Масуджима ШИГЕНОБУ: Мемлекеттік тілді бір жарым жылда меңгеріп алдым
Масуджима ШИГЕНОБУ, Қазақ-жапон адам ресурстарын дамыту орталығының оқытушысы: Мемлекеттік тілді бір жарым жылда меңгеріп алдым
...Соңғы кезде шетелден, оның ішінде Жапония мен Германиядан келген азаматтар Қазақстанның мемлекеттік тіліне құрметпен қарап, аз уақыт ішінде бұрын-соңды естімеген қазақ тілін толықтай меңгеріп үлгерген. Жапондық Масуджима Шигенобу қазір қазақша майын тамызып сөйлегенде, оған тілді мұндай деңгейде меңгеруге небары бір жарым жыл кеткеніне сенбейтіндер де табылады, ал Германиядан келген студенттер Игорь Фишер, Катарина Драхе, Сакия Кентер, Алеша Пране де санаулы күндер ішінде қазақша ауызекі сөйлейтіндей деңгейге жетіп қалған. Шетелдік азаматтар тілді меңгеруге бар жағдайдың жасалғанын алға тартады.
Жапон елінің тумасы Масуджима Шигенобу - қазақтың күйеубаласы. Бүгінде үш ұл тәрбиелеп отырған азамат отбасында тек қазақша сөйлейтіндерін мақтан тұтады. Қазақтың салт-дәстүріне бекем. Қазақстан жайлы тұңғыш рет тек 90-шы жылдардың басында, яғни Кеңес одағы ыдыраған соң ғана естіп-білген Масуджима Шигенобу қазақ еліне келісімен мемлекеттік тілді жылдам меңгеріп алған. Ол бар мәселенің ынта-ықыласқа байланысты екенін айта келе, өз әңгімесін былай жалғастырады:
- Мен алғаш рет Қазақстанға 1996 жылы келдім. Үш жылдай Алматыда тұрдым. Кейін елге қайттым. Бірақ 2006 жылы Астанаға біржолата көшіп келдім. Шынын айтсам, мен қазақ тілін Шыңжаң автономиясының астанасы Үрімжі қаласына барып үйренген едім. Қазақ тілін Шыңжаң университетінде оқыдым.
- Сонда қытай қазақтарының да тілді жылдам меңгеруіңізге септігі тиді ме?
- Иә. Әрине, Қытайда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар тек қытайша сөйлейді. Бірақ Қытайда тұратын қазақтар арасында болсаңыз, ондағы қазақтардың өзара тек қазақша сөйлейтінін байқайсыз. Мен бұрыннан қазақ халқының салт-дәстүрі мен тарихына қызығамын. Шынын айтсам, Қазақстан туралы ең алғаш рет Кеңес одағы құлап, Қазақстан дербес мемлекет атанғаннан кейін ғана білдім. Шыңжаң өңіріне саяхаттап барғанымда, ондағы қазақтармен танысып, ел тарихына қызыға түстім. Өз алдыма «енді қазақ тілін үйренейін» деп мақсат қойдым.
- Сіз жапон азаматы бола тұра, қазақ тілін қалай жылдам меңгеріп алдыңыз?
- Жалпы, қазақ және жапон тілдерінің грамматикалық ұқсастықтары баршылық. Сондықтан маған қазақ тілін меңгеру өте оңай болды... Бәлкім, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, ел еңсесін енді көтеріп жатқан кезде әдістемелер жеткіліксіз болған да шығар. Бірақ қазір жаңа заманға сай әртүрлі әдістемелер, оқулықтар, тіл үйрететін білікті де сапалы мамандар да жеткілікті. Бұл арада осында туып-өскен әртүрлі ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді меңгеру шетелдіктерге қарағанда әлдеқайда оңай болуы керек. Себебі олар қазақ тілін кішкентайынан естіп өседі: телеарналар қазақша сайрап тұр, айналаңызда қазақ көршілеріңіз, әріптестеріңіз бен достарыңыз баршылық дегендей. Түптің түбінде, орыстілді азаматтар қазақ тілін түсінеді деп ойлаймын. Менің өзім қазақ тілі түгілі, Қазақстан деген мемлекет жайлы тек 20 жыл бұрын ғана білдім. Ешқашан да естімеген тілді осында келіп меңгеріп алған жоқпын ба?!
- Сонда қанша уақыт ішінде тілді меңгеріп алдыңыз?
- Университетте бір жарым жыл қазақ тілін үйрендім. Кейін тілді жетілдіре түсу үшін өз бетіммен қазақша әдебиеттерді оқып, тілдік қорымды байыта түсуге тырыстым. Жалпы, тілді практикалық тұрғыдан жетілдіру үшін бар жағдай жасалған ғой. Тек мемлекеттік тілді үйренуге ерінбей кірісу керек.
- Яғни тілді меңгеруге он жыл емес, бір жарым жыл да жеткілікті деуге бола ма?
- Бір жағынан, солай айтуға болады. Екінші жағынан, бәрі де әрбір адамның қабілеті мен жеке ықыласына байланысты деп ойлаймын. Маған жеңіл болғаны, университетте алған білімімнен бөлек, өзім де практикалық тұрғыдан қазақтармен көп араластым. Солардың ішінде жүріп, қазақша дұрыс сөйлеуге тырыстым.
- Сіз күнделікті өмірде тек қазақша сөйлейтін боларсыз, жалпы, дүкенде, кафеде немесе басқа да қоғамдық орындарда қазақ тілін қолданудан қиындық көріп жүрген жоқсыз ба?
- Шынын айтсам, қазақ жеріне осыдан 15 жыл бұрын алғаш рет келгенімде, қоғамдық орындарда қазақша сөйлеуде біраз қиындықтар болатын. Кез келген жерге барып, қазақша сөйлесеңіз, орысша жауап беретін. Ол кезде адамдар түсінгеннің өзінде қазақша жауап бермейтін. Мүмкін, бұның бір себебі менің шетелдік болғанымнан шығар деп те ойлаймын. Себебі қоғамдық санада «шетелдіктермен тек орысша сөйлеу керек» деген қатып қалған ой бар. Сондықтан «шетелдіктермен де қазақша сөйлесу керек» деген ойды қоғамдық санада қалыптастыра білген абзал. Қазір кез келген жерде қазақша сөйлесеңіз, сізге қазақша жауап береді. Яғни бүгінгі таңда қазақша сөйлеудің тұрмыстық қиыншылықтары жоқ. Мәселен, Астанада да тілдің даму деңгейі жоғары.
- Сіз отбасыңызбен осында тұрақтадыңыз ғой, жалпы, отбасы мүшелері қай тілде сөйлейді?
- Иә, Қазақстанда тұрақты түрде тұру үшін Жапониядан көшіп келдік. Шынын айтсам, отбасымызда балаларымыз тек қана қазақша сөйлейді. Жапон тілін мүлдем білмейді. Әке ретінде мен оларға, керісінше, жапон тілін үйретуім керек. Негізі, мен қазақ қызына үйленгенмін ғой. Қазақтың күйеубаласымын. Отбасымда үш ұл тәрбиелеп отырмыз.
Қызметім де осында. Қазақ-жапон адам ресурстарын дамыту орталығында оқытушымын. Негізі, орталығымыз - Алматыда. Ал мен Астанадағы бөлімшесінде қызмет етемін. Бұл орталыққа Жапон қоры демеушілік етеді.
- Қазақтар мен жапондардың қандай ұқсастықтары бар деп ойлайсыз?
- Ең алдымен, қазақтар мен жапондардың сыртқы келбеті бір-біріне өте ұқсас. Кейде әрқилы кездесулерде кімнің жапон, кімнің қазақ екенін ажырату қиын. Екіншіден, ғалымдар екі ұлттың генін зерттей келе, қазақтар мен жапондардың гендік сәйкестігінің 80 пайыздан артық екенін анықтапты. Жалпы, басқа халықтарға қарағанда, геніміз соншама ұқсас болған соң, тілдік құрылымымыз да өзара жақын сияқты. Үшіншіден, ұлттық мінез-құлқымыз ұқсас. Жапондар да қазақтар сияқты сыпайы, ұстамды, сабырлы келеді ғой. Оның үстіне, тұрмыстық өмір сүру салты да ұқсас. Қазақтар да, жапондар да атам заманнан жерде дастарқан жайып отырады. Жерге төсек салып жатады. Әйелдер ерлерін сыйлап, құрметтейді. Келген қонақты жылы қарсы алады. Қонаққа артын көрсетпейді. Астанаға келгеніме бес жылдай болды. Бірақ бес жыл ішінде өз елімді қатты сағынған жоқпын. Мұның бәрі қазақ халқының өмір сүру салтымен жапондар өмірінің ұқсастығы болса керек. Өзімді өз елімде жүргендей сезінемін. Жапониядан қазақ еліне қанша мейман келсе де, олар да «Қазақстан тұруға лайықты жер екен» дейді. Жапондарға Ресей немесе Еуропа елдеріне қарағанда, Қазақстанда тұрып, жұмыс істеу қолайлырақ сияқты.
- Алға қойған мақсаттарыңыз қандай?
- Балаларға жапон тілін үйреткім келеді. Бұл менің тіл дамуына қосып жатқан аз ғана үлесім деп ойлаймын. Себебі тіл дегеніміз - дүниенің есігі. Сондықтан қазақ балаларына да дүние есігін ашуға септесу ұстаздық парыз іспетті.
Әңгімелескен
Кәмшат ТАСБОЛАТ
www.aikyn.kz
(материал қысқартылып алынды)