Диденколар әулеті
ПЕТРОПАВЛ Жалпы еңбек өтілі 55 жыл
Петропавл қаласындағы С.М. Киров атындағы зауытқа жұмысқа қабылданғанда Володя Диденко небәрі 17 жастағы жасөспірім еді. Сол жылдары зауыттың дүркіреп тұрған шағы болатын. Барлық тың бастамалар осы өндіріс орнында қолға алынып, іске асатын дейді BNews.kz тілшісі.
«Мен осыдан 50 жыл бұрын бастаған кәсібім – металл кесумен әлі күнге дейін айналысып келемін. 90-шы жылдары зауыт тұралап қалған кезде де ешқайда кетпедім, уақыты келгенде барлығы қайтадан қалпына келіп, жалақының орнына металл емес, ақша аламыз деп сендім. Зауытымызға сұраныс болар шақ алда деп сендім. Одан бері аз ғана уақыт өтсе де, қазіргі басшымыз Марат Мұқанұлы Әбілмәжінов келген соң зауыттың жұмысы қайта жанданды. Ең бастысы қарапайым еңбек адамдарына деген қарым-қатынастың өзгергенін сезіндік»,-дейді 69 жастағы Владимир Алексеевич Диденко.
«Бір кездері металл кесу кәсібіне мені үйретсе, енді жастарды оның қыр-сырын өзім баулып келемін. 5 жыл бұрын менің немерем Александр бізге жұмысқа келгенде қатты қуандым. Бастысы немерем өзінің мамандығын мақтан тұтады»,-дейді В.А. Диденко.
Атасының сөзін қостаған Александр Диденко «Жұмысымыз күрделі, қазір осы заманғы құрал-жабдықтар шығып, металл кесудің мүмкіндігі молайды. Біз жасаған тетіктер мен саймандар «ақылды» құралдарды жинауда қолданылатынын білеміз»,-деп пікірімен бөлісті.
Осындай жандармен кездескенде елдің байлығы, оның көркеюінің кепілі және болашақ жеңісі энергоресурстар да емес, адами әлеует пен рухы мықты жандар екенін түсінесіз.
Мұндай еңбек династиялары ұлттық әлеуметтік саясаттың тұрақтылығының түпқазығы. Жаһандық проблемалар жағдайында елдің тұрақты түрде дамуына серпін беретін де осылар. Өз ісінің шеберлері жайлы Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында да айтылған. Еңбек адамы республикамыздың әрбір азаматы үшін абырой әрі мақтаныш болуы керек.
«Қазір бүкіл әлем тұтынушылық идеологиясының өрге жетелемейтінін ұғынды. Бұл өркениетті дамыған елдерде бұқаралық әлеуметтік масылдыққа әкеп соқты, және жаһандық дағдарыстың бірден бір себебі болып отыр. Бүкіл дүниежүзінде емес, дамыған елдердің өзінде де іске аспайтын жалған идеяны конструктивті баламамен алмастыруға әбден болады. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы бұған балама бола алады,- деп жазылған мақалада.