ЖОО білім берумен ғана шектелмей, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту қажет – профессор
Ғаламдық экономикада елдің гүлденуі оның жер қойнауындағы байлығы мен өндіріс қуаттылығының мөлшеріне емес, адамдық ресурсының дамуына байланысты екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан Қазақстанның интеллектуалдық көшбасшылығының негізін қазір қалау қажет. BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында Қ.И.Сәтпаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінің «автоматтандыру және басқару» кафедрасының меңгерушісі Батырбек Сүлейменов осындай пікір білдірді.
«Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында ғылым мен жоғары білім алдында тұрған міндеттер айқын белгіленген. Ең алдымен, бұл – техникалық-кәсіптік білім жүйесінің тиімділігін қалыптастыру және жоғары білімнің деңгейін әлемік стандарттарға жеткізу.
«Осы мақсата Президент Үкіметке биылғы жылдан инженерлік білім мен қазіргі заманғы техникалық мамандықтар жүйесін дамытуға кірісуді тапсырды. Маңыздысы, халықаралық үлгідегі сертификаттар берілуі тиіс. Білім және ғылым министрлігі бұл жұмысты бастап кетті», - деді Батырбек Сүлейменов.
Профессордың айтуынша, бүгінгі күні жоғары оқу орындары білім берумен ғана шектелмей, ғылыми-зерттеу қызметін дамытып, зерттеу құрылымдарын құру қажет.
«Экономиканың басты салалары үшін мамандар даярлайтын, елді экономикалық жаңғырту үшін қажет өзекті ғылыми зерттеулер жүргізетін жетекші қазақстандық жоғары оқу орындарының бірі – Қ.И.Сәтпаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университеті. Университет ғалымдары алдында ғылыми-зерттеу қызметінің жаңа инфрақұрылымын құру міндеті тұр. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрылымдық жұмыстарды жүргізуге жұмсалатын шығын көлемін арттырып, 6 жаңа ғылыми орталық пен зертхана ашып, жұмыс істеп тұрғандарының 80 пайызын жаңғырту қажет», - деп атап өтті техника ғылымдарының докторы.
Бүгінгі күні халықаралық деңгейдегі зерттеу университеті мәртебесін алу мақсатында кәсіптік білім мен ғылымды өндіріспен ықпалдастыру, нарық пен ұлттық экономиканың ағымдағы және болашақ сұранысына орай оқу үрдісін бейімдеу бойынша нақты іс-шаралар қолға алыныпты.
«Биылғы жылы университетте «SCADA-жүйе» жаңа оқу-зерттеу зертханасы ашылған. Онда студенттер, магистранттар мен докторанттар зертханалық қана емес, ғылыми зерттеулер де жүргізе алады. Инженерлік кадрларды дайындауда студенттердің тәжірибе жүзінде заманауи қондырғыларды пайдалануы маңызды. Студенттердің төменгі курстардан қазіргі заманғы құралдарды игеруі түлектердің жаңа білімді кешенді меңгеруге ұмтылысын қалыптастыруға жағдай жасайтын болады. «Автоматтандыру және басқару» кафедрасы шетелдік компаниялармен өзара тиімді байланыс орнатқан», - деп толықтырды кафедра меңгерушісі.
Осылайша оқу процесімен қатар, озық үлгідегі қондырғылармен жабдықталған орталықтар мен зертханалар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін база болып отыр. Соңғы үш жылда кафедра ғалымдары 12 жоба әзірлеген. Тапсырысты кәсіпорындар мен ҚР Білім әне ғылым министрлігі берген.
«Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазтрансойл», «ИнтергазЦентральнаяАзия», «Қазфосфат» кәсіпорындарында технологиялық үрдісті автоматты басқару жүйесі енгізіліп, техникалық жобалар әзірленді. 2013 жылы кафедра ғалымдары жалпы сомасы 200 млн. теңге болатын ғылыми-зерттеу жобаларының байқауына өтініш берді. Бұл ретте кейбір магистрлік және докторлық диссертациялардың болашақ инновациялық жобалар үшін жақсы негіз бола алатынын айту керек. Қазіргі уақытта магистратураға бакалавриат түлектерінің 25 пайызын қабылдаймыз. Ал магистратураның үздік 5-6 түлегі жыл сайын кафедра жанындағы докторантураға түседі», - деді ол.
Кафедра қызметін жетілдіру бойынша жасалып жатқан мақсатты жұмыс «Автоматтандыру және басқару» мамандығының ASIIN (Германия) агенттігінде халықаралық аккредитация алуына мүмкіндік берген.
«Бұл мамандық бойынша бакалавр мамандарын шығаратын 16 кафедраның ішінде білім бағдарламалары ұлттық рейтінгісінде жыл сайын бірінші орын аламыз. Осылайша, кафедрада құрылған ғылыми-зерттеу инфрақұрылым білім, ғылым мен өнеркәсіп өндірісін ықпалдастыру бағытындағы міндеттерді сәтті орындауға мүмкіндік береді» - деп сөзін аяқтады Батырбек Сүлейменов.
Айымгүл Әбілева
Bnews.kz,
15.03.2013 ж.