Тың игеру
1956 жылы Қазақстан ең бірінші миллиард пұт астықты тапсырды. Ф.К.Кәрібжанов тың игеру науқанында басты жауапкершілікті атқарды. Тың игеру науқанындағы алғашқы штабты Л.И.Брежнев басқарғанмен, ол бұл жұмысты ауылшаруашылық саласының хатшысына тікелей тапсырды. 1955 жылдың аяғында Қазақстанда 631 совхоз болса, оның 337-сі бір жылдың ішінде жаңадан құрылған кеңшарлар, оларды тек қана ауылшаруашылық техникасымен жабдықтау емес, ондағы адамдардың қажетін у-шусыз орындау үлкен қиындықтар туғызды. Ф.Кәрібжанов қай қызметте жүрсе де ең басты мәселе – адамның мұқтажы деп білген ұстанымын тың игеру науқанында да жүзеге асыра білді. Сол үшін де оны тың игерушілер жоғары бағалады. Кәрібжанов маман, оқымысты-агроном ретінде жыртуға арналған жерлерді зерттеп, таңдап алып, іске жарату жолында үлкен білгірлігін танытты. Ол бұл жұмысқа сырттан емес, өз еліміздегі топырақ зерттеу мамандарын, жер таңдағыш, жер өңдегіштер мен агрономдарды, гидрогеологтарды жұмысқа қызу жұмылдырды.
Тың игерудің қазақ халқы үшін, әсіресе, ұлттық тілдің аясы тарылып, өзге халықтармен салыстырғанда сан пайызының төмендеуі сияқты қиындықтары аз болмаса да, Қазақстан астықты алқапқа айналды. Бүгінгі таңдағы жаңа техника мен технологияларды пайдалану арқылы «бүкіл одақтың» бұрынғыдай көмегінсіз біздің ел әлемдегі ең алдыңғы қатарлы астық өнімінің ордаларының біріне айналды. 2011 жылы тек қана Солтүстік Қазақстан облысы 9 млн. тонна астық берді. Тың игерудің ұлтымыз үшін әкелген кеселдері Тәуелсіздіктің арқасында өз зардабын азайтып келеді, бірақ тіл мәселесі әлі де алаңдатып отыр.
Тың игеру кезіндегі орасан еңбегі үшін Ф.К.Кәрібжанов Ленин орденімен марапатталды. Бұл Қазақстан ауыл шаруашылығының көш басындағы бас сардарының айқын танылғаны деп білеміз. 1957 жылы Ф.К.Кәрібжанов Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Қазақ ұлтының айтулы өкілі үшін бұл зор дәреже-тін, өйткені, ол кезде 1-ші хатшыны үнемі Мәскеуден жіберетін. Бұл жауапты жұмысты лайықты атқару жолында Кәрібжановтың ауыл шаруашылығының барша қыры мен сырын терең білетіндігі себін тигізді. Ал Қазақстанның индустриялық өрлеуін одан әрі алға бастыру үшін Қарағанды облысында алған тәжірибесі қанағаттандырды. Халықтың тұрмыстық, үй-жайлық, медициналық жағдайларын түзеу жолында жаңа екінші хатшы өзінің бар ынта-жігерін салды. Ел еңсесі көтеріле бастады.
Жаңа жұмыстың барысында жасынан әдебиет пен мәдениетке үйір болған Фазыл аға шығармашылық ұйымдарына, жазушыларға, суретшілерге, сәулет өнері мен мүсіншілерге көңіл аударуды ұлғайтты. 1958 жылы Алматы телестудиясы іске қосылды, бұл ол кездегі үлкен жаңалықтың басы-қасында Ф.К.Кәрібжановтың болғаны көпшілікке аян іс. 1958 жылдың 12 желтоқсанында Фазыл Кәрібжановтың «Правда» газетінде «Ұлы идеялар қанаттандырған мәдениет» атты мақаласы жарық көрді. Бұл еңбегінде ақ патшаға отар кезімізде бірде-бір театр болмағанын ашық айтты. Сонымен бірге, Қазақстанның өнер саласындағы жетістіктерін атап, кемістіктерінің жойылу жолын көрсетті. Осы мақаласында музыка зерттеуші композитор А.В.Затаевичтің қазақ халқының 2300 музыкалық шығармаларын жинақтап, музыкалық нотаға түсіргенін мақтаныш ретінде келтіріпті. Өйткені, Затаевичтің бұл еңбегі қазақ өнерінің зор байлығын бүкіл әлемге паш етті. Өзіндік өрісі бар музыка саласында қазақ халқының ерекшеліктерінің кең танылғанын деректі сөз етіпті.
Кәкімбек Салықов, «Егемен Қазақстан».