Қазақ күйлерінің көпшілігі домбыраға арналып шығарылған
Әрине, домбыра бәрінен бұрын күйдін аспабы. Қазақ күйлерінің көпшілігі домбыраға арналып шығарылған.
Академик Әлкей Марғұлан қазақ эпостарының бес кезеңге бөлген. Қазақ эпостарын тектегенде саралаған тарихи кезеңдер күй аңыздары үшін де ұрымтал кілт бола алатынына күмән жоқ. Ол кезеңдер:
1. Ең байырғы заман;
2. Оғыз Қыпшақ заманы;
3. Тарихи дәуірлер (XIII-XIV), яғни қазақ даласына Жошы ұлысының ірге тебуі;
4. Жоңғар арасындағы екі ғасырға созылған күрес кезеңі;
5. Феодалдық қайшылықтарға қарсы күрес кезеңі;
Бірінші кезеңнің күй аңыздары (яғни күйлері де) жаңаша жыл санауға дейінгі VIII-V ғасырлар мен жаңа заманның VI ғасырдағы аралықты қамиды. Бұған Еуразияның Ұлы даласындағы көшпелілер арасына ислам діні тарағанға дейінгі қиял ғажайып тақырыптарға арналған күйлер, жорық сарындары, жаугершілік кезеңдерде ел есінде қалған айтулы батырлар, ақылды арулар, ерге серік болғандай қанатты пырақтар, киелі жануарлар туралы күйлер мен олардың аңыздары жатады. Мәселен, «Қос мүйізді Ескендір», «Көк төбет», «Көк бөрі», «Аққу», «Сарын», «Өгіз өлген», «Тарғыл бұқа» сияқты күйлер мен күй аңыздарын айтуға болады.
Екінші, оғыз қыпшақ кезеңінің (VI-XII ғғ) күй аңыздары. Бұған Қорқыт ата аңыздары, «Абыз толғауы», Саймақтың сары өзені», «Балжыңгер» сияқты күйлердің аңыздары жатады. Осы заман Қорқыт заманынан деседі. Қорқыт IХ- ғасырда өмір сүрген аңыз кейіпкер. Ол Шыңғыс Уалиханов айтқандай: « Қорқыт алғаш қобыз тартып, сарын айтуды үйреткен ең бірінші бақсы». Бақсылық дәстүрді ұстай отырып, қазақ музыкасының негізін қалыптастырды десе болады. 1975 жылы фольклоршы Мардан Байділдаев және қобызшы Мұсабек Жарқынбеков қызылордалық қобызшы Ысмайыл Шәменұлынан Қорқыттан қалған 10 шақты күйін жазып алды.
Қорқыттан соң үшінші ноғайлы кезеңінің (XIII - XVI ) күйлері. Оғыз қыпшақ кезеңінің аласапыранынан кейін көшпелілердің рулық тайпалық тұтастануы, Алтын орда сияқты айтулы мемлекеттің бой көтеруі осы заманға сәйкес келеді. Тек ол ғана емес, ілгері ғасырлар талқысында тарихи тағдырын ортақтастырған даналық ру тайпалардың саяси одақ құрып, бір бірімен біте қайнасып «қазақ» деген кең мағыналы этникалық атаумен тарих сахнасына шыға бастаған кезеңі осы тұс. Сондықтан да елдің өзін-өзі тұтастыққа тану сапасы мейлінше шыңдалғанын, бір рудың қырбайлығы тұтас елдің қабырғасын қайыстыратын, ел шетінен найзаның ұшы көрінсе тұтас ел болып ереуілдейтінін, әсіресе, фольклорлық туындылардан айқын аңғаруға болады. «Ер Төстік», « Жиренше шешен», «Алдар көсе» сияқты циклданған ертегі-аңыздар, «Алпамыс», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Едіге», «Ер Тарғын», «Ер Қосай», «Ер Шорай», «Ер Жабай», «Орақ-Мамай» сияқты эпикалық жырлар, Сыпыра жырау, Асан Қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Жиренше шешен сияқты жыраулар, тапқыр шешендер бәрі-бәрі сол ноғайлы заманына қатысты.