Жаңалықтар

"Мақтаса Фазекеңді Қарағанды"

Қазақ халқының ардақты ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның өркендеу жолында ерен еңбек атқарған асыл азамат Фазыл Кәрімұлы Кәрібжанов – кісілікке кір шалдырмай, адам деген ұлы атқа дақ түсірмей өткен рухы биік парасатты нар тұлға. Мен Кәрібжанов туралы Жезқазған шахталарында кеншілік қызметімді атқарып жүргенде еміс-еміс естуші едім. Толығырақ мағлұматты Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы Файзолла Серғазин ағайдан алдым. Орталық партия комитетінің шақыруымен Жезқазғандағы Қ.И.Сәтбаев атындағы кен-металлургия комбинаты парткомының хатшысы ретінде жол түсіп, іссапармен Мәскеуге келдім. Файзолла ағайдың Кунцеводағы Орталық емханада жатқанын білетінмін. Іздеп барып, хал-ахуалын біліп, көңілін сұрайын деп палатасына кірсем, Файзекең өте жүдеп кетіпті. Сәлемдесіп, қол алысқаннан кейін ол кісі: «Айналайын, көптен-көп рахмет! «Жөн білгеннің жолы түскіш» деуші еді қазағым, «кіргізбеді» деп телефон соғатындар аз емес, ал бұл кездесуді Сарыарқа көшіп келгендей көріп, ішім жылып кетті», деп тебіренді. «Аға, сіздің Жезқазғанда жолыққан екі сапарыңыз мен үшін өшпестей із қалдырды. Шахта басқарып жүргенде партия қызметіне жүрексіне барып едім, сіздің келіп, алғашқысында енжарлау басшыларды бір сілкінтіп кетіп, келесі жолы өз уәдеңізді орындап, жезқазғандықтарды шұғыл тәртіпке шақырғаныңыз мен үшін үлкен сабақ болды», деп өз пікірімді аян еттім. Алдындағы сусыннан шамалы ғана бір жұтты да, ауру меңдеп алған нұрлы жүзімен ақырын ғана бір жымиды. Содан кейін: «Ей, інішегім-ай, «Орталық Қазақстан» газетіндегі өлеңдеріңді оқып бір қуанып едім, көңілімді тағы да бір көтердің, жастарға үлгі бола білсек одан артық не керек? Бірақ, біздің басқарушы тәсіліміз де, әдісіміз де Фазыл ағаның мызғымас талапкерлігінің үзімі ғана ғой. Мен өзімді Кәрібжановтың шәкіртімін деп есептеймін»,– деп тамаша әңгімелерді қысқа-қысқа өте тартымды айтты да: «Фазыл аға облыстық партия комитетінің екінші хатшысы кезінде оны жұрт біріншімен пара-пар сыйлайтын, өйткені, жұмысқа деген қатал тәртіпті қаншалықты зор міндетпен ұстанса, адамға деген сыйластықты да соншалық ізетпен сақтай білетін. Ол кісі адам үшін, ел үшін жаратылған ұлы тұлға ғой, ауыл шаруашылығының көрнекті маманы екенін танытқаны бір төбе, жер астындағы шахтерлік өмірді де, металлургтердің жалын атқан жағдайларын да игеріп алды. Қысқаша айтсам, Қарағандыны қазақтандырды. Елжандылық, ұлтжандылық, дәстүр сыйлағыштық қасиеттерді Фазыл ағадан көрдік. Іске берік, жаны жомарт, адамға деген мейірімі шексіз, ерекше салмақты ұлы тұлға, нар еді ғой», деп әлде бір толғаныспен үнсіз тоқтады. Осы жолы Файзолла ағаның әңгімесінің әсерінен қойын дәптеріме: Мақтаса Фазекеңді Қарағанды, Ұлы жер қазақтанды, жаңаланды. Ұлтжанды асыл тұлға ерте кетіп, Жүрегім кенші күнде жараланды, – деген шумақ түсті. Кейін тап осы сарындас әңгімелерді облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Мақат Рымжанов ағадан да естіп едім: «Өз заманындағы өте ірі тұлға еді, әттең, шіркін, ерте кетті, ол ұлтымыздың қорғаны болатын»,– дегені жадымда өшпестей сақталды. Одан кейін Халық қаһарманы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Қаныш Сәтбаевтан кейін президенті болған Шафық Шөкиннен және кезінде Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы, Тың өлкесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Хасен Нұркеев ағайдан да көп естідім. Бұл екі ағамыз да Фазыл Кәрімұлымен бірге оқып, қара нанды бөле жеген студенттік достары болып шықты. Шафық аға сол кездегі қалтаның тақырлығынан көрген қиыншылықтарды әңгімелеп, қосалқы жұмыстарға жегіліп нан тапқан сәттерін өте қызғылықты жеткізетін. Ал Хасен ағай Фазыл ағаның адамгершілік, кісілік, парасаттылық қасиеттерін өте жоғары бағалап, тамаша мысалдар келтіретін. Әсіресе, сол кездегі саяси өмір, әлеуметтік жағдайларға байланысты студенттік үйірмелерде белсенділік көрсетіп, өзінің адал ұғымын ашық айтатынын талай естідім. Нақтылай келгенде, Мағжанның күрескерлік жалыны оның ұлтына деген жанашырлықтан лаулаған от екенін дәлелдеп, ақтаңгер ақынның өлеңдерін жатқа айтып, мысалға келтіріп жүріпті. Екі ағамыздың жан тебіреністерінің ортақ желісіне тоқталсақ, Фазыл ағаның терең біліміне сай парасаттылық ана сүтімен сіңген абзал мінезі екен. Ал, Қазақстанға жетіп қызмет атқара бастағанда бұл асыл қасиеттері бабалардың әруағы жебеп, ұлғая түсіпті. Кәкімбек Салықов, «Егемен Қазақстан».
23.04.2013 06:07 2803

Қазақ халқының ардақты ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның өркендеу жолында ерен еңбек атқарған асыл азамат Фазыл Кәрімұлы Кәрібжанов – кісілікке кір шалдырмай, адам деген ұлы атқа дақ түсірмей өткен рухы биік парасатты нар тұлға.

Мен Кәрібжанов туралы Жезқазған шахталарында кеншілік қызметімді атқарып жүргенде еміс-еміс естуші едім. Толығырақ мағлұматты Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы Файзолла Серғазин ағайдан алдым. Орталық партия комитетінің шақыруымен Жезқазғандағы Қ.И.Сәтбаев атындағы кен-металлургия комбинаты парткомының хатшысы ретінде жол түсіп, іссапармен Мәскеуге келдім. Файзолла ағайдың Кунцеводағы Орталық емханада жатқанын білетінмін. Іздеп барып, хал-ахуалын біліп, көңілін сұрайын деп палатасына кірсем, Файзекең өте жүдеп кетіпті. Сәлемдесіп, қол алысқаннан кейін ол кісі: «Айналайын, көптен-көп рахмет! «Жөн білгеннің жолы түскіш» деуші еді қазағым, «кіргізбеді» деп телефон соғатындар аз емес, ал бұл кездесуді Сарыарқа көшіп келгендей көріп, ішім жылып кетті», деп тебіренді. «Аға, сіздің Жезқазғанда жолыққан екі сапарыңыз мен үшін өшпестей із қалдырды. Шахта басқарып жүргенде партия қызметіне жүрексіне барып едім, сіздің келіп, алғашқысында енжарлау басшыларды бір сілкінтіп кетіп, келесі жолы өз уәдеңізді орындап, жезқазғандықтарды шұғыл тәртіпке шақырғаныңыз мен үшін үлкен сабақ болды», деп өз пікірімді аян еттім.

Алдындағы сусыннан шамалы ғана бір жұтты да, ауру меңдеп алған нұрлы жүзімен ақырын ғана бір жымиды. Содан кейін: «Ей, інішегім-ай, «Орталық Қазақстан» газетіндегі өлеңдеріңді оқып бір қуанып едім, көңілімді тағы да бір көтердің, жастарға үлгі бола білсек одан артық не керек? Бірақ, біздің басқарушы тәсіліміз де, әдісіміз де Фазыл ағаның мызғымас талапкерлігінің үзімі ғана ғой. Мен өзімді Кәрібжановтың шәкіртімін деп есептеймін»,– деп тамаша әңгімелерді қысқа-қысқа өте тартымды айтты да: «Фазыл аға облыстық партия комитетінің екінші хатшысы кезінде оны жұрт біріншімен пара-пар сыйлайтын, өйткені, жұмысқа деген қатал тәртіпті қаншалықты зор міндетпен ұстанса, адамға деген сыйластықты да соншалық ізетпен сақтай білетін. Ол кісі адам үшін, ел үшін жаратылған ұлы тұлға ғой, ауыл шаруашылығының көрнекті маманы екенін танытқаны бір төбе, жер астындағы шахтерлік өмірді де, металлургтердің жалын атқан жағдайларын да игеріп алды. Қысқаша айтсам, Қарағандыны қазақтандырды. Елжандылық, ұлтжандылық, дәстүр сыйлағыштық қасиеттерді Фазыл ағадан көрдік. Іске берік, жаны жомарт, адамға деген мейірімі шексіз, ерекше салмақты ұлы тұлға, нар еді ғой», деп әлде бір толғаныспен үнсіз тоқтады. Осы жолы Файзолла ағаның әңгімесінің әсерінен қойын дәптеріме:

Мақтаса Фазекеңді Қарағанды,

Ұлы жер қазақтанды, жаңаланды.

Ұлтжанды асыл тұлға ерте кетіп,

Жүрегім кенші күнде жараланды, –

деген шумақ түсті. Кейін тап осы сарындас әңгімелерді облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Мақат Рымжанов ағадан да естіп едім: «Өз заманындағы өте ірі тұлға еді, әттең, шіркін, ерте кетті, ол ұлтымыздың қорғаны болатын»,– дегені жадымда өшпестей сақталды.

Одан кейін Халық қаһарманы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Қаныш Сәтбаевтан кейін президенті болған Шафық Шөкиннен және кезінде Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы, Тың өлкесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Хасен Нұркеев ағайдан да көп естідім. Бұл екі ағамыз да Фазыл Кәрімұлымен бірге оқып, қара нанды бөле жеген студенттік достары болып шықты. Шафық аға сол кездегі қалтаның тақырлығынан көрген қиыншылықтарды әңгімелеп, қосалқы жұмыстарға жегіліп нан тапқан сәттерін өте қызғылықты жеткізетін. Ал Хасен ағай Фазыл ағаның адамгершілік, кісілік, парасаттылық қасиеттерін өте жоғары бағалап, тамаша мысалдар келтіретін. Әсіресе, сол кездегі саяси өмір, әлеуметтік жағдайларға байланысты студенттік үйірмелерде белсенділік көрсетіп, өзінің адал ұғымын ашық айтатынын талай естідім. Нақтылай келгенде, Мағжанның күрескерлік жалыны оның ұлтына деген жанашырлықтан лаулаған от екенін дәлелдеп, ақтаңгер ақынның өлеңдерін жатқа айтып, мысалға келтіріп жүріпті. Екі ағамыздың жан тебіреністерінің ортақ желісіне тоқталсақ, Фазыл ағаның терең біліміне сай парасаттылық ана сүтімен сіңген абзал мінезі екен. Ал, Қазақстанға жетіп қызмет атқара бастағанда бұл асыл қасиеттері бабалардың әруағы жебеп, ұлғая түсіпті.

Кәкімбек Салықов, «Егемен Қазақстан».

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға