Астана халқының саны 1 миллионға қашан жетеді?
1998 жылдары Елордамыз Астанада небәрі 300 мыңға жуық тұрғын бар еді. Өткен жылдың 1 сәуіріндегі есеп бойынша Астана тұрғындарының саны 752,3 мың адамды құраған.
Он бес жыл бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен Ақмола қаласы (қазіргі Астана) 1997 жылдың 10 желтоқсанынан Қазақстанның астанасы болып жарияланды.
Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі астананы ауыстыру туралы шешімді 1994 жылдың 6 шілдесінде қабылдаған болатын. Осыдан кейін дайындық жұмыстары жүргізіле бастады. Құрылыс қарқынын арттыру әрі инфрақұрылымын дамыту мақсатында 1997 жылы Ақмола қаласында (қазіргі Астана) Ақмола арнайы экономикалық аймағы құрылды. Ол белгілі бір деңгейде жаңа елорданың дамуына өз септігін тигізді. ҚР Президентінің астананы көшіру туралы Жарлығы жарыққа шыққаннан кейін Алматыда Ақмолаға мемлекеттік органдарды қоныстандыру жұмыстары басталды.
Осыдан тұп-тура 15 жыл бұрын Ақмола қазақтың астанасы мәртебесін иеленгенде ағылшындардың The Economis газетінде (1998 жылғы 6 маусым күні) жарық көрген мақалада былай делініпті:
«… 300 мың тұрғыны бар Астана қаласы күн санап өсіп келеді. Ғимараттар құрылысы тәулік бойы тоқтаусыз салынып жатыр. Инвестиция салған әрбір компанияға салықтан жеңілдіктер берілген. Астананың байланыс жүйесі Орталық Азиядағы өзге мемлекеттікіне қарағанда көш ілгері…»
Расында, Астана қаласы ертегілердегі сағат санап, минут санап өсетін батырлардай жыл өткен сайын зәулім ғимараттары бой көтерді.. Қаланың даму процесі даңғылға түсіп, Астанада бір жыл болмаған адам қайта айналып келгенде адам танымастай түлеп, түрленіп отыратын мегополиске айналды. Қаланың өрісі кеңейіп, халықаралық шараларды өткізетін деңгейге жетті. Халқының саны да әу бастағы көрсеткіштен еселене түсті.
Астана қаласы халқының саны 2013 жылғы 1 сәуірде ағымдағы есеп бойынша 785716 адамды, оның ішінде «Алматы» ауданы бойынша – 363990 (46,3%), «Есіл» ауданы бойынша – 105170 (13,4%), «Сарыарқа» ауданы бойынша – 313556 (40,2%) адамды құрады.
2013 жылдың басымен салыстырғанда Астана қаласы халқының жалпы саны 7 476 адамға, соның ішінде «Алматы» ауданы бойынша - 255 адамға, «Есіл» ауданы бойынша - 2427 адамға, «Сарыарқа» ауданы бойынша – 4794 адамға артты.
2013 жылғы қаңтар-наурызда халықтың табиғи өсімі - 4092 адамды, көші-қон өсімі – 3 384 адамды құрады.
2013 жылғы қаңтар-наурызда алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда халықтың тууы мен өлім-жітімі өскені байқалады. Сонымен қатар, халықтың табиғи өсімі өткен жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 12,8%-ға өсіп, 4092 адамды құрады.
2013 жылғы қаңтар-наурыз ішінде жалпы Астана қаласы бойынша 4978 туылған балалар тіркелді, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 10,4%-ға көп.
Егер қала тұрғындарының өсім көрсеткіші дәл осы қарқынынан таймаса, бірер жылдың көлемінде миллионнан асып жығылуы әбден мүмкін.
Жандос СМАЙЫЛ.