үн-түнсіз төмен қарап отырып қалыпты. Сонда, ерке де еркін өскен Момын қыз үнсіздікті бұзып: «Әке, Арғын ағаның қанатының астында болсам, ешкімнен қор болмаспын. Батаңызды беріп, ұямнан ұшырыңыз, мен қарсы емеспін!» депті. Осылайша Арғын би Момынға үйленеді. Момын қыздың түсінде көргені өңінде келіп, Арғыннан жеті ұл көреді. Ол жетеуі өсіп − өніп, өркен жайып, Орта жүз арғын ішіндегі «Жеті Момын» деп аталатын іргелі руларға айналады. Шежіре деректерінің басым көпшілігі Арғын ішіндегі "Жеті Момынға" − Қанжығалы, Тобықты, Бәсентиін, Бәйімбет, Жанай, Қарауыл, Атығай руларын жатқызады. Бұларды «Ортаншы арғын» деп те атайды. М.Ж.Көпейұлы Момыннан өрбіген деп қанжығалы, тобықты, қарауыл, бәсентиін, атығай, дәуіт аталарын атайды (Дерек беруші Мұқатұлы Ғалымжан (1905-1976), Ақмола облысы, Ерейментау ауданы).
10.06.2013 04:21 8404

Қазақтың қария сөзінде Орта жүз Арғынның Аргүл есімді бәйбішесі ақылына көркі сай, оған қоса адуынды адам болыпты. Келін болып түскен соң Арғыннан Тоты есімді бір қыз, Мейрамсопы есімді бір ұл көріп, баладан тоқтап қалса керек. Содан, Тәңірдің берейін десе рахымы мол ғой деп, біраз жыл күтеді, бірақ бала болмайды. Ақыры әрі ойланып, бері ойланып Аргүл бәйбіше «Қой болмас, өмір өтіп барады, отағасымның бауырын суытпайын, жорық кезінде Ұлы жүз Бәйдібек бидің Момын деген қызына көзі түсті дегенді естіп едім, сол қызға өзім барып құда түсейін!» деген ойға бекініп, жөн-жоралғысын сайлап жолға шығады.

Бәйдібектің ауылы орынында, Момын қыз үйінде екен. Бәйдібек би «Бастасымның бәйбішесі келді!» деп, шат көңілмен қарсы алады.

Сол күні түнде Момын қыз түс көреді. Түсінде бір ақиық қыран аспаннан сорғалап келіп Момынға жеті рет түседі. Қыран бүркіт әрбір түскен сайын Момынның бауырына бір-бірден жұмыртқа пайда болып, жетіге жетеді. Сол жеті жұмыртқаны қызықтап, бауырына басып жатқанда одан жеті балапан шығады. Жетеуі де жұтынып, көктегі қыран әкесіне қарап, қанаттарын сабалай бастағанда Момын қыз оянып кетеді.

Осы түсін ерке де еркін өскен Момын қыз таңертеңгі дәм үстінде айтып береді. Сонда Бәйдібек би: «Шырағым-ай, түсіңнің түйіні бар екен, «Қырықтың бірі − Қыдыр» деуші еді, жоруын бастасымның бәйбішесі Аргүл айтсыншы!» дейді.

Аргүл көктен тілегені жерден табылғандай қуанып кетеді. Сол жерде келген шаруасымен сабақтай отырып, Момынның түсін былай жориды: «Ақиық қыран − Арғын би болар, аңсары ауса айналып қонар. Өңдеріңде танысып, түстеріңде табысып жүрсеңдер, бір-біріңе ықыластарыңның ауғаны болар! − деп келіп, жүзін Бәйдібек биге бұрып сөзін жалғайды. − Уа, Бәйдібек би, қызыңның бауырына береке дариын деп тұр екен, бастасыңа қи, менің де ниетім қабыл болып, көңілім толып қайтсын!» дейді.

Бәйдібек би үн-түнсіз төмен қарап отырып қалыпты. Сонда, ерке де еркін өскен Момын қыз үнсіздікті бұзып: «Әке, Арғын ағаның қанатының астында болсам, ешкімнен қор болмаспын. Батаңызды беріп, ұямнан ұшырыңыз, мен қарсы емеспін!» депті.

Осылайша Арғын би Момынға үйленеді. Момын қыздың түсінде көргені өңінде келіп, Арғыннан жеті ұл көреді. Ол жетеуі өсіп − өніп, өркен жайып, Орта жүз арғын ішіндегі «Жеті Момын» деп аталатын іргелі руларға айналады.

Шежіре деректерінің басым көпшілігі Арғын ішіндегі "Жеті Момынға" − Қанжығалы, Тобықты, Бәсентиін, Бәйімбет, Жанай, Қарауыл, Атығай руларын жатқызады. Бұларды «Ортаншы арғын» деп те атайды.

М.Ж.Көпейұлы Момыннан өрбіген деп қанжығалы, тобықты, қарауыл, бәсентиін, атығай, дәуіт аталарын атайды (Дерек беруші Мұқатұлы Ғалымжан (1905-1976), Ақмола облысы, Ерейментау ауданы).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға