Әлемнің ең бай 10 спортшысы
«Нұр Астана» газеті әлемнің ең бай 10 спортшысының тізімін ұсынады.
10. Лионель Месси. Соңғы төрт жылда ең үздік футболшы атанған аргентиналық шабуылшы ең бай спортшылардың ондығын қорытындылап тұр. Өткен жылы «Барселона» ойыншысының жылдық табысы 41,3 миллион долларды құрады. Оның 20,3 миллионы Мессидің жалақысы болса, қалғаны әртүрлі жарнамалардан түскен.
9. Криштиану Роналду. Португалдық ойыншы таяуда ғана «Реалмен» келісім шартын ұзартпайтынын мәлімдеді. Испан басылымдары бұның себебі шабуылшының алатын жалақысына көңілі толмайтындығымен түсіндіреді. Дегенмен, Роналду өткен жылы 44 миллион доллар пайда тапты. Корольдік клуб шабуылшыға 23 миллион жалақы төлеген, ал 21 миллионы демеушілер мен жарнамадан түскен қаржы.
8. Дэвид Бекхэм. Футболшылардың арасындағы қалтасы қалыңы ағылшын футболшысы болып отыр. Бекхэм 18 мамырда үлкен спорттан кететінін мәлімдеген. Алайда, бутсыны шеге ілу, оның қалтасына түсе қоймайтын тәрізді. Оның бір жылдық байлығы 47,2 миллион доллар. «ПСЖ» клубы Дэвидке 5,2 миллион доллар жалақы төлеген. Қалғаны тек демеушілік жолмен келген. Ең қызығы, Бехкэм париждік клубтан алған ақшасының бәрін қайырымдылық қорына жұмсапты.
7. Фил Микельсон. Әлемдегі №2 гольфші былтыр ғана әлемдік «Даңқ залына» енген болатын. Оның жылдық табысы 48,7 миллион долларға тең. Микельсон 4,7 милионды әртүрлі жарыстардан жеңіп алса, 44 миллионын демеушілер төлеген.
6. Аарон Роджерс (Америка футболы). «Грин-Бэй» клубының квотербегі сәуірде бесжылдық жаңа келісімшарт жасасты. Осыған сәйкес ол ҰФЛ-дағы ең жоғары жалақы алатын ойыншы атанды. Форбс журналы Роджерстің табысы 49 миллион доллар екенін мәлімдеген. Оның 43 миллионы жалақы болса, қалғаны демеушілерден түседі.
5. Дрю Бриз (Америка футболы/регби). «Жаңа Орлеанның» квотербегі әлемдегі табысы көп ҰФЛ* ойыншысы. Оның бір жылдық табысы 51 миллион доллар. Дрю Бриздің жалақысы Роджерстен 3 миллионға аз(40 миллион). Дегенмен, оған төленетін 11 миллион демеушілік қаржы Бризді ең бай спортшылардың қатарына қосты.
4. ЛеБрон Джеймс. «Майами» баскетбол клубының шабуылшысы ҰБА-ның чемпионы болды. Сондай-ақ, Олимпиада алтынын да тағынды.Оның жылдық табысы 59,8 миллион долларға тең. Джеймстің жалақысы 17,8 миллион болса, қалғаны демеушілік пен жарнамадан түседі.
3. Кобе Брайант. Әлемдегі ең үздік баскетболшылардың бірі былтыр 61,9 миллион доллар пайда тауыпты. Оның 27,9 миллионы ойыншының жалақысы болса, 37,4 миллионы тек жарнамадан түскен.
2. Роджер Федерер. Әлемнің №1 ракеткасы әлемдегі ең бай теннисші атанып отыр. Швейцариялық спортшының қалтасы былтыр 71,5 миллион долларға қалыңдаған. Федерерге демеуші болуға талпынатындар өте көп. Сондықтан шығар, ол 65 миллион долларды тек жарнамадан тапқан екен. Қалғаны әрине Федерердің жалақысы.
1. Тайгер Вудс. Америкалық гольфші екі жылдың ішінде әйелімен ажырасты, көлік апатына ұшырады, 5 демеушісінен айрылып қалды. Дегенмен, 2012 жыл ол үшін табысты болды. Вудс ірі 6 турнирде жеңіске жетті. Осының арқасында Вудстың табысы 78,1 миллион долларға бір-ақ секірді (13,1 – жалақы, 65 – демеуші).