Алты перзенті де ғалым
Әбекеңмен бірге қызмет істеген адамдар оның өз ісіне шын берілген адал болғанын, сонымен бірге жастарға қамқоршы жақсы аға болғанын да айтты. Мәселен, Әбекеңнен кейін басбух болған Л.Копыльцова, қатардағы бухгалтер болған Л.Жахина оның өз ісін терең меңгерген кәсіби маман болуымен қатар, адамгершілік қасиеттерінің де зор болғанын ауызға алды. Екеуі де бухгалтерлік қызметтің қыр-сырына бізді үйреткен Әбекең еді деп ризашылықтарын білдірді. Ол жұмысқа да, қара басына да, отбасына да қатаң талап қоятын. Балаларының оқуына үнемі көңіл бөліп, сергектік танытып жүретін еді, дей келіп, Л.Копыльцова Мұраттың өзге балалардан гөрі “тентектеу”, пысық әрі алғыр болғанын еске алды.
Жоғарыда айтқан Қасым Жүнісов ақсақал Әбекеңнің былайғы жұрт біле бермейтін тағы бір сырын айтты. “Әбеке-ау, сонша баланы қалада тұрып қалай асырадыңыз, әрі Алматы мен Мәскеуде қалай оқытып жүрсіз?” дегенде ол: “Ішің білсін, банкіден 10 мың сом ссуда алдым, оны өзім ақырын-ақырын төлеймін, сосын ертең балаларым қызметке тұрған соң еңбекақыларынан төлеп құтыламыз”, деген екен. Бұл да өз заманының озық, іскер адамының ғана қолынан келетін іс, әрине.
Әбекеңнің зайыбы Мүнира апай да барынша қарапайым қазақ әйелдерінің бірі болған. Ол үйін, отбасын, ас-суын таза ұстап, кілең орыс мектептерінде оқитын балаларының басқа жұрттың алдында киімі мен бойларының тазалығынан ұялып қалмауын қатты қадағалайды екен. 2008 жылы 96 жасында Алматыда қайтыс болды.
Міне, отбасында өмірге келген алты баласын да жақсы оқытумен қатар тегіс ғалым қылып шығарған әке мен шеше туралы азды-көп білгеніміз осы болды. Сонымен, Айтхожиндердің ғажап отбасынан шыққан балалар кімдер еді:
1.1933 жылы туған Нариман – 1951 жылы мектепті алтын медальға бітіріп, атақты МГУ-дің физика факультетіне түседі. Оны 1956 жылы үздік бітірген. Ұзақ жылдар бойы Мәскеудің “Радиоприборостроения” ғылыми-зерттеу институтында қызмет етеді. Атауы солай болғанымен бұл Мәскеуді әуе шабуылынан қорғау жүйесіне енетін құрылым екен. Ол өз қызметі туралы ешкімге айтпайтыны да содан секілді. Мектепте бірге оқыған досы Марк Виткиннің айтуына қарағанда, бір рет орталық ТВ-дан Мәскеудің әуе қорғанысы туралы әңгіме болып жатқанда кілең әскерилердің ортасында отырған 2-3 азаматтық киімдегілердің бірі Нариман болыпты… Ол техника ғылымдарының докторы, халықаралық Информатика академиясының мүшесі. Мәскеу қаласында тұрады.
2. 1935 жылы туған Сабыр ол да мектепті алтын медальға аяқтап, сол МГУ-дің физика факультетін бітірген. Жарты ғасырға жуық Мәскеу түбіндегі Фрязино қаласына орналасқан РҒА радиоэлектроника институтында аға ғылыми қызметкер болып істеді, физика-математика ғылымдарының кандидаты, Мәскеуде тұрады.
3. 1937 жылы туған Марат – Алматыдағы геология институтын (кейін Қазақ политехникалық институты) бітірген, геология-минерология ғылымдарының кандидаты. Алматы қаласында тұрады.
4. 1939 жылы туған Мұрат – 1986-1987 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болды, академик, Лениндік сыйлықтың лауреаты, биология ғылымдарының докторы. Бұл кейіпкеріміз туралы біз кейінірек толығырақ айтамыз.
5. 1946 жылы туған Нағима – 1999-2002 жылдары ҚР ҰҒА президенті болды. Академик, биология ғылымдарының докторы, ағасы Мұрат Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия ғылыми-зерттеу институтының директоры лауазымында жиырма жылдан астам уақыт қызмет істейді.
6. 1950 жылы туған Нәзира – Микробиология ғылыми-зерттеу институтында қызмет істейді. Биология ғылымдарының докторы, Алматы қаласында тұрады.
Міне, барша қазақ мақтануға тұратын осындай әулетті қалай ғажайып отбасы демессің?.. Әбекең 70-ші жылдардың басында балалары қызмет істейтін Алматыға қоныс аударған. Ол қартайған шағында ұрпақтарын мақтан тұтып өткен екен өмірден. Қалай мақтанбасын. Ол түгілі араларынан осындай отбасы шыққанына бүкіл қазақ мақтанса, соған тұрарлық емес пе?
Жанат Түгелбаев, «Егемен Қазақстан»