Атырауда мың адамдық оркестр көк пен жерге күй төкті
Оған еліміздің жеті өңірінен, атап айтсақ, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстары мен Алматы, Астана қалалары мен Ресей елінің Астрахан облысынан келген «Атамұра» ансамблі және кәрі Каспийдің қолтығындағы Атырау өңірінің өнерпаздары қатысты. Құрманғазы бабаның халық арасында кеңінен танылған оннан астам белгілі күйлерін мың өнерпаз бір уақытта орындап, Жайық-Каспий атырабы аспанын күмбірлеген күйге бөледі.
Күй шеруі басталмас бұрын ұлы күйші Құрманғазының күйлері күмбірлеп, фестиваль қатысушылары таныстырылды. Фестивальға қатысушы өнер ұжымдарының есімдері аталып, олар стадион алаңын шеру жасап айналып, көрермендермен амандасқан ізет танытты. Өнерпаз ұжымның алғашқы легін Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанас Бекентұров бастап жүрді. Салтанатты шараға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, күй фестиваліне қатысушыларға «қош келдіңіздерін» айтып, тілегін білдірді.
«Киелі күй елі - Атырауға қош келдіңіздер! - деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сөйлеген сөзінде. - Ел басына туған нәубеттің ауыртпалығы қашанда еңсесі биік ерлердің иығына түсетіні белгілі. Зобалаңға толы заманның жалынына күй құдіреті, күй атасы Құрманғазы да шарпылды. Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем», «Бұқтым-бұқтым», «Арба соққан» күйлері - қазақ елінің басына түскен алмағайып аласапыран кезеңнің хал-күйіне, тарихи-әлеуметтік оқиғаларға, әлеуметтік-психологиялық жағдайларға жарқын айғақ бола білді. Әлемдік музыка мұрасынан орын тапқан Құрманғазы бабамыздың шығармашылығы ғасырдан ғасырға ұласып, күй құдіретін түсінетін ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын».
Ел тарихында бұрын-соңды болмаған мұндай жаңалықты Гиннестің рекордтар кітабына енгізу үшін арнайы мамандар келіп, қатысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Құрманғазының құдіретті күйлері жайында «Қазақ халқы барда, Құрманғазының есімі мәңгі өшпейді» деген болатын. Қазақ халқын әлемге танытқан Мемлекеттік рәміздерімізбен қатар тұратын Құрманғазы күйлерінің де мәртебесі асқақ. ХIX ғасырда дүниеге келген дәулескер күйшінің бүгінде сақталған алпыс сегіз күйін көпшілік жақсы біледі. Қай-қайсысынан да күйшінің замана қасіретін, қоғам шындығын жан-жүрегімен толғағаны анық білініп тұрады. Әсіресе, Исатай мен Махамбет көтерілісіне арнап шығарған ең алғашқы «Кішкентай» күйінен бастап, «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Көбік шашқан», «Қайран шешем», «Кедей зары», «Қызыл қайың - Серпер», «Адай», «Сарыарқа» тәрізді күйлерінен қазақтың болмысымен, арман-ойымен тікелей астасып жатқандығын көруге болады.
Атырауда өткен мың адамдық республикалық фестиваль Құрманғазы бабамыздың күрделі күйлерінің бірі - «Серпермен» ашылды. Оркестрге Атырау облыстық Д.Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, ҚР мәдениет қайраткері Талғат Қамалиденов дирижерлық жасады
Қазақ өнеріне өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор-күйші Шәміл Әбілтайдың Елбасына арнап шығарған «Қазақстан - Нұрсұлтан» деп аталған шығармасы Атырау жұртшылығы алдында алғаш рет орындалды.
Құрманғазы Сағырбайұлын XIX ғасырдағы орыс журналисі Никита Савичев: «Егер еуропалық білім алғанда, ол музыка әлеміндегі ең алып жұлдызға айналар еді», - деп бағалапты.
Фестивальдың соңына қарай белгілі күйші, сазгер, музыканттардың орындауындағы «күй тартысы» көрермендердің жүрегіне жол тапты. Күйді Дина ананың ізбасары, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева күмбірлетіп бастады. Кейін кезекпен еліміздің жеті облысынан келген өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Алматы қаласынан келген дүлдүл домбырашы, сазгер Шәміл Әбілтаев, қарағандылық ҚР мәдениет қайраткері Полат Тәшімов, Маңғыстаудан М.Өскінбаев атындағы республикалық конкурстардың жүлдегері Ғазиза Ұзақбаева, Ақтөбе өнерпаздары атынан қатысқан Қазанғап атындағы республикалық конкурстардың лауреаты Жайлау Асылханов, Атыраудан республикалық конкурстардың лауреаты Серік Әлібеков, алматылық өнерпаз, республикалық конкурстардың лауреаты Батыржан Мықтыбаев, халықаралық конкурстардың лауреаты, астаналық композитор-пианист Арман Жайымов күй құдіретіне берілгені соншалық, ерекше шабыттанып көптің көңілін бір серпілтті.
Жеті облыстан қатысқан өнерпаздар әр өңірде дүниеге келген дүлділ күйшілердің шығармаларын нақышына келтіре күмбірлетті. Соңында Орақ Жауыров дирижерлық еткен мың адамдық оркестр Құрманғазы бабамыздың «Адай» күйін орындаумен күй мерекесі мәресіне жетті.
Республикалық фестиваль кейін оркестрдің орындауында шоқтығы биік Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» симфониялық поэмасына ұласты. Оның дирижері Астана қаласы әкімдігінің ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі Бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов болды.
Фестиваль шымылдығы мың адамдық оркестрдің орындауындағы Қазақ елінің мақтанышына айналған «Сарыарқа» күйімен жабылды.
ҚазАқпарат.