Астанада көп балалы отбасы мал қорада тұрып жатыр
Астанада көпбалалы отбасы мал қорада тұрып жатыр. Кезінде қой қозылап, шошқа торайлаған шағын сарайда бүгінде 4 бүлдіршіннің балалық шағы өтуде. Үй қожайыны жануарлардың жем-су ішуіне арнап салынған аумақты асханаға, қораның ірі қара байлаулы тұрған бөлігін балалар бөлмесіне айналдырып алған. Алайда, үй ішіндегі қолаңса иіс пен еденнен жоғары көтерілген сыз қораның адамға арналмағанын айқындап тұр.
Бұрын мал қора болған мына кішкентай ғана сарай бүгінде көпбалалы отбасының жалғыз баспанасы. Адамға арналып салынбағандықтан үйдің бөлмелері де өте аласа. Мәселен, мына жерді бұрын шошқалар мекен еткен, ал 4 жылдан бері бұл жанұяның қонақжайына айналған.
Анастасия біз дәл осы қонақ бөлмеде қарсы алды. 30-дан асқан келіншек көң сасыған сарайға елдің ескі-құсқысын жинап, үйдің кейпін келтіруге тырысыпты.
Анастасия Кушникова, көпбалалы ана:
- Қыста бөлмелер өте суық, қазірдің өзінде табаннан сыз өтеді. Балалар күнара ауырып қалады, тіпті 11 жастағы балам жиі бұтына жіберіп қояды. Төртеуі де қалалық туберкулез диспансерінде тіркеуде тұр.
Мынау- асхана.Ыдыс-аяққа арналған үстел тұрған орында бұған дейін үй жануарлары жем-су ішкен. Келесі балалар бөлмесі. Ойын қуған бүлдіршіндерге арналған бұл аумақта ірі қара байлаулы тұрғанын көрдім, - дейді отағасы.
Әлихан Болгучев, күйеуі:
- Құжат бойынша бұл сарай. Қолымнан келгенше сылап, сырладым, терезе салдым. Егер, тексеріп келсе, бізді қуып шығуы әбден мүмкін. Өйткені балалармен бұл жерде тұруға мүлдем болмайды.
Анастасия 4 сәбиі үшін 6 жарым мың теңге жәрдемақы алады. Астанада бұл қаржы шиеттей бала-шағаның таңғы тамағына да жетпейтінін айтудың өзі артық. Сондықтан көп балалы ана қосымша еден жуады, ал күйеуі болса, жалданбалы жұмыс істеп нәпақа тауып жүр. Қос бүйірден жоқшылық қысқан отбасыға ел қатарлы кезекке тұрып, баспаналы болуға да мүмкіндік жоқ екен.
Анастасия Кушникова, көпбалалы ана:
- Тұрғын үй департаментіне барсам, сіздің атыңызда жылжымайтын мүлік бар, пәтер алуға кезекке тұра алмайсыз деп кері қайтарады. Сөйтсем, әжемнің атындағы пәтерде менің 9 шаршы метрлік үлесім бар екен. Ол үлес менің 4 балама баспана бола ма?
Бұл отбасының жағдайын айтып қалалық тұрғын үй департаментіне біз де хабарластық. Жауаптылар жылдар бойы қорада қор болған жанұяның мәселесін бүгін-ертең қайта қараймыз деп уәде етті.
Baq.kz