Кіріспе
Ұлтты өзге жұрттан ерекшелендіріп тұратын күш – олардың тарих толқынында жүріп өткен жолындағы жинақтаған салт-дәстүрі, мәдениеті мен өнері, тілі саналады.
Қазақ халқы тәуелсіздік алған күннен бастап отаршылдық кесірінен жоғалған, еріксіз өзгертілген ұлттық құндылықтарын қайтадан қалпына келтіру, дамыту жолында үлкен жұмыстар атқаруда.
Ұлттық құндылықтарымыздың бірі – қазақтың балуандық өнері. Қазіргі «қазақ күресі» деген атпен белгілі күрес түрі елімізде жастарды тәрбиелеуде, спорттық және дене шынықтыру саласынла маңызды жұмыс атқарып келеді. Бірақ дәстүрлі қазақ күресі тарихи қалыптасқан ұлттық болмысынан алшақтап кетті, себебі қазақ күресіне арналған ереже ХХ ғасырда Кеңес үкіметі ұсынған идеологияға сәйкес «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» болып өзгертілген еді. Соңғы кезде қазақ күресіне самбо және дзю-до күрестері ережелерінде қолданылатын элементтер енгізілді.
Моңғол, татар, саха, грузин, тәжік, корей, түрік, жапон, т.б. көптеген елдер өздерінің ұлттық күрестерін тарихи қалыптасқан салт-дәстүрлері бойынша өзгеріссіз сақтап, халықтың рухани байлығы ретінде дамытып келеді. Бізге де асыл қазынамызды қайта өмірге әкелетін уақыт жетті.
Ел арасында «Балуан» атану үлкен дәреже, абырой болып саналған. Қазақ халқы ақын, сері, әнші, күйші, биші, ұста деген сияқты атақтарды өз өнерлерімен елді мойындатқан адамдарға ғана берген.
Кітапта балуандық өнердің ерекшелігі, даму сатылары зерттеліп, тұжырымдар жасалған. Әрине, бұл кітапта келтірілген деректер – балуандық өнерді зерттеудің аз бөлігі.
Зерттеуге мұрағат деректері, естеліктер, баспа бетіндегі мақалалар, ауыз әдебиеті үлгілері, көркем әдеби шығармалардағы балуандық өнер туралы мағлұматтар, жеке адамдармен сұхбат кезінде жинақталған естеліктер енгізілді.
Кітапты жазуда алға қойған мақсатымыз:
1. Ұлттық күресіміздің ұмыт болған түрлерін қайта өмірге әкелу арқылы, болашақ ұрпаққа көне мәдениетіміздің, ұлттық құндылықтарымыздың бай екендігін көрсету, халқын, отанын сүюге тәрбиелеу.
2. Ел арасындағы күш-қайраты мол адамдарды балуандық өнерге тарту, талантты балуандарды табу, оларды ұлттық күрес арқылы тәрбиелеп, үлкен спортқа жол ашу.
3. Қазақ күресін үйрету-жаттықтыру жұмыстарының өзіндік ерекшеліктері бар екендігін ескеріп, қазіргі спорт мектептерінде қалыптасқан жаттығу жұмыстарына өзгерістер енгізу.
Дереккөзі: «Қазақтың балуандық өнері», Елемес Әлімханов.